«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»

Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлжан Жолдасова – тәжірибелі ұстаз. 1999 жылдан бастап  Қожа Ахмет Ясауи атындағы, одан кейін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан  университеттерінде ұстаздық етті. Бүгінде дарынды балаларды ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға, түрлі интеллектуалдық жобаларға даярлап, шәкірттердің ғылыми-шығармашылық ізденістерін арттыруда жемісті еңбек етіп келеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген хәкім Абайдың сөзін берік ұстанып, оқушыларға ана тілінің қасиетін ұғындырып, әдебиетке баулып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі. Оның 50-ден аса  ғылыми-әдістемелік мақалалары мен бірнеше  оқу-әдістемелік құралы жарық көрген. 2021 жылы ҚР Білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бала жанына үңіле білген тәжірибелі тәлімгермен аз-кем сұхбаттасқан едік. 

–  Қазіргі мұғалімнің келбеті қандай? Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, баланың оқуға деген құштарлығын оятып жүр ме? Бүгінгі  ұстаз қоғамда  тұлға деңгейінде қабылдана ма?
– Сіз айтқан  «мұғалім келбеті» деген сөзді мен «мұғалім болмысы» ұғымымен алмастырып қолданғанды жөн көріп отырмын. Себебі, мұғалім қызметінің мәнін болмыс сөзі дәлірек ашатын секілді. Келбеттің келісті болуы сөз жоқ, маңызды шарттардың бірі. Алайда, болмысында  ұстаздық қасиеті жоқ адамның келісті келбеті мәселені шеше алмайды. Сондықтан мұғалім болмысы оның қоғамдағы келбетін танудың басты кілті  болуы  тиіс деп есептеймін. 
Оқыту – мәніс (А.Байтұрсынов теориясы) пен әдісті  үйлестіріп, шығармашылықпен астастыра жүргізетін  жұмыс. Білім, тәжірибе мен өнер мұғалім болмысынан аңғарылып тұруы керек. Білімін   оқыту өнерінің әдістері арқылы  шәкіртінің көңіліне құя білген ұстазды тұлға деп есептесе болады. Алайда, мұның оңай  еңсерілмейтін шаруа екендігін ұстаздар  қауымы жақсы біледі. Кейбір білімді ұстаздың әдісі кем болса, кейде әдіске жетік маманның білімінен кемдік көрініп қалады. Десек те ұстаздың  елге тұтқа болатын тұлға – мықты шәкірт  тәрбиелеп шығаруы бәрінен  маңызды деп ойлаймын. 
– Елімізде біраз жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ұстаздардың қоғамдағы статусы айқындалып, әлеуметтік жағдайлары жақсарды. Әйтсе де мәселе материалдық жағдаймен шектелмейді ғой.  Жалпы, ұстаз мәртебесі дегенді қалай түсінесіз?
– «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанда  шын қуандық. Білім беретін адамға құрметі жоқ елде болашақ болмайды. Себебі, қай дәуірде де ата-бабамыз мұғалімдік істі ең абыройлы қызметтің қатарына жатқызған. Ілім игерген кісіні айтпағанның өзінде  сауаты бар кісіні қадірлегенінің өзі көп жайды аңғартады. Мағжан ақынның «...алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын, төр –  мұғалімдікі» деуі бекер емес. Демек, «ұстазға құрмет көрсету шәкіртке міндет» қана емес, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету деген сөз. Педагог мәртебесі, менің ойымша, елдің мәртебесі. 
– Ұстаздың бойында қандай қасиеттер болу керек деп санайсыз?
– «Баланың көңіл сарайын танитын» (А.Байтұрсынұлы) ұстаз шәкіртінің шырағын қалай жақсам екен деген ойда жүреді деп сенемін. 
– Орта білім  саласында қандай өзекті проблемалар бар? Жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз? 
– Меніңше, мұғалімдік қызметті мемлекеттік  маңызы  зор іс  деп ұғынбайынша, білім сапасы арта қоймайды. Олай деуімнің себебі, соңғы уақытта мектеп оқулықтары көп сыналып жүр. Сыналатын жөні бар. Оқыту саласына  жаңа жүйе арқылы  енген тың бағыттар мен әдістер тиянақты сараланбай, тәжірибеде шыңдалмай жатып оқулықтарға еніп кетті. Оның кемшілігі оқыту үдерісі кезінде анық байқалды. Оқулық авторлары өз еңбектерін қосымша ресурс көзі деп қарауды ұсынды. Мектеп оқулығы, қосымша ресурс көзі емес, алтын қазық болуы тиіс. Себебі, пән жайындағы негізгі таным мен  пайым, пәндік ұғымдар мен терминдер сол жерден алынады. Өкінішке қарай, әу баста оқу бағдарламасында кеткен  кемшіліктер оқулықтан көрініс тапты. Мәселен, қазақ әдебиеті пәні оқулығында ұсынылған кейбір  шығармаларға әдеби талдау жасау мүмкін емес. Шығарманың мазмұны жұпыны. Кейбір шығарманың мазмұны терең болғанымен, берілген сыныптың жас ерекшелігіне сай келмейді. Мұндай кемшілік 5-11-сынып оқулықтарында кездесіп қалады. Білім сапасының артуында сапалы оқулықтың маңызы зор.  Сондықтан оқулық авторы  мектептегі  оқыту ісіне жетік болуы тиіс. Бала оқытатын ұстаз, ұстаз қолданатын оқулық, оқулықты тұтынатын шәкірт мықты болмайынша, болашақтың жарқын болуы неғайбыл. 
– Кейінгі кезде балалар кітап оқымайды деген пікір жиі айтылады. Расында солай ма? Оқушыларды әдебиетке қызықтыру жолы қандай?
– Менің ойымша, дүниені тануға ұмтылыс барлық адамның бойында бар. Ал, оның бала бойындағы қуаты ересек адамнан әлдеқайда жоғары. Әдебиет – дүниені танытудың ең күшті құралдарының бірі. Баланы әдебиетке құштар ету мұғалімге байланысты. Ықыласпен берілген білім баланың жанын әсерлендірмей тұрмайды. Үлкен эмоциялық қуат қалай да оқушыны кітап оқуға жетелеп апарады. 
Сөзім дәлелді болу үшін мектеп тәжірибесінен бір мысал келтірейін. Әлемде, сөзбе-сөз аударсақ, «баяу оқу» («close reading», «медленное чтение») деген әдіс бар. Көркем мәтінді барынша терең талдауды мақсат ететін бұл  әдісті (тәжірибеде «мән беріп оқу» деген ұғыммен атап жүрміз)  әдебиет сабағында қолданғанда біз оқушының шығарма оқуға ықыласы ерекше көтерілетінін аңғардық. Бұл әдіс оқушы бойында кітап оқуға құштарлықты оятып, оның мәтінді талдау дағдысын жетілдіріп, «автормен сұхбат» жасау (шығармашылық) деңгейіне көтеретініне көз жеткіздік. Егер оқушы әр сөздің қолданысы мен одан туған мәнге бойлап, шығарма оқу үстінде өз сұрақтарына жауап іздеп, оны тауып, бойында төл дүниеге кезіккендей ризалық сезім пайда болса, ол оқу «шат оқуға» айналады. Ең бастысы, оқушы мұғалім ұсынған сұрақтардың жауабына емес, өз сұрақтарына жауап табуға мүмкіндік алады. Автормен пікірталасқа түседі. Әрине, бұл деңгейге бірден қол жеткізу қиын. Себебі, дағды мен машық сатылай қалыптасады. Авторлық мәтіннің оқушы «меншігіне» айналуы баяу жүретін, бірақ, өте қызық үдеріс. Оқушы авторға ақырын ілесе, тәжірибесіне ене отырып, түйсігін жетілдіреді. Келесі абзацта өзін не күтіп тұрғанын сезетін халге жетеді. Бұл – оқушының алғашқы шығармашылық табысы. Олай болса, көркем мәтіндегі әрбір ұсақ бөлшекке мән бере оқу оқушының сезім-қиялын жетілдіріп, ой-танымын биіктетіп, саралап-пайымдау қабілетін күшейтеді. Мұндай жетістік оқушының тағы бір шығарманы оқуға деген ықыласын оятып, шығармашылық жұмыс жазуына да түрткі болатынына тәжірибеде көз жеткізіп келеміз. 
– Бүгінде бала тұрмақ үлкендер де телефонға тәуелді.  Осындай заманда кітап оқитын ұлтқа айналудың ауылы алыс па деймін? Сіздің пікіріңіз...
– Бұл сауалыңызға да мектеп тәжірибесінен мысал келтірмекпін. Карантиннен шыққан кез. Мектепте «Оқу аймағы» деген оқырмандар клубын ұйымдастырдық. Жоспар бойынша ол үш бағытта жұмыс істеді. Бірі – оқушыларға, екіншісі – ата-аналарға, үшіншісі – мектептің педагог мамандары мен қызметкерлеріне арналды. Мен үшінші бағытты жүргізуді мойныма алдым. Бастапқыда қалай болар екен деген екіұдай оймен кітап оқуға ықыласы бар-ау деген  адамдарды ғана шақырдық. Алғашқы басқосуымызды алты-жеті  адаммен Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесінен бастап жібердік. Байқасам, оқырмандардың ықыласы жоғары. Осы қарқынмен екі жылдың ішінде жиырмадан аса шығарма оқыдық. Клуб құрамында педагогтермен қатар, директор орынбасарлары, мектептің техникалық қызметкерлері, кітапханашылар мен тәрбиешілер бар. Аз уақытта бір қауым елге айналдық. Қазақ әдебиетімен ғана шектелмей, орыс және шетел әдебиетінің де классикалық шығармаларын оқып, талқыға саламыз. Оқырмандық қасиеттің өшпейтінін, тек оған қозғаушы керек екендігін мен осы клуб жұмысынан анық аңғардым. 
– Ұлжан Махамбетқызы, мазмұнды  сұхбатыңыз үшін рахмет. Шырағын жаққан шәкірттеріңіз көп болғай.

Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз