Заңды бұзуға жол берілмейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақ тілінің мәртебесін көтеру қажеттігін атап өтіп, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын.

ҚР Қылмыстық-процестік Кодексінің 30-бабында қылмыстық сот істері қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал, қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктіге немесе айыпталушыға оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге тиіс.  Бүгінгі таңда соттарда мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселесі ақсап жатыр деп ешкім де айта алмайды. Дегенмен, сотқа талаппен жүгінетін тараптарға кеңес беретін заңды ұйымдар, олардың өкілдері кейде ресми тілге жүгінгенді жөн көреді. Былайша айтқанда, мемлекеттік тілде кеңес беруге енжарлық танытады. Сотқа жүгінген тарап мемлекеттік тілді сақтаса, сот істерін қарау кезінде «Тіл туралы» заңды бұзуға жол берілмейді.

Бұл жерде сот талап қоюшының талап-арыз берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сонымен қатар сот ісін жүргізгенде «Тіл туралы» заңның талаптары бұзылса, сот қаулыларымен шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте тергеу органдары немесе талап қоюшы өкілінің ықпалымен мемлекеттік тілдің бұрмалануына заңды тұрғыда жол берілмеуі керек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі

 мамандандырылған ауданаралық сотының аға сот приставы.

Пікір қалдырыңыз