Волейболдан турнир өтті

Бүгінде қала-аудандардан өзге ауылдық жерлерде де қалың бұқараның салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыруға деген қызығушылығы  артып келеді. Оның бір дәлелі – шалғайдағы ауылдарда да спорт алаңшалары салынып, онда келушілер саны көбеюде. 

Жуырда Ордабасы ауданында «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты облыс жастары арасында волейболдан ерекше турнир өтті. Төрткүл ауылында облыстың қала-аудандарынан келген 11 команда бас қосты.  Іс-шараны қолдауға ауыл жұрты да көп жиналды. 
Тартысты өткен бәсекеде Төрткүл ауылының командасы (капитаны – Нұрбол Назарбек) бірінші орынды иеленіп, ойыншыларына медаль, ұжымға кубок табысталды. Оған қоса ауыл округі әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңгеге ие болды. Екінші орын Бәйдібек ауданының командасына (капитаны – Ғалымжан Мергенбайұлы) бұйырып, 150 мың теңге ұтып алды. Ал, үшінші орын – қола медаль мен 100 мың теңге сыйақы Түлкібас ауданының волейболшыларына (капитаны – Қуат Жұмабек) бұйырды. Төртінші орындағы ХҚТУ жігіттері (капитаны – Марат Божбанбаев) ынталандыру сыйлығы – 50 мың теңгені алып қайтты. 
Осынау жарысты ұйымдастырып, іс-шараға демеушілік еткен Төрткүл ауылының тумасы, кәсіпкер Айбек Қанышұлына ауыл тұрғындары ризашылығын жеткізді. Ал, кәсіпкер ақсақалдарға шапан жауып, батасын алды. Спорттық іс-шараның соңында көпшілікке арнап ас беріліп, Құран оқылды.

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз