ӨНДІРІСТЕГІ ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Еліміз үшін бірегей жобаның құрылысын қоғам болып қадағалауға шақырды.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабының республика тұрғындарымен мақсатты кездесулері Түркістан облысынан бастау алғаны белгілі.  Штабтың жұмыс бағыттары халықтың түрлі әлеуметтік топтарын қамтып, мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша таңдау жасауда, елдің ұйысқан түрдегі бірлігін қамтуды көздейді.


Халықтық штаб мүшелерінің бір тобы Кентау трансформатор зауытында болып, еңбек ұжымымен жүздесті. Кездесуге штаб мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева қатысты. Сондай-ақ, зауыт өкілдерімен өткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Талғат Садуов, «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Арман Басаров келіп қатысты.


АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың атқаратын міндетін түсіндіріп өткен Қайрат Рахымұлы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2029 жылға қарай еліміздегі ішкі өнімнің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндет қойғанын атап өтті. Өндірісті арттыру үшін энергияның қажетті көлемде өндірілуі маңызды екеніне назар аударды. Ішкі өнімнің қарқынын қамтамасыз етуде, сарапшылар, атом энергетикасына көшу ең тиімді нұсқа болып табылатынын айтып жатқанын жеткізді. «Түркістанда Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қатысуымен облыс активімен жиын өтті. Осы жиында өңір тұрғындары АЭС салуды қолдайтындықтарын білдірді. Бұл бастама осыдан 30 жыл бұрын көтерілуі керек еді деген азаматтар да болды», - деп атап өтті Қайрат Балабиев.


Атом электр стациясын салу елімізді энергияға деген тәуелділіктен арылтып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын да жақсартуға серпін беретінін Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов та айтып өтті. «Еліміздегі үлкен кәсіпорындарды дамыту үшін электр көзімен қамтамасыз етуіміз керек. Оның бірден-бір жолы – бұл атом электр станциясын салу. Бұның ешқандай қауіпті жағдайы жоқ. Бұл – бес деңгейлі қауіпсіздік шаралары сақталатын жоба болмақ», - деді Ерболат Байұзақұлы. 


Көтерілген бастама жалпыхалықтық оптимизмді оятқанын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева атап өтсе, энергетика саласындағы озық жоба – жаңа өндірістік толқынды қалыптастыратынын «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Инара Намазбаева айтты.


Кәсіпорын жетекшісі Хайрулла Қожабаев Кентау трансформатор зауытының ұжымы негізінен энергетикалық қауіпсіздік мәселесін қамтумен айналысатын ұйым екенін жеткізе отырып, АЭС салуға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді. Ал, осы ұжымда бас технолог қызметін атқаратын Ерболсын Жаманқұлов еліміз үшін бірегей жобаның құрылысын қоғам болып қадағалауға шақырды.


Өңірдің өндірістік сала қызметкерлерімен кездесу жиыны Түркістан қаласындағы «Turkestan Textile» фабрикасының өндірістік алаңында жалғасты. Тігін-тоқыма бұйымдарын шығаратын кәсіпорынға Халықтық штабтағы Парламент өкілдерінен бөлек, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман қатысты.


Халықтық штаб мүшелері Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты ғалымдардың, сарапшылардың, сала мамандарының пікірлерін келтіре отырып, бұл бастаманың экономикалық тиімділігіне, экологиялық қауіпсіздік аспектілеріне, отандық энергетика саласындағы стратегиялық мәніне баса мән беріп, түсіндіріп өтті. Еңбек ұжымымен қатысқан өкілдер кәсіпкерлік саласын энергиямен қамту, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, жастардың озық технологияларды игеруге деген ұмтылысына қолдау көрсетуге шақырды.


«Turkestan Textile» фабрикасының директоры Алишер Абултаев кәсіпорынның өндірістік әлеуеті жөнінде айта отырып, энергиямен қамту саласында қолға алынатын оң өзгерістер, экономикаға да ықпал тигізіп, кәсіпкерлік өріс алуына жағдай жасайтынын түсіндіріп өтті. Дамуға бастайтын жобаға қолдау көрсету маңызды екенін айтты.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір қалдырыңыз