Газ тартылып, жол жөнделеді

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында 6 млрд. теңгенің ауқымды жұмыстары жүргізілуде. 

Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 4,5 млрд. теңгенің есебінен «көгілдір отынға» қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға жіберілген. Сала мамандарының айтуынша, 2026 жылы мақтааралдықтар табиғи газды толығымен пайдаланатын болады.
Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының мәліметінше, аудандағы елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, тұрғындар саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. 19 елді мекеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса, көрсеткіш  95%-ға жететін болады.
Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр. Өйткені, 556 шақырым ішкі көшелері бар аудан жолдарының 
30 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 80 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір аудандағы 54 елді мекенде ауыз су тәулік бойы, 
13 елді мекенде кестемен беріледі. Кестемен берілетін 13 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, оның төртеуіне мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа жол елді мекені мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Азаттық елді мекенінің ауыз су құрылысы жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінде қабылдап алу жұмыстары жүріп жатыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз