Канада – АҚШ-тың елу бірінші штаты

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгін біз әңгіме еткелі отырған мемлекеттің жер көлемі бүкіл Еуропаның жер көлемімен бірдей. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша бай деген Оңтүстік Корея мемлекетінің алдын орап кетеді. Сөйте тұра бұл елдегі тұрғындар саны бір ғана Токио тұрғындарының санынан әзер асады. Бұл қай мемлекет екен деп отырсыздар ма, айтайық, ол – Канада. Табиғи ресурстарының көлемі жағынан да, тұрғындарының өмір сүру деңгейін алып қарасаңыз да «үйеңкі жапырақты» мемлекет әлемдегі ең бай 4 елдің қатарына кіреді. Әлемнің суық нүктелерінің бірінен орын тепкен Канада несімен ерекшеленеді? Мұндағы адамдардың бай әрі атақты болуының сыры неде? Канаданы неге АҚШ-тың 51-ші штаты деп атайды? Осы сұрақтарға жауап тапсақ, Канаданың де келбеті ашыла түсетін сияқты...

«Аватар» көркем фильмі, баскетбол, керосин мен инсулин. Бұлардың бәрін байланыстыратын бір нәрсе бар. Ол – Канада. «Голливудтың» атақты режиссері Джеймс Кэмерон Канаданың Онтарио атты провинциясында дүниеге келген. АҚШ азаматтығы болмаса да «Голливудтың» ең атақты, ең табысты режиссерлерінің біріне айналды. Айналмағанда ше?! «Терминатор», «Титаник», «Аватар» фильмдері өз заманындағы ең мықты көркем фильмдер қатарына кірді. 
Тағы бір канадалық азамат Фредерик Бантинг осыдан тура 100 жыл бұрын медицина саласы бойынша «Нобель» сыйлығын алған ең жас ғалым атанды. Ол қазір әлемнің әрбір оныншы тұрғыны тұтынатын «инсулин» дәрісін ойлап тапқан. Бантинг өзінің көмекшісі Бест екеуі иттің ұйқы безінен дәрі ойлап тауып, сол кезде «қант диабеті» ауруымен ауыратын Леонардо Томпсон есімді балақайды ауруынан айықтырады. Қазір әлемде жарты миллиардтан астам адам «қант диабетімен» ауырады екен. Олардың бәріне осы Бантинг ойлап тапқан дәрі көмектесіп жүр.
Қазір әлемдегі ең танымал спорт ойындарының бірі баскетболды сол Онтариода туған Джеймс Нейсмит есімді спорт бапкері ойлап тапқан. Алғашқыда баскетболдың себеті жерде жататын болған. Спортшылар допты жерде тұрған себетке түсіріп ойнаған. Уақыт өте келе себетті бағанаға қойып ойнайтын болған. Қалай десек те баскетболды алғаш ойлап тапқан канадалық азамат екені даусыз.
Канадалық жиһанкез, ғалым Абрахам Геснердің өнертабысы әлемде киттердің сақталып қалуына көмектесіп. Геснер ашқан жаңалыққа дейін адамзат киттің майын керосиннің орнына пайдаланып келген. Геснер 1846 жылы Канаданың Чарлеттон қаласында өткен форумда битум элементінен майшамға арналған май ойлап тапқанын мәлімдейді. Ол бұл өнертабысын «керосилин» деп атайды. Бірақ, 1845 жылы Ресейдің Львов қаласында ағайынды Дубининдер де осы майды өз аттарына патенттеп алуға әрекет етіп жүрген еді. Олардың алдын орап кеткен Геснер «керосин» атауын өз атына патенттеп алады. Осылайша әлем керосинді алғаш ойлап тапқан өнертапқыш ретінде ресейлік Дубининдерді емес, Абрахам Геснерді таниды.
Бүгінде керосиннен де теріс айналған заманға жақындап келе жатырмыз. Адамзат керосин майын қолдан жасайтын уақытқа жеткенде, канадалық Геснердің өнертабысы түкке жарамай қалды. Есесіне жер бетінде мұнайға деген сұраныс күрт артты. Ал, мұнай қоры бойынша Канада тіпті Ресей, БАӘ сияқты «қара алтын» алпауыттарының алдында тұр. Таң қаларлық тағы бір дерек, Солтүстік Америка құрлығы бойынша алғашқы мұнай бұрғысы АҚШ-та емес, Канадада салынған.
Канада мұндай талантты, өнертапқыш адамдарға қалай бай дейсіз ғой?! Режиссер Кэмерон мен баскетболды ойлап тапқан Нейсмиттің шыққан тектері шотландиялықтар, Бантингтің ата-анасы Ирландия мен Шотландия азаматтары болған, ал, Геснердің ата-бабасының сүйегін іздесеңіз, Нидерландыдан табасыз. Мигранттардың көшіп келуі бойынша ешкімге дес бермейтін АҚШ-пен көршілес бола тұра, Канаданың осындай жетістіктерге жетуінің сыры неде? Енді осыған тоқталайық.
АҚШ-қа қоныс аудара қалсаңыз, есіңізде сақтаңыз, сіз шыққан тегіңізді, ұлтыңызды, діліңізді, тіліңізді, өткеніңізді, бәрін-бәрін ұмытасыз. Мұнда сіз ағылшын тілінде сөйлейтін нағыз америкалық болуыңыз керек. Әйтпесе, АҚШ-та өмір сүру мүмкін емес. Ал, бұл жағынан Канадада еркіндік бар. Мұнда ортақ тіл деген ұғым жоқ. Мәселен, Квебек атты үлкен шаһарда тұрғындар французша сөйлесе, қалған өңірлерде ағылшынша сөйлейді. Ал, жалпылама өңірлерге бөліп қарайтын болсақ, бірыңғай қытай, неміс, араб, пенджаб (Үндістан), украин тілінде сөйлейтін аймақтар да жетерлік.
Канада үкіметі мемлекеттің ресми тілі болып саналмайтын неміс, пенджаб, қытай, корей, испан тілдерінде білім беретін мектептерді қаржыландырудан тартынбайды. Бұл тілдерде шығатын газеттер де мемлекеттің қолдауына ие. Яғни, Канадада АҚШ секілді елге келуші мигранттардың шыққан тегін ұмыттыруға емес, керісінше, соны мақтаныш етуіне жағдай жасайды. Бұл қайдан шыққан сүйіспеншілік дерсіз?!
Осы тұста сәл шегініс жасауға тура келеді. Осыдан екі ғасырдай уақыт бұрын еуропалықтар Солтүстік Америкаға қоныс аудара бастайды. 1870 жылы АҚШ тұрғындарының саны 39 миллиондай болса, Канададағы тұрғындары саны бұдан 10 есе (3,6 миллион) аз болды. 1872 жылы Канада үкіметі ел үшін тағдыршешті реформалардың бірін қабылдайды. Реформаға сәйкес елге көшіп келуші азамат небәрі 10 долларға 65 гектар жер сатып ала алады. Егер 1871 жылы Канада тұрғындарының саны 3,6 миллион болса, 1971 жылғы санақ бойынша халық саны 6 жарым есе (21,7 миллион) өскен. Қазір мигранттар ең көп қоныс тепкен әлем қалаларының рейтингісінде Канаданың екі шаһары (Торонто – 1,4 миллион, Монреаль – 705 мың) алғашқы ондықта жүр. Бір қызығы, Торонто тұрғындарының жартысынан көбінің шыққан тегін іздесеңіз айналадан да, Канададан да таппайсыз. Торонто – мұндай көрсеткішке ие әлемдегі жалғыз шаһар.
2021 жылы Канада үкіметі тағы бір тосын мәлімдеме жасады. Ел билігі ресми түрде 2022-2024 жылдар аралығында Канадаға тағы да 1,5 миллион мигранттың көшіп келуіне жағдай жасайтынын айтты. Онсыз да шетелдік азаматтарға толған мемлекетке тағы да мигранттар не үшін қажет болды? Оның себебі елдегі бала туу көрсеткішінің төмендеп кетуінде. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Канадада демографиялық дүмпу орын алып, бұл ел бала туу көрсеткіші жағынан АҚШ, Ұлыбритания, КСРО секілді елдердің алдына түсіп кеткен. Енді сол 60 жылдай уақыт бұрын дүниеге келген сәбилер зейнеткерлікке шығатын жасқа жетті. Канадада халықтың жаппай зейнеткерлікке шығу процесі жүріп жатыр. Бұл табиғи процесс болғандықтан оны тоқтату Канада билігінің қолынан келмейді. Қайтпек керек?! Дұрыс, елге тағы да мигранттар тарту жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстар жоғары білім беру бойынша да іске асырылып жатыр. Канада шетелден келетін студенттердің саны бойынша (552 580) әлем елдерінің ішінде үшінші орын алады.
Миграциядағы еркіндік демографиялық проблеманы шешкенімен, басқа бір проблеманы тудырып отыр. Ол – баспана мәселесі. Канаданың Ванкувер қаласы үйдің нарықтағы бағасы бойынша әлемде Гонконг, Сингапур, Шанхай қалаларынан ғана қалып қояды. Ал, Торонтодағы үйді жалға алу бағасы Сидней, Абу-Даби, Майами секілді үлкен мегаполистердегі бағаның алдын орап кетеді. Ванкувер мен Торонтодағы бір бөлмелі пәтерді бір айға жалға алу үшін 2,5-3 мың доллардың көлемінде ақша керек. Ал, бұл қалаларда Канада халқының төрттен бірі тұрады. Канада жер көлемі бойынша әлемде Ресейден кейінгі екінші орынды алғанымен, халықтың қоныстануы бойынша ең тығыз орналасқан мемлекеттердің бірі. Тұрғындарының басым көпшілігі Оттава, Ванкувер, Торонто, Монреаль секілді ірі мегаполистерге қоныс тепкен. Канада халқының 90 пайызы оңтүстікте, яғни АҚШ-пен шекараның айналасында тұрады екен. Мұндағы тұрғындар үшін АҚШ-қа жету екі-ақ сағат уақытты алады.
Халықтың бұлай қоныстануына басты екі себеп бар. Канада өзінде өндірілетін тауарлардың 75 пайызын АҚШ-қа экспорттайды. Екіншіден, канадалықтар өздерін «қар шығаруда көшбасшы елміз» деп әзілдейді. Елдің солтүстігіндегі ауа температурасы 0 градустан жоғары болған емес. Қыс айларында -30 градусқа дейін барады. Елдің басым бөлігінде ерімейтін мұздықтар, қарлы ормандар бар. Ол аймақтарда жерасты қазба байлығы мол болғанымен, қала салу, тұрғындарды онда көшіру мүмкін емес.
Оның үстіне Канада экономикасының үштен екі бөлігі АҚШ-қа тәуелді. Канаданың АҚШ-тың 51-штаты немесе көлеңкесі деп аталуы да тегін емес. Канадада өндірілетін мұнайдың – 97, автокөліктің – 91, алюминийдің – 89, темір-болаттың – 85, ағаштың 84 пайызы АҚШ-қа экспортталады екен. Егер Мексика АҚШ үшін арзан жұмыс күшін алатын «базар» болса, Канада жер асты қазба байлығы мол «қойма» саналады. 
Соңғы кездері АҚШ-тың бұл «қоймасында» айтарлықтай проблемалар пайда болды. Иә, кейінгі жылдары Канадаға ағылған мигранттардың есебінен ел экономикасы өсті. Физикалық жұмыс күші артқан соң, өндірілетін тауарлардың да көлемі ұлғайды. Алайда, жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемінде айтарлықтай өсім байқалмайды. Ірі мегаполистерден баспана алу бағасы шарықтап тұрған соң, көшеде түнейтіндердің қатары қалыңдады. Ал, Канаданың қатал қысында далада түнеу оңай емес. Осыған байланысты Канада үкіметі жыл сайын мигранттарды баспанамен қамтамасыз ету үшін миллиардтаған долларды әлеуметтік бағдарламаларға жұмсауға мәжбүр.
Одан бөлек елде есірткі дерті өршіп тұр. Егер 2019 жылы Канадада есірткіні артық мөлшерде қолданған 700 адам қайтыс болса, 2022 жылы 7200 адам өмірімен қош айтысқан. Көріп отырғандарыңыздай, үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 10 есеге дейін өскен. Үкімет есірткімен күресудің орнына 18 жасқа толған азаматтарға өздерімен бірге 2,5 граммға дейін есірткі алып жүруге болатын заң қабылдап тастады. Тіпті, мектептерде есірткіні қалыпты мөлшерде қолдануды үйрететін сабақтар бар.
Биліктің бұл позициясына наразылар да баршылық. Мәселен, Джерри Мартин есімді азамат дүкен ашып, онда ашық түрде есірткі саудалаған. Әрине, оны тәртіп сақшылары ұстап, темір торға тоғытқан. Джерри Мартин журналистерге берген сұхбатында «мемлекет есірткі қолдануға салынған тыйымды алып тастады. Бұл дегеніміз есірткі бизнесіне де тосқауыл жоқ деген сөз. Ендеше, неге есірткі сатқан адамды түрмеге қамайды?» деген екен. Кейін белгілі болғандай, Джерри Мартиннің туған інісі нашақорлардың қолынан қаза тапса, тағы бір туыс інісі есірткіні артық мөлшерде қолданғаннан о дүниелік болыпты. Ол бұл іске күйінгеннен барыпты. Есірткі сату арқылы бұл нәрсенің қоғамға қаншалықты зиян екенін ұғындырғысы келген. Осы әрекеті арқылы мемлекеттің азаматтарға есірткі қолдануға рұқсат еткен көзқарасын да өзгертпекші болған. Кейіннен Мартиннің өзі де осы есірткіні артық қолданғанның салдарынан қайтыс болыпты...
Айтпақшы, Канада «эвтаназияға» (медициналық жолмен өмірмен қош айтысу) заңмен рұқсат берген аз ғана елдердің бірі. Өмірден түңілген азаматтар дәрігерге жүгініп, қалаған уақытында ана өмірге аттанып кете алады. Былайша қарап тұрсаңыз, бай-бақуатты ел, тұрғындарының да жағдайы жақсы. Орташа жалақы мөлшері АҚШ, Ұлыбританиямен салыстыруға келмес, бірақ, Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерімен бір деңгейде. Халықтың өмір сүру ұзақтығы бойынша Канада Гонконг пен Жапониядан кейінгі үшінші орынды алады.
Канада экономикасы дамыған елдердің қатарында болғанымен, білім мен жаңа технологияларға көңіл бөлу бойынша артта қалған. Мұнда жыл сайын ғылымға бөлінетін қаражат 25 млрд. АҚШ долларының көлемінде. Салыстыру үшін айтайық, көршілес АҚШ-тағы бұл көрсеткіш 25 есе көп. Канада тапқан табысын ірі мөлшерде салыққа құятын мемлекеттердің қатарында. Бұл көрсеткіш жөнінен «үйеңкі жапырақты» мемлекет әлемде Франция мен Данияға ғана жол береді. Канадалықтар табысының 32,2 пайызын салыққа төлейді. Одан артылған ақшаны білім, жаңа технологиялар секілді салаларға инвестиция ретінде құйғаннан гөрі, баспана бизнесіне жұмсағанды құп көреді.  
Канада халқын үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірінші, табысты адамдар салықтан артылған ақшасын баспана сатып алуға, оны өзгелерге жалға беруге ұмтылып бағуда. Екінші, орта деңгейлі азаматтар салықтан артылған ақшаны ай сайынғы пәтерақысына жеткізумен әуре. Үшінші, баспанасыз азаматтар (көбіне елге жаңа келген мигранттар) ел билігіне алақан жаюдан қолдары босамайды. Ал, осылардың бәрінің ортасында отырған билік әлемнің әр түкпірінен жиналған мультимәдениеттердің арасында жанжал туып кетпеу ісімен ғана айналысып отыр. Өзге жаққа бұрылуға шамалары да келмейді. 
Канаданың даму тарихында бірнеше адамның есімдерін атадық. Соның ішінде инсулинді ойлап тапқан Фредерик Бантинг пен есірткі дүкенін ашқан Джерри Мартинді салыстырғымыз келіп тұр. Екеуі де қоғамды дендеп алған дерттен арылтқысы келді. Екеуін де өз заманының «қаһармандары» деп айтуымызға толық негіз бар. Канаданың жағдайынан ұққанымыз, білім мен инновацияға құйылған қаржы Мартин секілді емес, Бантинг сияқты батырларды көптеп шығарады. 

1 пікір

  • Alicia Endre
    Alicia Endre

    HOW TO FIND AND RECOVER YOUR STOLEN BITCOIN I’m writing to the public to provide knowledge about Lost Recovery Masters. Look no further if you ever demand hacking services, When I lost more than $150,000 USD in bitcoin, individually I found myself in a challenging situation, I was inconsolable and believed I had reached my lowest point, I had no hope of getting my invested money back. All that changed when I discovered Lost Recovery Master and everything was transformed. The company intervened and helped me get all my money back within a short period of time. Their services are well recommended and they ensure maximum satisfaction to their clients. You can contact them via Website: (https://lostrecoverymasters.com/) Whatsapp (+44(7537-105921) Support Email (Support@lostrecoverymasters.com)

Пікір қалдырыңыз