«Кәсіпкерлерді қолдауға дайынбыз»
Бүгінде Түркістан облысында жалпы ауданы 594 гектарды құрайтын (Түркістан, Кентау, Созақ, Бадам, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Сауранда орналасқан) 10 индус- триалды аймақ бар. Мұнда құны 114,2 млрд. теңгелік, 5 624 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 79 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, машина жасау (5 жоба), тамақ өнеркәсібі (6 жоба), жеңіл өнеркәсіп (14 жоба), құрылыс материалдары (44 жоба), экономиканың басқа да салалары бойынша (11 жоба) жұмыс істеуде. Бұлардан бөлек тағы да 4 ауданда индустриалды аймақтар құрылып жатыр. Біз осы ретте, Түркістан облысы индустриалды аймағы басқарушы компаниясының басшысы Бекжан Нұрманов мырзаға арнайы кіріп, сұхбаттасып шыққан едік.
– Бекжан Тәңірбергенұлы, индустриалды аймақтардың жұмыс барысы туралы айтсаңыз. Оның ішінде Түркістан индус- триалды аймағының жұмысына тоқтала кетсеңіз.
– Түркістан қаласының индус- триалды аймағының бірінші кезеңінде 40 гектар жер берілген болатын. 2019 жылы оның жалпы алаңы 310 гектарға кеңейтілген. Түркістан индустриалды аймағында жалпы құны 17 млрд. теңге болатын 1 496 жұмыс орны бар 32 жоба орналасқан. Мұнда 8,3 млрд. теңгенің 1 141 жұмыс орнымен 22 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың сәтті жүзеге асып, қарқын алып дамып кеткендері де бар, түрлі себептермен тоқтап тұрғандары да бар.
– Сонда қазір нақты 22 кәсіп-орын жұмыс істеп тұр ғой. Өзгелері не себепті тоқтап қалды?
– Жобалар түрлі себептен жабылады. Бизнес болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Ол кәсіпорынның қаржысына байланысты болуы мүмкін. Оның үстіне нарыққа қатысушылар, тендерлердің жайы, баға, сұраныс, шикізат, энергия көздері мен шығындар деген мәселелер өте құбылмалы дүниелер. Сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар тек маусымдық жұмыстармен айналысады. Белгілі біраз маусымдық жобаларды жүзеге асырады да біраз уақыт тоқтап тұрады. Жалпы, өндірістің жүруі не тоқтап-тоқырауы кәсіпкердің іскерлігіне, қарым-қабілетіне, тағы да басқа көп факторларға байланысты дүние. Ал, біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге қолайлы орын, инфрақұрылым мәселесін шешіп, кәсібін дамытуына жағдай жасау. Менің мұнда басшылыққа келгеніме жарты жылдан асты. Әзірге бізде орналасқан кәсіпкерлерден шағым түскен емес. Маусым айының 22-сіне Үкімет басшысының индус- триалды аймақтардағы кәсіпорындар үшін электр энергиясы тарифін төмендету туралы хаты келді. Осы хатпен тиісті мекемелерге шығып, мәселені шешіп бердік. Тамыздан бастап біздегі кәсіпорындар үшін электр энергиясының құны 42 теңгеден 25 теңгеге түсті. Электр қуатына айына миллиондап қаржы төлейтін мекемелер үшін бұл үлкен жеңілдік болды.
– Түркістан индустриалды аймағында қандай жобаларды нәтижелі деп айтар едіңіз?
– «Grand miks» ЖШС-іне ерекше тоқталуға болады. Өте сәтті жоба. Жиһаз өндірісімен айналысатын компанияның жұмысы жүйелі. Бүгінде 300 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Жиһаздарды ел аумағынан тыс Ресейге, Беларуське экспорттайды. Алдағы уақытта көрші Өзбекстанға экспорттамақ. Сонымен қатар қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС-іне қарасты шұлық цехының жұмысы да жақсы жүруде. Жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын күніне 32 000 жұп шұлық шығара алады. Алдағы уақытта цех толық потенциалында жұмыс істей бастағанда жалпы құны 0,8 млрд. теңгені құрайтын, күніне 500 костюм шығаратын жобаны қолға алмақ. Нарықтан екі есе арзан костюмдер шығарып сатуды және мектеп оқушыларының сөмкесі мен спорт костюмдерін шығаруды жоспарлауда. Әзірге цехта 30 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, облыс әкімі Д.Сатыбалды индустриалды аймақтар жұмысын үнемі назарда ұстап отыр. Жуықта тағы да 4 ауданда индус- триалды аймақтар құрылды. Солардың бірі іргедегі Сауран индустриалды аймағынан өндірістік парк ашылды. Өндірістік паркке берілген 30 гектар жерге биыл тағы да 70 гектар қосылды. Осы 100 гектар жердің аумағында әрқайсысы 1584 шаршы метрлік 112 бронфильд орналасатын болады. Бронфильд деген инфрақұрылымы тартылған (жол, жарық, су, газбен жабдықталған) офисі бар дайын орын. Біз сол бизнеске, өндіріске қолайлы дайын орындарды инвесторларға ұсынамыз. Қазірге 11 бронфильд жұмыс істеп тұр. Өндіріс паркінде жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығара алатын «BNK Group LTD» зауыты орналасқан. Жалпы, инвестиция құны 11,1 млрд. теңгені құрайтын бұл зауыт 100 адамға жұмыс беріп отыр. Сондай-ақ, мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны – 3,1 млрд. теңге, 100 жұмыс орны) кәсіпорны, украиналық өнеркәсіптік тоңазытқыштар өндіретін «UBC Group» («Жасыл сұйық») компаниясы (инвестиция құны 10 млрд. теңге, 350 жаңа жұмыс орнымен) осы парк аумағында өз жұмыстарын бастап кетті. Бізде орналасқан «Тұран мебель» ЖШС мектеп және кеңсе жиһаздарын шығарады. Цехтың қуаттылығы күніне 600 комплект жиһаз шығаруға жетеді. Биыл ірі тендерлер ұтып, жаңа білім ошақтарының тапсырыстарын орындау үшін жұмысшылары екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Түйе сүтін өңдеп, (жылына 2500 тонна өнім өндіруге қауқарлы) құрғақ сүт шығаратын «Golden Camel» зауытында да жүйелі жұмыс бар. Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан қытайлық кәсіпорын биылдан бастап жұмысын жалғастырды. Мұнда да жергілікті 30 шақты адам жұмыс істеп отыр. Айтпақшы, жуықта «Golden Camel» компаниясы жерін сатып алып біздің индустриалды аймақтан енші алып кетті. Бұл – компания әбден аяққа тұрды деген сөз. Олар түйе, бие сүтін құрғатып, құрғақ сүт, таблетка түрінде өнім әзірлеп, әлемдік нарыққа шығаруда. Әрине, бұл шетелдік компания. Тек шетелдік және біріккен кәсіпорындар жетістігіне малданбай, өзіміздің отандық бизнесті қолдауымыз керек деп есептеймін.
– Өндіріс орындарында жұмысшылар саны неге аз? (Көбіне 30-50, 100 адам болады). Бұрындары (кеңес кезі) бір кәсіпорын ашылса, сол жер кішігірім қалашыққа айналатын. 10-20 мыңға дейін адам жұмыс істеуші еді бір зауытта. Индустриалды аймағын құрудағы мақсат та өнеркәсіпті өрістетіп, жұмыс орындарын көптеп ашу емес пе?
– Иә, мақсат – жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа жұмыс беру, экономиканы дамытуға үлес қосу. Ал, жұмысшы санына келсек, ол кезде қазіргідей нарық заңы жоқ. Біріншіден, бүгінде кәсіпкер аз шығын жұмсап, көп пайда тапқысы келеді. Екіншіден, қазір технология дамыған кезде бұрынғы 10 адамның не 100 адамның жұмысын 1 адам атқаруы мүмкін. Дегенмен, жақсы жағымды дүниелер қазір де бар. Мысалы, Саурандағы өндірістік паркте орналасқан украиндық «UBC Group» («Жасыл сұйық») компаниясы аумағы 1584 шаршы метр болатын 6 бронфильдті алып орналасты. Араларын бөліп тұрған қабырғаларды алып тастап, тұтас аумаққа қоныстанды. Кіріп көрсеңіз кәдімгідей көңіліңіз көтеріледі. Өте алып зауыт аумағы құрылып жатыр. Нарықты әбден зерттеп келген, жұмыстарын енді бастап жатқан украиндық кәсіпкерлер алдағы уақытта жұмыс ауқымын бұдан да ұлғайтамыз деп отыр. «BNK Group LTD» мекемесінің де болашағы зор. Оларға елде әзірге балама жоқ. Өндіріске, ауыл шаруашылығына және аулалар мен ғимараттарды қоршауға арналған торлар шығарып жатқан «Kaztor LTD» мекемесі де мойны озық кәсіп-орындардың бірі. Олар да жап-жақсы жұмыс істеп жатыр, үлкен көлемде тапсырыстар алуда. Өнімдері сұранысқа ие торларды елдің түкпір-түкпіріне жөнелтуде. «Алем Бетон-1» компаниясын да айтуға болады. Асфальт-бетон бұйымдарын шығаратын бұл кәсіпорын өндірістің 2-ші кезеңіне өтті. Олар өндіріс алаңын тағы да 2,7 гектар жерге ұлғайтты. Қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бізге тек ірі компаниялар ғана кірмейді, газоблок, кірпіш, т.б. құрылыс материалдарын шығаратын бірқатар шағын мекемелер де бар. Жаңа кә-сіпорындарды мейлінше қолдауға тырысамыз. Жаңа келгендер кәсіп бастаймыз деп келіп жатса, қуана қарсы аламыз. Дайын инфрақұрылыммен жерімізді ұсынамыз, қаржылай қолдау көрсетуге әзірміз. Тек бизнесті қолдауға қаржы бөлетін БРК (Қазақстанды дамыту банк), ФРП (Фонд развития предпринимателей) секілді қорларға шығып, біз кепілдік берсек олардан жеңілдетілген несие, қолдау қаражат алуға болады.
Біз бұған дейін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының құрамында едік, қазіргі кезде облыстық кәсіпкерлік басқармасы құрамына өтіп жатырмыз. Осы процестер, құжаттама жағы біршама уақыт алды. Осы мәселелердің бәрін түпкілікті шешіп, бюджетімізді бекітіп алсақ, ойда біраз жоспар бар. Алдағы уақытта индустриалды аймақтарды дамытуға барынша күш саламыз деп ойлаймын.
– Аудандардағы индустриалды аймақтар жұмысына тоқталсаңыз.
– Ордабасы ауданындағы үлкен жобалары бар «Бадам» индустриалды аймағын ерекше атап өтуге болады. Бұл аймақта жалпы құны 27,6 млрд. теңгеге 1273 жұмыс орны бар 13 жоба орналасқан. Оның ішінде 19,9 млрд. теңгелік, 709 жұмыс орны бар 8 жоба жүзеге асырылған. Ин- фрақұрылым жүргізу үшін 5,5 млрд. теңге бөлініп, сәйкесінше тиісті ин- фрақұрылым желілері жүргізілді.
Инвесторлар көбіне қалаға жақын, өздеріне қолайлы орын іздейді. Шымкент маңында бос жер жоқ, сондықтан индустриалды аймақ қаладан 15 шақырым қашықтықтағы Бадамға орналасты. Қалаға жақын орын бар ма деп сұраған инвесторларға көбіне «Бадам» мен «Қазығұртты» ұсынамыз. Қазіргі таңда 52 гектарға орналасқан индустриалды аймақтың аумағын тағы да 50 гектарға ұлғайтып жатырмыз. Себебі, бронфильд салуға есептелген 8 гектар жерге үлкен гипс зауыты салынуда. Сондықтан аймақты тағы 50 гектарға ұлғайту керек болды. Дәл қазіргі уақытта аудан әкімдігі осы жұмыспен айналысуда. Алдағы кезде мұнда ірі жобалар жүзеге асады. «Бадам» индустриалды аймағында қуаты 125 МВт-тық үлкен қосалқы станса салынады. Құдай қаласа, алдағы уақытта кәсіпкерлер энергия тапшылығын көрмейтін болады.
«KazKioti» деген машина жасау кәсіпорны ауыл шаруашылығы техникасын, тракторлар, олардың қосалқы бөлшектерін шығарып жатыр. «Gold Aliminium» деген үлкен зауытта алюминий профиль бұйымдары шығарылуда. Жуықта «Central Asia Aluminium» деген алюминий бұйымдарын шығаратын үлкен зауыт құрылысы басталады. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы құны 17 миллион долларға бағаланып отырған бұл инвестициялық жоба облыс әкімі Д.Сатыбалды Қытайға барған сапарында инвесторлар тарту арқылы жүзеге асты. Сонымен қатар Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында жақсы жобалар бар. Бәйдібек, Шардара аудандарында инфрақұрылым бойынша біршама шешілмеген проблемалар бар, алдағы уақытта ол шешіледі деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».