Маңызды қадам
Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен сот жүйесінде ауқымды реформа жүргізіліп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – сот ісін жүргізуді оңтайландыру, процеске қатысушыларға қолайлы жағдай жасау және сот істерін шешу тәртібін барынша жеңілдету. Соның ішінде кассациялық соттардың құрылуын сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі дер едік.
Биылғы 5 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Осы өзгерістерге байланысты келер жылдың, яғни 2025 жылдың шілде айынан бастап елімізде кассациялық соттар құрылады. Кассациялық соттарды қайта құрудағы мақсат – сот жүйесінде әділеттілікті қамтамасыз етіп, орын алған қателіктер мен заңбұзушылықтардың алдын алу. Яғни апелляциялық сот шешімдерін қайта қарау мүмкіндігі артады. Бұл қадам халықтың сотқа, мемлекетке деген сенімін одан әрі нығайта түсуге бағытталып отыр.
Осыған орай Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайтын кассациялық соттар жұмыс істейді. Олардың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Әрі сот талқылауы тараптардың қатысуымен ауызша жүргізіледі. Мұны азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған оң өзгеріс деуге болады. Әрі кассациялық соттардың құрылуы Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға едәуір жақындата түседі.
Мадияр АБДРАСИЛОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық сотының судьясы.