Түркістандағы тұңғыш оркестрді құрған
Көпшіліктің есінде болар, 1981 жылы Түркістанда «Иассы» халықтық-фольклорлық оркестрі құрылып, ол қысқа ғана уақытта даңқы бүкіл республикаға мәшһүр болған іргелі шығармашылық ұжымға айналған еді. Оркестрді кәсіби музыкант, талантты режиссер Асқар Жақыпбеков құрған болатын. Осылай кезінде шағын қалаға үлкен мәдениеттің дәнін сепкен дарын иесінің өмірі мен өнері жайлы марқұмның жары Ақбота Бердалиевамен сұхбаттасқан едік.
– «Иассы» халықтық-фольклорлық оркестрі кезінде бүкіл Одақты, тіпті шетелдерді аралап өнер көрсетіпті. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Түркістаннан осындай даңқты өнер ұжымының қанат қағып, оның жарты әлемге танылуы, ашығын айтқанда, қуанатын да, мақтанатын да жайт.
Осы туралы тарқатып айтып беріңізші.
– Иә, даңқты оркестрдің негізін Асекең қалап еді. Ол сол кезде Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының кафедра меңгерушісі, институт оркестрінің бас дирижері және Шымкенттегі музыка колледжі оркестрінің дирижері болатын.
Асқар Жақыпбекұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын үздік бітіріп, сонда оркестрде жұмысқа қалған екен. Ол кезде Алматыда жұмысқа қалу екінің біріне бұйырмайтын бақыт. А.Жақыпбеков онда оркестрдің бас дирижері Шамғон Қажығалиевтің көмекшісі болып жұмыс істепті. Осылайша мықты ұстаздардан тәлім алудың сәті түсіпті. 1975 жылы Шымкентте Әл-Фараби атындағы мәдениет институты ашылғанда Асекең Өзбекәлі Жәнібековтің ұсынысымен осы оқу ордасының іргесін қаласып, керегесін бекемдеуге шақыртылады. Сол кезде ол Шымкентте «Достық» деген фольклорлық ансамбль құрған еді. Сонымен қатар, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында «Мойынқұм» деген фольклорлық ансамбль құрып, оның да жұмысын жолға қойып берген. Ол ансамбль де елімізге белгілі өнер ұжымы болды. Тіпті, кезінде Португалияда өткен халықаралық байқауға жолдама алған! Осындай мол тәжірибесі болғандықтан шығар, жергілікті билік өкілдері Асқар Жақыпбекұлын Түркістанға шақырып, фольклорлық-
этнографиялық бағыттағы кәсіби оркестр құруды өтінеді.
Мен сол жылы колледжді бітіріп, Асекеңе тұрмысқа шықтым. 1981 жылы шілде айының басында Түркістан қаласына екеуміз қол ұстасып, бірге келдік. Оркестрді құрдық, Түркістандағы саз мектебінде ол домбырадан, мен қобыздан дәріс бердім.
– Сіз сонда ұстазыңызға тұрмысқа шықтыңыз ба? Қалай таныстыңыздар?
– Иә, мен музыка колледжінде соңғы курста оқып жүргенімде Асекең осы колледжде «оркестроведение» деген пәннен сабақ беретін әрі оқу орнындағы оркестрдің бас дирижері болатын. Ол өте білікті ұстаз, шебер домбырашы һәм мықты дирижер еді. Жоғарыда айттым ғой, Асекең Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүргенде атақты дирижер, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтан, қазақ музыка өнерін зерттеуші ғалым, музыка теориясының желісін жасаған, «Гармония музыки» (осы күнге дейін бүкіл музыкалық оқу орындарында оқытылады) атты оқулықтың авторы Дубовскийден білім алған екен. Бітірген соң Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестрде дирижердің көмекшісі болып қызмет еткенін айттым. Сол ұжымда қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжановпен бірге өнер айдынында бір жүзген Асекең өте талантты жан еді. Оркестрге дирижерлік еткенде (репитицияда) ол кісінің шеберлігі мен шалқар шабытына тәнті болатынмын. Оркестрлік пультте тұрып әрбір тактыны көзбен, қас қағысымен-ақ ұқтыра білетін сезімтал, қағілез жан еді. Ұстаз ретінде, талантты музыкант ретінде ол кісі менің кумирім болды. Музыка көгінде қыран құстай еркін самғап, оркестрді басқарып тұрып әр музыкантқа бір-бір қарап өтетін. Сонда домбырашы не примадағы қыздарға ұзағырақ тесіліп қалса қызғанып, әдейі нотаны бұзып ойнайтынмын. Маған назар аударса деймін ғой. Ол кісі «Бота!» деп қабақ шытып бір қарағанда күліп жіберемін де, әрі қарай дұрыстай қоятынмын.
...Мамыр айы еді. Асекең Өмірсейіт ағайымыз арқылы 2-3 құрбыммен мені (ол кісі бойдақ) көмекке шақырды. «Достары келеді екен, дастарқан жасасып жіберіңдер» деді ағайымыз. Біз барып көмектесіп, әп-сәтте дастарқанды жайнатып қойдық та кетуге ыңғайланып едік. «Қалыңдар, ұзамай оқу бітіресіңдер, әріптес боламыз, ұстаздармен араласа беріңдер» деді. Сөйтіп, астан дәм ауыз тиіп, аз уақыт отырып үйімізге қайттық. Мен колледжді бітіргелі жатырмын. Дипломдық жұмысқа 5 шығарманы оркестрге дайындауым керек. Бұл деген үлкен еңбек, жетекшім Өмірсейіт ұстазыммен бірге жеке сабақта сағаттап отырамыз. Асекең колледжге келуді жиілетті. Кейде артқы жақта үнсіз тыңдап отырады. Өте мәдениетті, сыпайы, ізетті жан болатын. Бізді бірнеше рет табиғат аясына демалуға шақырды. Мен де ол кісіні ұнатып қалдым. Оның жасыл «Жигулиі» бар-тын. Жатақхананың терезесінен сол жасыл көлік көрінбей ме деп жиі қарайтынмын. Колледжді үздік бітірген соң бәріміздің арманымыз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсу болды.
Бітіру кешіне келген ұстаздарымыздың арасында Асекең де болды. Құрбыларым «Ботаға не болған, Асқар ағайдың қасынан шықпай қалыпты» деп таң қалып, күліп қояды. Сол кештен кейін Асекең маған сезімін білдірді. Мен жолайрықта қалғандай болдым. Алдымда екі таңдау тұрды. Өзім сүйген, жүрегім қалаған кісінің етегінен ұстап ерге шығу, не оқуды жалғастыру. Осының қайсысын таңдарымды білмей дал болдым. Ата-анам, достарым, ұстаздарым «сен өте дарынды, білімді музыкантсың, оқуыңды жалғастыр» деді. Ақыры ойлана келе, «мен оқимын, құрбыларыммен Алматыға пойызға билет алып қойдық» дедім Асекеңе. Ол кісі: «Жарайды, сен барып құжат тапсыра бер, мен де көлікпен жолға шығамын. Бірер күнде Алматыда боламын» деп қалды. Құжат тапсырдым. Талапкерлерге күнде кеңес болады. Кәдімгідей дайындаламыз, конкурс үлкен, түсу оңай емес. Сол кезде Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиевпен бірге абитуриент болдық. «Ақбота, сен емтиханнан мүдірмей өтетін шығарсың» деп қояды достарым. Бір аптадан кейін Асекең келді. Мені паркке шақырып, екеуміз қыдырдық. Бір кезде ол: «Бота, мені шын жақсы көресің бе?.. Қысқасы, сен не оқуды, не мені таңдауың керек. Оқығың келеді, білемін. Мен десең менімен жүр, Шымкентке қайтамыз. Музыкалық білімің қазір-ақ жеткілікті, қайтесің оқуды. Қалғанын тәжірибеде үйренерсің, саған мен консерваториямын» деді. Сонымен құжаттарымды қайта алып, Шымкентке қайттық. Келгесін үйлендік, филармонияға жұмысқа тұрдым. Бір ай жұмыс істеп Түркістанға тарттық. Оқуымды жалғастырмай тұрмысқа шыққаныма ата-анам ренжіді. Марқұм анам соңымыздан қуып келіп, алып кетпек те болды. «Өзіңнен 20 жас үлкен адаммен өмірің қалай болмақ, қайтесің бұны» деп ашуланды. «Қызымның басын айналдырып алдың» деп Асекеңе де кейіді. Бірақ, өз жүрек қалауыммен келгенімді айтып, мен Асекеңмен қалдым.
Түркістанға келуіміздің өзі бір қызық оқиға еді. «Обком хатшысы шақырып сөйлесті, бұрын жүре тыңдап келіп едім, болмады, бармасқа лаж қалмады. Ертең Түркістанға жүреміз. Үш айда оркестрдің жұмысын жолға қойып берсек, Алматыға кетеміз. Мені Құрманғазы оркестріне қайта шақырып жатыр. Астанаға шақырып жатқанда, шалғайдағы Түркістанды қайтеміз?» деді Асекең. Сөйтіп аспаптарымызды арқалап Түркістанға оркестр құруға келдік. Басында қонақүйде, пәтерде, туыстарымыздың үйінде тұрдық. Бір жылдан кейін мемлекеттен пәтер берілді. Үш айға деп келіп, шәкірттеріміз бен туған перзентіндей болған «Иассыны» қимай, осында тұрақтап қалдық қой.
– Оркестрді құру, яғни тақыр жерден шығармашылық ұжымын құрып, оны аяққа тұрғызу оңай болмаған шығар?..
– Түркістанға келіп, оркестрдің жұмысын қолға алдық, сонымен бірге музыка мектебіне жұмысқа тұрдық. Ол домбырадан, мен қобыздан дәріс беріп жүрдік. Мектеп директоры қос бірдей кәсіби музыкантты қуана қарсы алды. Саз мектебінің оқушыларын облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі конкурстарға даярладық. Олардың бәрі де жүлдемен оралып жатты.
Бұл кезде Түркістанда, біріншіден, аспап жоқ, екіншіден, оркестрге лайықты кәсіби музыканттар жоқ еді. Қалалық Мәдениет үйінің директоры Елтай Бимаханбетов, қалалық партия комитетінің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы Лиза Баянқұлова, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Әсілбаева бізге барынша қолдау көрсетті. Лиза Қадырқызы өзі бас болып Алматыға хат жазып, Асекеңмен бірге аспаптарды алып келді. Бас домбыра, шертер, прима сынды сирек аспаптар арнайы көлікпен Түркістанға жеткізілгенде Асекеңнің балаша қуанғаны әлі есімде. Музыкалық аспап мәселесі шешілгенімен маман жоқ, көбі нота білмейді. Алматыдан, Шымкенттен шақыртқанмен, ол кезде Түркістанға ешкім келмейтін. Асекең қыз-жігіттердің бәрін нөлден бастап үйретіп, оркестрді жасақтады. Шілдеде құрылған оркестр қазан айында көрерменге бір сағаттық концерттік бағдарлама ұсынды. Оркестр фольклорлық болғандықтан оның репертуарында міндетті түрде халық әндері болу керек еді. Асекең оның да жолын тапты. Халық әндерін мектеп мұғалімдері А.Малыбаев мен Гүлсара Тоққұлова, педагогикалық училищенің оқытушысы Ұлжан Мұстафаева шырқады.
Оркестрде орындалатын күй болсын, ән болсын оны нотаға дирижердің көмекшілері түсіреді. Асекең бұл жұмысты маған тапсырды. Аяғым ауыр, кейін сәбилі болдым. Соған қарамастан репертуардағы әндердің оркестровкасын жаздым. Күндіз кішкентайымнан қолым тимейтіндіктен көбіне түнде – таңғы 4-ке дейін, тіпті 5-ке дейін отырып, бір әннің оркестровкасын дайындап шығатынмын. Бұл өте ыждағаттылықты талап ететін инемен құдық қазғандай жұмыс еді. Қысқасы, шілде айында құрылған оркестр желтоқсанда Алматыда комиссияның алдында «халықтық оркестр» деген мәртебені қорғап шықты. Содан кейін бір сағаттық концертіміз тұңғыш рет телеарна арқылы көрермен назарына ұсынылды.
– Оркестрдің өнері өрістеп, биікке самғаған шағы белгілі, ал, тоқырауға ұшыраған кезі болды ма?
– 1982 жылы республикадағы барлық облысты аралап шығып, Мәскеу төрінде өнер көрсеттік. Сол 80-жылдары Қырғызстанда «Қомузшылар конкурсы» деген күй сайысы өтетін. Соған бізді қонақ ретінде шақырды. Халқымыздың ғажап күйлері мен әндерінен шашу шашып, қырғыз ағайындарды тәнті етіп, Ыстықкөл жағасында демалып қайттық. Оркестріміз 2-3 жылда кемелденіп, ірі музыкалық шығармаларды орындай бастады. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін, «Мұрагер», «Махамбет», «Алтын дән» деген оркестрге арналған шығармаларын, Моцарттың, Бетховеннің, Доганның, т.б. классиктердің шығармаларын орындауға қол жеткіздік. Кейіндеу Алик Минагазитдинов деген кәсіби музыкантты жұмысқа қабылдады. Ол жігіт те білімді, классикалық шығармаларды еркін орындайтын шебер аккардеоншы еді. Оркестріміз 1985-1989 жылдары биік кәсіби деңгейге көтерілді. Әсіресе, 1988-1989 жылдары біздің оркестрдің репертуары толығып, биік деңгейге көтерілді деуге болады.
1985 жылы біз Польша, Венгрия, Ұлыбритания, Ирландияны аралап, Куба астанасы Гаванада концерт бердік. Бұл сапарымызды сол кездегі қалалық Мәдениет үйінің директоры, ақын Қасымхан Бегманов ұйымдастырған болатын. «Иассы» халықтық-фольклорлық оркестрінің шығармашылығы кемелденген, даңқы асып, дүрілдеген тұсы 1985-1990 жылдар аралығы болды. Асекең оркестрдің тізгінін 30 жылдай ұстап, басшылық етті. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында керемет концерттік бағдарлама ұсындық. Залда ине шаншар орын болмады. Бұл іс-шараны сол кезде қалалық мәдениет бөлімін басқарған Ұлжан Мұстафаева мен
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайының директоры, композитор Сауран Елеуов ұйымдастырды. Жыл сайын «Мәдениетім – мерейім» атты облыстық мәдениет қызметкерлерінің өнер сайысы өтіп тұрушы еді. Түркістан қаласындағы мәдениет саласының қызметкерлері сол сайыста 2 рет жеңімпаз атанды. 2001 жылы бас жүлдені – «Газель» автокөлігін жеңіп алып, сол көлік көп жыл Мәдениет үйі қызметкерлерінің игілігіне жарағанын айта кету керек. 2001 жылы наурыз айында оркестр үлкен концерттік бағдарламамен Түркияға барды.
Асекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін науқастанып, жұмыстан қол үзіп қалды. 2017 жылы оркестрдің жұмысы тоқтады. Сол кезде қалалық Мәдениет үйіне Лиза Шәмет басшылыққа келіп, қолдау білдіріп, оркестр 2023 жылдан бастап жұмысқа қайта кірісті. Бүгінде оркестрдің тізгінін ұлым Ерлан Жақыпбеков ұстап отырғанын айта кетейін.
– 1991 жылдан бастап елімізде үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. 90-жылдардың тоқырауы тұсында шығармашылық ұжымның хал-күйі қалай болды?
– Ол кез жалақы айлап-жылдап кешігетін, жарық жиі сөніп, жылу тоқтап, күллі тіршіліктің тоқыраған тұсы еді ғой. Елдің көбі ала дорба арқалап, базар жағалап кеткен кезде біз де қиындық көрдік. Оркестр ұжымының жағдайы бұрынғыдай болмады. Қолынан келгендер той жағалап, әркім шамасына қарай нан табуға көшті. Асекең өнердің өз адамы ғой, бірақ, ол кезде өнерді бағалайтын, өлеңді бағалайтын кез бе еді?.. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жылдар. Асекең үйде отырып қалды. Өте сабырлы еді. Жас кезінде ағаштан түйін түйген атасына көмектесіп, ер шапқан, сандық жасаған екен. Содан Мәдениет үйіндегі сынған, тозған домбыраларды үйге алып келіп жамады. Соны ерінбей күні бойы шұқылап, жап-жақсы етіп жөндеп шығатын. Сол домбыралардың біразы әлі бар, көзіме сондай ыстық көрінеді. Шағын пәтерімізді үнемі қоқып жататын шеберханаға айналдыратыны маған ұнамайтын. «Тым болмаса ақы алатын жұмыспен шұғылдансаң етті» деп сөйлеп қалатынмын. Перзенттеріміз мектеп жасында, азаматың жұмыссыз, жадау-жүдеу тіршілік кештік. Ыдыс-аяқ сылдырамайтын үй болмайды ғой. Несін жасырайық, небір жағдайлар біздің де басымыздан өтті.
– Асқар Жақыпбекұлы өмірде, өнерде, отбасыда қандай тұлға ретінде есте қалды? Жалпы, музыканттың жары болу қаншалықты қиын?
– Асекең өте мәдениетті жан еді. Бір сөзді, уәдеге берік, достыққа адал, айналасына сыйлы болды. Өмірі де, өнері де адал еңбекпен өрілді. Бір жұмысты қолға алды ма, оны соңына дейін жеткізетін табанды, еңбекқор еді. Еш уақытта дүниеге бой алдырып, адамдық арына дақ түсірмеді. Мәдениет үйінде болсын, саз мектебінде болсын, барлығы ол кісінің бір ауыз сөзіне тоқтайтын, тыңдайтын. Себебі, өте әділ адам болды. Жұмыс барысында ұжымға талапшыл, қатал, отбасыда жұмсақ еді. Ешқашан дауыс көтеріп, артық әңгіме айтпайтын. Жұмысқа, өнерге шын берілді. Асекең тәртіпке қатты байланған адам еді. Ешқашан жұмысқа кешікпейтін. Тіпті, қарап отырсам, өмірінде бір рет те «больничныйға» шықпаған екен ғой. Денсаулығына зор жауапкершілікпен қарайтын. Уақтылы тамақ ішеді, күн сайын белгілі бір уақытта ұйықтайды, жаттығуын жасайды. Балаларымызды да солай тәрбиеледі. Шүкір, сол тәртіп бүгінде ұлымның бойында бар.
Табиғатта серуендеуді, балық аулауды жаны сүйетін. Қармақтары да шебердің қолынан шыққан сайлы, майлы болатын. Балыққа достарымен барады ғой, сонда ең олжалы қайтатын да Асекең еді.
– Қалай ойлайсыз, Асқар Жақыпбекұлының еңбегі өз дәрежесінде бағаланды ма?
– Шүкір, атақтары бар. Билік те, ел де бағалады, құрметтеді. Алғаш келгенімізде пәтерлі болдық. 2001 жылы сол кездегі басшымыз Ұлжан Мұстафаеваның ықпалымен әкімдік 5 бөлмелі жер үй берді. Көзі тірісінде «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағын алды. Асекең, жалпы, атаққұмар емес еді. Оның бұдан да үлкен атақтарды алуға мүмкіндігі болды. Бірақ, араға адам салып, басшыларға өтініш айтып, мені атаққа ұсыныңдар деген емес. Ол кісі, ең бастысы, елдің ықыласына, халықтың ілтипатына бөленді, абыройлы болды. Соны медет тұтып, өмірден солай өтті.
– Елдің ықыласына бөленген, елі сүйген тұлғаның есімін ұлықтау жолында қалалық әкімдік, қалалық мәдениет бөлімі тарапынан қандай да бір шаралар қолға алынды ма?
– Осыдан 6 жыл бұрын музыка мектебінде еске алу кешін ұйымдастырдық. Өзім де, ұлым да сол мектепте жұмыс істейміз. Директорымыз С.Айсынов қолдап, бүкіл шәкірттері, үзеңгілес замандастары қатысты. Композиторлар С.Елеуов, Б.Сердәлі, әріптестері Ұ.Мұстафаева, Л.Шәмет, Ә.Ботақараев жылы лебіздерін білдіріп, осы мектепке Асекеңнің аты берілсе деген ұсыныс айтылды. Алайда, сол мәселені әрі қарай жылжытып, соңына түспедім бе, қалып қойды. Иә, ол кісінің атын Түркістанның саз мектебіне, басқа да мәдениет нысандарына, көшеге берсе болар еді. Әбден лайықты азамат.
Екеуміздің екі перзентімізден өрбіген 13 немереміз, 2 шөбереміз бар. Бұрынғы әйелінен бір ұлы қалған, онымен де араласып тұрамыз. Ұл-қыздары, немерелері ата жолын қуып, бәрі музыкант болды. Балаларым мен немерелерімнен құрылған отбасылық ансамбліміз бар. Немерелерімнің ішінде Зарина қобызшы, Жасмина скрипкашы, ал, Анеля атасы секілді домбырашы болды. Олардың жас уағында ансамбльді «Еркем-ай» деп атаған едік, қазір немерелердің алды оқу бітіріп, маман болды. Бүгінде өнер айдынына «Мұрагер» ансамблі болып шығып жүр. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар.
– Әдемі сыр-сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».