Интернет барлық нүктеге жеткізіледі

Қазір – ақпараттық технологиялар ғасыры. Демек, бұл саланы кім терең меңгеріп, озық нәтижелерге қол жеткізсе, оның ғаламдық аренадағы орны төр болмақ. Осы ретте облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековпен сұхбаттасып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін сұраған едік. 

– Марат Фаритұлы, өңір жұртшылығы әсіресе, мобильді интернетке қатысты жиі шағым айтады. Сондықтан әңгімемізді осы проблемадан бастаған жөн болар.
– Бүгінде Түркістан облысы аумағында 829 елді мекен бар болса, оның 822-сі ауыл, жетеуі қала статусына ие. 2 053 379 тұрғыны бар 690 ауылдық елді мекен 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Ал, 93 855 тұрғыны бар 139 ауылда интернет жоқ. Түркістан облысының мобильді интернет желісімен қамтылу деңгейі халық санына шаққанда 92,2 пай ызды, ал,  ауылдық елді мекен санымен есептегенде 83 пайызды құрайды. Интернет тартылмаған 139 елді мекеннің жүзінде 2G байланысы бар болса, қалған 39-ында мүлде байланыс жоқ. Осы ретте 139 ауылдық елді мекеннің  81-інде ғана тұрғындар саны 250-ден көп екендігін айта кету керек. Осыған орай жол картасы аясында 2024-2025 жылдары халық саны 250-ден жоғары 50 елді мекенді интернет желісімен қамту жоспарланған. Қалған 89 елді мекенде техникалық мүмкіндіктің болмауы, антенна мачталық құрылыс жайларын орнатуға бюджеттен қаржы қаралмауы, халықтың аз қоныстануы, таулы не шалғай аумақтарда орналасуы, коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты операторлар базалық станса орнатудан бас тартып келеді.
– Әзірленіп жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы арқылы қандай проблемалар шешілмек?
– Қазіргі уақытта орталық атқарушы органдармен бірлесіп, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Атап өтсек, біріншісі – 2024-2027 жылдар аралығында ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту. Бүгінге дейін 407 ауылдық елді мекендегі 1800 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Ендігі кезекте Үкімет қаулысына сәйкес 383 елді мекендегі 583 мекеме талшықты-оптикалық интернетпен қамтылатын болады. Жоспарға сәйкес, биыл – 158, келер жылы – 125, 2026 жылы – 95, 2027 жылы 18 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Екіншісі – республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G мобильді кеңжолақты байланыспен қамтамасыз ету. Мұны іске асыру мерзімі – 2024-2027 жылдар аралығы. Бұл тұрғыда Түркістан облысына тиесілі 4737 шақырым жолдың көлік нөпірі көп болатын 650 шақырымын (Өзбекстан Республикасының шекарасы – Шымкент, Тараз – Қызылорда, Кентау – Түркістан – Арыстан баб – Төрткөл бағыттары) мобильді интернетпен қамтамасыз ету қажет. Үшінші іс-шара – «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылығына дейін жеткізу. Мұның іске асырылу мерзімі  2023-2024 жылдар. Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты тұрғындар саны 250-ден аз, халық аз шоғырланған 9 елді мекенде спутникті интернет желісі арқылы жалпы қолданыс нүктесі орнатылды. Олар Сайрам ауданындағы Береке, Қазығұрт ауданындағы Ызабұлақ, Бәйдібек ауданындағы Шұқыршақ, Сары ағаш ауданындағы 49 разъезд, Келес ауданындағы Құрөзек, Мәдениет, Тартоғай, Арыс қаласындағы 42 разъезд және Жосалы ауылдары. Төртіншісі – 5G желісін енгізу. Осыған дейін Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 9 сыртқы 5G базалық стансасы орнатылды. Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, «Керуен сарай» кешені, Түркістан қаласының әуежайы және «Rixos» қонақүйі сияқты маңызды туристік нысандарда бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылды. Алдағы уақытта Кентау, Сары ағаш, Арыс қалаларына 5G мобильді интернетін тарту жоспарда бар.
– Жолдарды интернетпен қамту жұмысы жайлы толығырақ айтып беріңізші.
– Түркістан облысы аумағына тиесілі республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиясы арқылы мобильді интернет желісімен қамтамасыз ету үшін «Кселл» АҚ тарапынан 5 нүкте ұсынылып, 2024 жылдың ақпан айында радиожоспарлау жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес  5 аумақта антенна-діңгекті нысан орнату үшін жердің актісі мен сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, талшықты-оптикалық байланыс желілері мен электр желісін жүргізуге техникалық шарттар алынған. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары инвестор арқылы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ұлттық жобаға сәйкес, басқарма тарапынан облыс аумағына тиесілі 650 шақырым жолды толығымен мобильді интернет желісі және байланыспен қамту мақсатында қосымша 14 базалық станса орнату үшін «Кселл» АҚ-мен келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Егер нәтижеге қол жеткізсек, аудан, қала әкімдіктері қосымша ұсынылған координаттар бойынша байланыс операторымен радиожоспарлау жұмыстарын жүргізе отырып, жер телімдерін ресімдеу, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу, антенна-діңгекті нысандарды салу жұмыстарына атсалысады. 
– Қандай да бір саланы дамыту мақсатында арнайы жол картасы қабылданып жатады. Интернетпен қамту саласында да осындай жоспар бар ма?
– Әрине, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. Жол картасы шеңберінде облыс аумағындағы 96 ауылдық елді мекеннің әкімдігі антенна-мачталық құрылыс жайлары және электр желілерімен қамтамасыз еткен жағдайда, байланыс операторлары тарапынан жаңа базалық станса орнату жоспарланған. Бұдан бөлек 113 ауылдық елді мекенде жаңа байланыс бекеті орнатылып, 70 елді мекенде стансаларды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістан облысында 353 482 үй шаруашылығы бар. Қазір оның   60 134-і, яғни 17 пайызы сапалы талшықты интернетпен қамтылған. 
– Өңірдегі білім ұяларының интернетпен қамтылуы қай деңгейде?
– Түркістан облысына қарасты 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Атап айтқанда, 581 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 мбит/с аралығындағы интернетпен қамтылған. Аталған мектептер Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында интернет желісіне және жергілікті желі жылдамдығына ұсынылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес жеткілікті деңгейде интернет желісіне қосылған. Сондықтан бұл мектептер интернет желісін жоғарылатуды қажет етпейді. Ал, 329 мектеп «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісіне қосылды. Қалған бір мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан байланыс орнату кейінге шегерілді. 
– Ақпараттық технологиялар жайлы сөз болғанда қоғамдық қауіпсіздік саласы да ойға оралады. Бұл бағытта қандай жұмыстар іске асырылып жатыр?
– Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 912 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 179 нүктеде аппараттық-бағдарламалық кешендер іске қосылған. Оның 125-і «Сергек», 54-і «Мерген». аппараты. 2023 жылдың қыркүйек айында қосымша 54 «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылды. Барлық камералар республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға орнатылды. Сондай-ақ, биыл тағы 50 аппараттық бағдарламалық кешен және 200 жалпы бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Сондай-ақ, қазіргі таңда тұрақты дамуды қамтамасыз ету және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру мақсатында озық технологияларды, деректер мен талдамалық құралдарды және камераларды пайдалана отырып кешенді мониторинг пен күрделі талдау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Бұл ахуалды орталықта аудандар және қалалар, көлік және инфрақұрылым мониторингі жүргізіледі. Барлық жұмыс AI (жасанды интеллект) технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады. AI (жасанды интеллект) модулі бейнебақылау камераларынан түсірілімдерді талдап, нақты заң бұзушылықтарды анықтап, автоматты түрде ұсыныстар жасайды және оларды тиісті органдарға жібереді. Сонымен бірге, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы 2GIS компаниясымен Түркістан қаласы автопаркінің барлық автобустарына GPS трекер орнату бойынша келіссөздер жүргізуде. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар және қала қонақтары 2GIS қосымшасынан автобустардың қай жерде келе жатқанын және белгілі бір бағытта қанша автобус жүріп жатқандығын онлайн түрде көре алады.
– Біршама уақыт бұрын Түркістанда IT бағытындағы университет ашылатыны мәлім болды. Бұл біз сөз етіп отырған салаға қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашу бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды және «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы келісімшартқа қол қойды. Университетте 4 факультет болады деп жоспарланған. Университет бүкіл әлемде сұранысқа ие мамандықтарды оқытудың арқасында өте танымал болады деп ойлаймын. Сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі және Кореяның білім беру технологиясы бойынша өткізіледі. Қазіргі уақытта Woosong университетінде 12 000-нан астам студент білім алып, 780 профессор біліктілігін арттырып жатыр екен. Университет әлемнің 67 еліндегі 430 білім беру мекемесімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Сәйкесінше, Түркістанда осындай әлеуетке ие оқу ордасының филиалы ашылса, ол кез келген салаға серпін сыйлайды деп ойлаймын. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз