Мұрагерлікке қатысты дау қалай шешіледі?
Заман өзгерген сайын заңнамаларды да жетілдіру қажеттілігі сезіліп келеді. Себебі, қазір судьялардың міндеті баяғыша болғанмен, қаралатын арыздар алуан түрлі. Мәселен, бұрын мұрагерлікке қатысты даулар өте сирек кездесетін еді. Ата-анасынан қалған үй еш талассыз, талқысыз отбасының кенжесіне қалдырылатын. Оған ешкім дау айтып, шағым түсіріп жатпайтын. Бұл қазақы дәстүрдің, ұлттық болмыстың бір бөлшегіндей күні кешеге дейін сақталып келді.
Ал, қазір үй үшін отбасының барлық баласы араздасып, үлестерін алу үшін бет жыртысып, туысқандық қатынастарына сызат түсіріп алып жатады. Мұндай келеңсіздікпен әрбір судья бетпе-бет келіп жүр десек, артық айтқандық болмас. Себебі, мұрагерлікке қатысты құжаттарын қамдап, «тегін ірімшіктен» қарпып қалуға ұмтылу бүгінгі заманның көңілсіз көрінісіне айналғанына көзіміз үйрене бастады. Бұл бір жағынан бүгінгі қоғамдағы туыстық, жақындық, сыйластық сезімдердің жоғалып бара жатқанын да аңғартатындай. Әрине, ажал айтып келмейді. Десек те, дәл осындай түйткілдер орын алып жатқанда өзі кеткен соң соңында қалған ұрпағы мен жақындарын таластырып, дүние үшін қырқыстырып қоймас үшін әркімнің де алдын-ала ойланғаны жөн. Мұндайда мұрагерлікке қатысты құжаттарды дайындап қою еш артықтық етпейді.
Жалпы мүлік, соның ішінде, жылжымайтын мүлік екі жолмен: заң бойынша және мұра берушінің соңғы аманаты бойынша өсиет хат негізінде мұрагерлікке қалады. Мұрагерлер заңда көрсетілген процедураға сай мұра алуға шақырылады. Қазақстан Республикасының азаматы да, шетел азаматы да, мемлекет те мұрагер бола алады. Яғни мұраға иелік етуге құқық беру мұрагердің азаматтығына қарамайды. Міндетті үлес құқығына мұра берушінің кәмелет жасқа толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ, еңбекке жарамсыз әйелі мен ата-аналары ие бола алады.
Егер алдын-ала мұра жазылып, ол заңдық тұрғыда бекітілсе, оған ешкімнің таласы тумайды. Өсиет етушінің қалауы бойынша құзырлы орындар мұрагерлікті рәсімдеп береді. Ал, мұра болмаған жағдайда дүниені бөлудің өз тәртібі бар. Ең бастысы, нотариуста құжаттарды рәсімдеу қажет. Сонымен қатар, рәсімделген мұраны мұрагер де дер кезінде қабылдауы керек. Мұрагерлік ашылған күннен бастап мұрагердің оны қабылдайтыны немесе басқа мұрагерлердің пайдасы үшін одан бас тартатыны нақтыланады. Егер мұрагер мұраға иелік етуден бас тартса, бұл шешім кейін қайтадан өзгертілмейтінін түсінген жөн.
Жылжымайтын мүлікке қатысты мұрагерлік құқықты нотариалдық тәртіппен рәсімдеу үшін толтырылатын құжаттар да реттелген. Ол үшін мұра иесінің қайтыс болғандығы туралы куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі; мұра берушімен туыстық қатынасын растайтын құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі, пәтерге құқық белгілейтін құжаттар, қайтыс болған адамның соңғы тұрғылықты жері туралы және жылжымайтын мүлікке қатысты құқығы туралы анықтама тапсыру міндеттеледі.
Заңға сай мұраны қабылдау уақыты
6 ай деп белгіленеді. Ендеше, кейін әуре-сарсаңға түспес үшін мұрагерлік құжаттарды мезгілінде жинақтап, алты айдан кешіктірмей рәсімдеген дұрыс. Әрине, өмір болған соң бұл уақытты өткізіп алып, өз құқығын қалпына келтіруге тырысатындар да бар. Егер мұраны қабыл алу мерзімі өтіп кеткен болса, онда бұл туралы сотқа өтініш беру қажет. Егер мұрагер мерзімді белгілі себептермен өткізіп алған болса және де мерзімі өткеннен кейінгі алты ай ішінде сотқа жүгінген болса, онда сот мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіреді және мұрагерді мұраны қабыл алды деп есептейді.
Айнұр ОЛЖАБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының
бас маманы.