Кәсіпкері көп Қасқасудың несібесі де мол

Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында елдегі әлеуметтік және саяси мәселелерге кеңінен тоқталғаны мәлім. Соның ішінде ауыл әкімдерін сайлау жүйесін өзгерту де бар. 

Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтайтын болды.
Міне, Президенттің осындай жаңа бастамасының нәтижесінде сайланған ауыл әкімдерінің бірі – Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылдық округінің әкімі Мейіржан Ермаханбетов. 2021 жылы 25 шілдеде халық өз таңдауын жасап, өзгеге емес, оған сенім жүгін артты. Тегінде әр адам өзінің ұшқан ұясының, өскен, өмір сүріп жатқан ортасының гүлденіп, дамығанын қалайтыны белгілі. Мейіржан Сейфуллаұлы да ауылдастарының сеніміне селкеу түсірмей, туған өлкесін өркендетуге өзінің бар күш-жігерін жұмсап келеді.
– Біздің Төлеби ауданы, оның ішінде Қасқасу ауылдық округі туристік аймақта орналасқанын жақсы білесіздер. Әсіресе, жаз күндерінде шетелдерден және өз еліміздің түкпір-түкпірінен 5-6 мыңға жуық турист келеді. Олардың саны жылдан- жылға арта түсуде. Олар біздің табиғатымызға, көрікті тауларымызға тамсанып кетеді. Біздің басты бағытымыз – соларға жағдай жасау, есте қалатындай, ұзақ уақыт айта жүретіндей демалыс ұйымдастыру, – дейді ауыл әкімі бізбен әңгімесінде.
Мейіржан Сейфуллаұлының негізгі мамандығы – ұстаздық. Ол Шымкент қаласындағы 
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін химия және биология мамандығы бойынша бітірді. Содан кейін Халықтар Достығы университетінде ботаника пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Кейін отбасылық жағдайына байланысты туып-өскен ауылына оралған. 2008 жылы Қасқасу ауылындағы 500 орынды үлкен Мәдениет үйінің директоры болып тағайындалды. Осы басшылық қызметте 14 жыл отырды. Өз ауылынан алысқа ұзамағандықтан  оның проблемаларын жетік білетін, іс тетігін шеше алатын, жанашыр, патриот азаматты ауылдастарының бірауыздан әкім сайлағаны да содан. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деп жазып қалдырған қанатты сөзіндей, дәл қазіргідей күрделі уақытта әкімдік қызметінде білімді де білікті кадрлар отырғаны дұрыс-ақ.
Қасқасу ауылдық округі құрамына Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендері кіреді. Мұндағы тұрғындар саны бес жарым мыңға жуық. Дені мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, туризм бағытында жұмыс істейді. Төлеби өңірі туризмге өте қолайлы аймақ екендігі әмбеге аян. Сол себепті Қасқасудағы жеке кәсіпкерлердің заманауи типтегі демалыс орындары, қазақы нақыштағы киіз үйлері көздің жауын алады. Бүгінде Қасқасу ауылдық округінде 27 демалыс орны бар. 
Ауыл әкімі кәсіпкерлерді қолдауға көбірек көңіл бөлетінін айтты. Олар да өз кезегінде ауылдарын көркейтуге, көгалдандыруға өзіндік үлестерін қосуда. «Ауылымызда құсбегілікті отбасылық кәсіпке айналдырып отырған Жомарт Кеуенов деген азамат бар. Бұл атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Кешегі өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында облыстың, ауданымыздың намысын қорғап, жүлделі орынды еншілеп келгені біз үшін үлкен мәртебе» дейді Мейіржан Сейфуллаұлы.
Ол Керегетас ауылының тумасы Талғат Сейітов деген үлкен кәсіпкерге өтініш жасағандарында сөзін жерге тастамай, ауылда құны 150 млн. теңге тұратын спорт кешенін салып бергенін айтты. Ол «Спорт және өнер кешені» деп аталды. Себебі, онда түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Бір бөлмені арнайы болашақ суретшілер даярлауға арнаған. Мұның себебі де жоқ емес, ҚР Суретшілер одағының 17 мүшесі осы Қасқасу ауылында туып-өскен азаматтар екенін тұрғындар мақтаныш етеді. 
Бүгінде жер-жерде спортқа қатты көңіл бөлінуде. Соның тағы бір жарқын мысалы, Кеңесарық ауылында жеке кәсіпкер Ермек Сарбасов өзінің жеке қаржысына спорт нысанын салдыруда. Құрылыс келесі жылға өтпелі, десе де бүгінде  жұмысшылар оның қабырғасын көтеріп, төбесін жауып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына қызу кірісіп кеткен. Бұдан бөлек, Кеңесарықта жергілікті екі жарым мыңнан астам халық үшін заманауи типтегі медициналық пункт құрылысына тендер ойнатылып, жеңімпаз анықталды. Қазіргі таңда оның құрылысы да басталды. Айналасын қоршау, абаттандыру, көгалдандыру сынды атқарылуы тиіс барлық жұмыстарын қоса есептегенде нысанның жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды. 
– Қасқасу мен Керегетас бағытында аумағы 4 гектар жерді алып жатқан, бұрын балалар лагері болған нысанды Ержан деген кәсіпкер өз  бастамасымен, жеке қаражатымен заманауи типті сауықтыру лагеріне айналдырды. Осылайша биыл жазғы емдеу-сауықтыру орталығына әр облыстан 150 бала жиналды. Осылардың арасынан жартылай ата-анасынан айырылған, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жеңілдік қарастырылды. Лагерьде демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Балалар бес мезгіл тамақпен қамтылды, түрлі үйірмелер жұмыс істеді, – дейді ауыл басшысы.
Керегетас ауылында Майдантал деген көше бұрын ешқандай жөндеу көрмепті. Кейбір аумағын жеке адамдар меншіктеп, қоршап алған екен. Соның құжаттары реттестірілді. Өзара ортақ мәмілеге келу арқасында заңды тұрғыда жекеменшікке өтіп кеткен тұстары кері қайтарылып, қалпына келтірілді. Қазіргі таңда бұл көшеде асфальт төселіп, түнгі жарықшамдар қойылған. Сонымен қатар, 2022 жылы Қасқасу ауылдық округіне қарасты төрт ауыл да газбен толықтай қамтамасыз етіліпті. Айта берсек, атқарылған қыруар тірлік көп. Әсте оның бәрін жіпке тізе бергенді жөн санамадық.
Бір білеріміз, Мемлекет басшысының жергілікті әкімдердің сайлауын өткізу бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай ықпал етті. Әрекеті бар әрі білікті әкімдердің іс басына келуі талай проблемаларды шешетініне сеніміміз кәміл.

Суреттерді түсірген 
Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз