ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ ҒАЛЫМДЫҚ ТҰЛҒАСЫ

Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл

Тұрар Рысқұловтың ғұмырнамасы

Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлы (1894 –1938) – Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат.

Т.Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысы Верный уезінің Шығыс Талғар болысында жылқышы Рысқұл Жылқайдарұлының отбасында дүниеге келеді. Нақақ жалаға ұшыраған Рысқұл 1904 жылы 20 желтоқсанда Шығыс Талғар болысын атып өлтіреді. Жалғыз ұлы Тұрардың тағдырына алаңдаған Рысқұл 30 желтоқсанда полицияға берілуге мәжбүр болып, Верный түрмесіне қамалады. Рысқұл түрме әкімшілігіне шағымданып, ұлын қасына алдыртады да, Тұрар әкесімен бірге Верный түрмесінде бір жарым жыл өмір сүреді. «Түрме баласы» аталған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов – «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, 1907 жылы Тұрарды туыстары Әулиеата уезінің Меркі ауылына алып кетіп, орыс-түздік мектебінде оқытады.

1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, 1914 жылы күзде Пішпек ауылшаруашылығы училищесін бағбан мамандығы бойынша бітіреді.

Ташкент маңындағы Красноводск ауылшаруашылық тәжірибе станциясында бір жылдай бағбан болып жалданып жұмыс істейді. Ташкент қаласындағы ерлер гимназиясында сырттай оқып, 2-ші разрядты ерікті тыңдаушы куәлігін алады.

1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Көтерілістің өршіген тұсында Тұрарды жергілікті полиция тұтқындайды, бірақ кінәсін дәлелдей алмай, амалсыз босатуға мәжбүр болады. Патша полициясы Тұрардан саясатпен шұғылданбайтындығы туралы қолхат алады.

Ташкентке оралған Т.Рысқұлов 1916 жылы қыркүйекте Ташкент мұғалімдер институтының директорынан қабылдау емтихандарын тапсыруға рұқсат алып, оқуға түседі. Оқи жүріп, бағбандық жұмысын жалғастырады.

Т.Рысқұловтың Меркіге келіп қызу саяси істермен шұғылданып жатқанын естіген бала күнгі достары мен сауатты жастар Әулиеата, Пішпек, Талас, Шу, Қордай аудандарынан Меркіге ағыла бастайды. Т.Рысқұлов саяси тұрақсыздық жайлаған кезеңде көшпелі халықтың саяси құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғау мақсатымен «Бұқара» атты ұйымын құрады. Кейінгі жылдары өзгерген саяси ахуалдың ықпалымен ұйымның аты «Қазақ жастарының революциялық одағы» болған еді деп көрсеткен.

1917 жылы 30 тамызда Ташкентте қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылып, оның хатшысы болып Т.Рысқұлов сайланады. Артынан қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі мен орыс шаруа депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі өзара бірігіп, Қазақ және орыс шаруа депутаттары кеңесінің Түркістан өлкелік атқару комитетін ұйымдастырады.

Т.Рысқұлов «Бұқара» ұйымы мүшелерін Әулиеатаға шақырып, саяси жағдайды талқылайды. Ол кезде Әулиеатадағы билік еуропалық большевиктер мен солшыл эсерлердің қолында болатын, олардың арасында мұсылмандар жоқ еді. Т.Рысқұлов қазақ жігіттеріне саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған кеңес үкіметіне кіру керектігін, аштан қырыла бастаған қазақ жұртын арашалап алу үшін басқа жолдың жоқтығын түсіндіреді.

1918 жылы 21 сәуірде Т.Рысқұлов Әулиеата қазақтарының тұңғыш съезін ұйымдастырады. Съезде ашаршылықпен және жұқпалы аурулармен күрес, қазақ-орыс қарым-қатынасы, уездік кеңес құрамына қазақтар арасынан депутаттар сайлау туралы мәселелер талқыланады. Т.Рысқұлов қазақ съезінің шешіміне сәйкес Әулиеата уездік кеңесінің мүшесі болып қабылданады. 1918 жылы жазда Т.Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланады.

1918 жылы сұрапыл ашаршылық Әулиеата уезін ғана емес, Түркістан өлкесін де тұтастай шарпыған еді. Ресейдің мақта өсіретін отар аймағына айналған Түркістанда астық аз егілетін, ал азамат соғысы жағдайында Ресейден тасылатын астық тоқтады да, халық қатты қырыла бастады. 1918 жылы күзде Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің VI съезінде Т.Рысқұлов ТАКСР ОАК мүшесі болып сайланып, республиканың Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалады.

Т.Рысқұлов 1918 жылы 28 қарашада комиссарлық қызметтен бас тартып, Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрады.  Аштықпен күрес комиссиясының республикалық, облыстық, уездік, болыстық және қалалық бөлімшелері ашылып, бүкіл республикада 1200-дей қоғамдық тамақтандыру орындары, жетім балалар үйлері, жұқпалы ауруларға арналған емханалар ашылады. Т.Рысқұловтың шақыруымен Түркістан өлкесінің 11 000 отаншыл жастары комиссия бөлімшелеріне тартылды. Бес-алты айға созылған арпалыстан кейін 1919 жылдың көктеміне қарай Түркістанда ашаршылықтың беті қайтты.

Т.Рысқұлов 1919 жылы сәуірде ТКП ішінен жеке Мұсылман бюросын құрады. Т.Рысқұлов Мұсбюроны Түркістанды билеп отырған еуропалық большевиктермен тайталаса алатын ұйымға айналдырып, Түркістан мұсылмандарының жеке саяси партиясы дәрежесіне дейін көтереді. Мұсбюро 1917-1919 жылдары Түркістанның саяси өмірі мен мемлекеттік басқару жүйесінде орнығып қалған шовинистік дәстүрлердің ірге тасына соққы берді, шовинистердің аса ірі өкілдерін Түркістаннан кетуге мәжбүр етті. Мұсбюро Түркістанның жергілікті халықтарынан мемлекет, партия, кеңес қайраткерлерін, сондай-ақ, ғылыми-шығармашылық интеллигенцияны, шаруашылық басшылары мен әскери мамандарды даярлап шығаратын орталық болды.

Орталық Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюроның ұлт мәселесі бойынша ұстанған саясатынан қатты қауіптенеді. Осылайша, Түркістанның өз ішіндегі саяси күресте жеңіп шыққан Т.Рысқұлов бастаған мұсылман коммунистері келесі кедергіге, РК(б)П ОК-нің Мәскеуден Түркістанға арнайы жіберген эмиссарлық органы – Түріккомиссияға килікті. 1919 жылы 4 қарашада Түріккомиссия Ташкентке келеді де, Түркістанның саяси өміріне белсене араласа бастайды.

1920 жылы 21 қаңтарда Т.Рысқұлов ТАКСР ОАК төрағасы болып сайланды. Т.Рысқұлов – Түрікатком тарихында төраға болған жергілікті халықтың тұңғыш өкілі. Түрікатком төрағасы қызметінде 1920 жылдың 19 шілдесіне дейін қызмет атқарды.

Т.Рысқұловтың Түрікатком төрағасы қызметінде атқарған қызметінің ең бастысы және маңыздысы Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы табанды күресі болды. Түркістанды түрік тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл саясатты іске асыру үшін Т.Рысқұловқа Түріккомиссиямен, Түркістан майданы Революциялық-әскери кеңесімен және РК(б)П ОК-мен күресуге тура келді. РК(б)П ОК ұлт саясатына наразы болған Т.Рысқұлов 1920 жылы Түркістанның егемендігі мәселесімен Мәскеуге барып, В.И.Ленинмен қызу саяси тартыстар жүргізеді, сол үшін артынан қатты қуғындалды. Мәскеуде Т.Рысқұлов пен А.Байтұрсынов бірігіп ұлт мәселесі бойынша В.И.Ленинге көлемді хат тапсырады.

Түркістан Республикасының егемендігі мен Тұтас Түркістан идеясын көтергені үшін қуғындалған Т. Рысқұловты РК(б)П ОК 1920 жылы жазда Түркістаннан кетуге мәжбүр етті.

И.В.Сталин, Т.Рысқұловқа жұмыс бермей, Мәскеуден алыс ұстау үшін 1921 жылы 6 қаңтарда Әзербайжан ХКК төрағасы Н. Наримановқа хат жазып, Т.Рысқұловты орталықпен байланыс үшін кеңес беру құқығы бар комиссариаттың өкілетті өкілі етіп Бакуге жібереді. Бакуде Т.Рысқұлов қосымша өкпе ауруын жұқтырып алады.

1921 жылы сәуірде науқасы асқынған Т.Рысқұлов қымызбен емделу үшін Бакуден Ташкентке қайтуға мәжбүр болады. Түркістанға келіп 1921 жылдың қыркүйек айына дейін емделген Т.Рысқұлов толық жазылмаса да Москваға келеді. 1922-1923 оқу жылында Мәскеу Шығыстану институтына студенттер қабылдайтын Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы болды. Т.Рысқұлов Шығыс халықтарының Орталық баспасын ұйымдастырады және баспаның алғашқы бас редакторы болды. Баспаны құру туралы құжаттардың барлығын өзі даярлайды. Т.Рысқұлов Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университеті жанынан Жұмысшы факультетін аштыртады, осы оқу орнында өзі де дәріс оқиды.

Т.Рысқұлов 1922 жылы 16 тамызда РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Ұлттар кеңесінің мәжілісінде ашық дауыс беру жолымен комиссардың үшінші орынбасары болып сайланады. Осыған қарамай, Саяси бюроның 1922 жылдың 24-тамызында өткен мәжілісінде халком И.В. Сталиннің жанындағы комиссариаттың кіші коллегиясын ұйымдастырып, Г.И. Бройдоны бірінші орынбасар, Т.Рысқұловты екінші орынбасар етіп бекіту туралы шешім қабылдады.

1922 жылдың көктемінде қирап бара жатқан Түркістандағы халық шаруашылығын қалпына келтіру мен асқынған «басмашылықты» тоқтату үшін Т. Рысқұловты Түркістанға қайта жіберу мәселесі көтеріле бастады. Көп ұзамай, РК(б)П ОК-ның Ұйымдастыру Бюросы          1922 жылы қыркүйекте Түркістанның қираған шаруашылығын қалпына келтіру үшін Т.Рысқұловты Түркістанға қайтарып, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы етіп тағайындау туралы шешім шығарады.

Т.Рысқұлов Түркістан Республикасының мемлекеттік басқару аппаратын қысқарту және оның үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді. 1922 жылы күзде республиканың түрліше деңгейіндегі басқару аппараттарында 110 000 адам қызмет атқарған болса, 1923 жылы 1 қаңтарда республикадағы басқару аппараттарының штаты 11 170 адамға белгіленді.

Т.Рысқұловтың ерекше көңіл бөлген саласының бірі – оқу-ағарту мәселесі болды. Республикада сауатсыздықты жоймай халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету мүмкін емес еді. Т.Рысқұловтың баяндамасының негізінде 1922 жылы желтоқсан айының басында өткен Түркістан кеңестерінің XI съезі халық ағарту ісіне мемлекеттік бюджеттің 30%-ға дейінгі, ал жергілікті бюджеттердің 24%-на дейінгі бөлігін босату туралы шешім қабылдады.

1923 жылы 23 қарашада Т.Рысқұлов Халық ағарту ісіне көмектесу бюросын құру туралы баяндама жасайды. Т.Рысқұловтың ғылым мен өнерді дамытуда қосқан үлесі де елеулі. Республикада беделді ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттарын ашу, ғалымдарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселелерін назарда ұстады. 1922 жылдың желтоқсанында Ташкент қаласында қазақ мәдениетін өркендету мақсатымен «Талап» қоғамы құрылды.

Т.Рысқұловтың қызметінің бір бағыты студенттермен жұмыс мәселесін қамтыды. Германиядағы түркістандық студенттердің жағдайымен танысып қайту масатымен 1923 жылы тамызда Т.Рысқұлов басқарған үкімет делегациясы ұйымдастырылды.

1924 жылы 15-сәуірде Коминтерннің атқару комитетінің хатшылығы шешімімен                          Т.Рысқұлов Орта-Шығыс бөлімі меңгерушісінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.                           1924 жылдың тамызынан бастап 1925 жылдың шілдесіне дейін Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі қызметін атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел болып қалыптасуы жолында ересен еңбек сіңірді. Оған оның Моңғолия астанасының атын қоюға және Конституциясының қабылдануына атсалуы ғана жарқын мысал бола алады.

Т.Рысқұлов Қазақстанға келе салысымен-ақ әдеттегіше жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ол кезде Қазақстанда 29 мерзімді басылым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде болса, 12-сі қазақ тілінде, 1-уі ұйғыр тілінде шығатын. Т.Рысқұлов өлкелік баспасөз бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыл кеңестерінің жұмысын жандандыру бағытында орасан зор жұмыс атқарды. Сонымен қатар, республикалық баспасөзге жұмсалатын қаржыны көбейтуге, губерниялық баспасөз бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге баса назар аударды.

1926 жылы 25 сәуірде Қазақ, Татар және Башқұр автономиялық республикалары қызметкерлерінің қатысуымен өткен кеңесте «РКФСР орталық мекемелерінің жауапты орындарына ұлт қызметкерлерін ұсыну туралы» мәселе қаралып, Т.Рысқұлов – РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ұсынылды. 1926 жылы 13 мамырда өткен Қазөлкомы бюросының мәжілісінде қабылданған «қазақ баспасөзін жетілдіру жөніндегі іс-шаралардың» баяндама тезистері негізінде қабылданғаны айдан-анық. Бюро мәжілісі Т.Рысқұлов басқаратын бөлімнің жұмыс жоспарын бекітіп қана қоймай, баспасөзге бөлінетін жаңа қаржы көздерін іздестіру мен тарту бойынша да ұсынылған шараларды бекітті.

1926 жылы 19 мамырда өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысқан Т.Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің жазылу ақысын 8 миллион сомға дейін көбейту туралы шешімнің шығуына ықпал жасады.

1926 жылдың 27 мамырында өткен БК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде «РКФСР ХКК төрағасының үшінші орынбасары туралы» мәселе қаралып, бұл орынға Т.Рысқұловты тағайындау туралы шешім қабылданды. Көп ұзамай, БК(б)П Қазөлкекомына БК(б)П ОК хатшысы В.Молотовтан 1926 жылдың 31 мамырындағы БОАК Төралқасының қаулысымен Т.Рысқұловтың РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілгені туралы хабарлама келіп жетті.

Осыдан кейін, Т.Рысқұлов 14 маусымда өткен Қазөлкомы хатшылығының және 16 маусымда өткен Қазөлкомы бюросының мәжілістеріне қатысады. 16 маусымдағы бюро мәжілісі жаңа қызметке тағайындалуына орай Т.Рысқұловты Орталыққа жіберу туралы шешім шығарды. Осылайша, Т. Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Қазақстан тарихына өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.

Т.Рысқұлов РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметінде 1937 жылдың 21 мамырында тұтқындалғанға дейін үздіксіз жұмыс атқарды. Бұл жиырма жылдық саяси-мемлекеттік қызметінде Т.Рысқұлов көтерілген ең жоғарғы қызмет болатын, әрі ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Т.Рысқұловтан басқа қазақ баласы мұндай жоғарғы қызметке қол жеткізе алмады. Ол осы аралықта өткен РКФСР Кеңестерінің барлық съездерінде осы қызметке қайта сайланып отырды.

1929–1933 жжылдары РКФСР ХКК жанындағы Экономикалық кеңес мүшесі, орынбасары болып қызмет атқарды. Т.Рысқұлов РКФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде жүріп көптеген мемлекеттік комиссиялардың құрамында жұмыс істеді: ауыл шаруашылығына қатысты жалпы мәселелерді реттеу үшін құрылған комиссияда, саяси істер жөніндегі комиссияда, РКФСР Кеңестерінің 13-15 съездерін өткізуге жетекшілік жасайтын комиссияларда, Москва қаласы шаруашылығын жетілдіру жөніндегі комиссияда, КСРО ОАК Бюджеттік комиссиясында және т.б. Мәскеуде Т.Рысқұлов Кеңестер Одағына танымал қайраткерге айналды.

Т.Рысқұлов 1926 жылы қараша айында Мәскеу қаласында БК(б)П ОК рұқсатынсыз ұлт қайраткерлерінің құпия кеңесін ұйымдастырады. Өз рұқсатынсыз кеңес өткізгені үшін Т.Рысқұлов БК(б)П ОК тарапынан қатты айыпталды. Ал, кеңеске қатынасқан ұлт қайраткерлерінің барлығы өз республикаларында партиялық сөгіс алады.

1926-1930 жылдары Т.Рысқұлов Түркістан-Сібір темір жолының құрылысына Жәрдемдесу комитетін басқарды. Темір жолдың арқасында қазақ ортасында маман жұмысшылар мен инженерлер қалыптасты.

И.В.Сталиннің қолдауымен Қазақстанды сегіз жыл жеке-дара билеп-төстеген Ф.И.Голощекиннің қазақ халқына қарсы қанды қол саясатының кесірінен  1932-1933 жылдары тұтас бір ұлт сұрапыл ашаршылыққа ұшырап, этнос ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалды. Мәскеудің ет даярлау саясатының нәтижесінде ұжымдастырудың алдында қазақ көшпелілерінің қолында болған 44 млн. бас малдан небәрі 4 млн. мал ғана аман қалған. Ұлт тағдырына қауіп төнген осындай кезеңде халықты құтқару үшін Т.Рысқұлов И.В.Сталинге қаймықпай хат жазып, ерлік жасады.

ХХ ғасырдың 30-шы жылдардың басында Мәскеуде И.В.Сталиннің озбыр саясатына қарсы оппозициялық күштер бас көтерген болатын, осындай күштердің бір тобы РКФСР үкіметінде шоғырланды.  Ол топты С.И.Сырцов (1893–1937) басқарды. С.И. Сырцов 1929–1930 жылдары С.И.Сырцов тұтқындалғаннан кейін арнайы органдар Т.Рысқұловты сырттай бақылауды күшейткен болатын.

1936–1937 жылдары И.В.Сталиннің режимі өзінің шарықтау шегіне жетті. «Лениндік гвардияның» соңғы азулы өкілдері Бухарин мен Рыков та тұтқындалды.

1937 жылы ақпан-наурыз пленумында Т.Рысқұлов делегаттар ортасында үгіт жүргізіп, Бухарин мен Рыковты тұтқыннан босату үшін бірігуге шақырады. Аталған пленумнан кейін іле-шала Сталиндік үлкен террордың басталғаны белгілі. Сталин мен Ежов Т. Рысқұловты алғашқы кезекте қуғын-сүргінге ұшырайтын кеңестік саяси элитаның тізіміне енгізді.                                     Т. Рысқұловты 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде тұтқындап, арнайы күзетпен Мәскеуге жеткізеді. Сегіз айдай тергелгеннен кейін, 1938 жылы 8 ақпанда ату жазасына кесілді. Үкім 1938 жылы 10 ақпанда орындалды.

Т.Рысқұлов тұтқындалған кейін көп ұзамай жұбайы Әзиза Тубекқызы да тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалады. Тұтқындалған кезде аяғы ауыр Әзиза Түбекқызы Рида есімді қызын 1937 жылы      30 маусымда түрмеде босанады. Екі айдан соң Т. Рысқұловтың жалғыз ұлы, 17 жасар Ескендірді тұтқындап, Онеглагқа аттандырады. Ескендір лагерде өкпе ауруына шалдығуына байланысты 1939 жылы босатылып, 1940 жылы Мәскеуде қайтыс болады. Жендеттер Т.Рысқұловтың қыздарын да аямай, туыстарынан ажыратып алып, түкпір-түкпірдегі балалар үйлеріне жібертеді. Әзиза Тубекқызы өз анасымен бірге АЛЖИР-де 10 жыл отырады.

 

            Тұрарды ұлықтау

Тұрар Рысқұлов есімін ұлықтау сол ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының өзінде-ақ басталды.

1956 жылы 8 желтоқсанда Т.Рысқұлов ақталғаннан кейін, оның ауылынан шыққан геолог-ғалым М.Серікбаевтың ізденуімен Т.Рысқұловтың тарихи тұлғасын қалпына келтіру, оның ерен еңбегін халыққа қайтару жұмысы там-тұмдап жүргізіле бастады. Әрине, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін барып, тұрартану саласы қауырт дами бастады. Көрнекті жазушы Ш.Мұртаза Т.Рысқұлов тұлғасына «Қызыл жебе» (1–2-кітап), «Жұлдыз көпір» (3-кітап), «Қыл көпір» (4-кітап) және «Тамұх» (5-кітап) бес кітап арнады. Тарихи деректер негізінде жазылған бұл кітаптар аса құнды еңбек болып табылады. Сондай-ақ, Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасы өткен ғасырдың 90-шы жылдарында бүкіл Қазақ Елін шарлап шықты. 1994 жылы Т.Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген іс-шаралар аясында Т.Рысқұловқа арналған сүбелі еңбектер жарық көрді. Олардың ішінен                              О. Қоңыратбаев пен В.Устиновтың тарихи зерттеулерін ерекше атап өткен ләзім. Биыл туғанына 125 жыл толып отырған ұлы қайраткерді ұлықтау шаралары әлі де жалғасуда және жалғаса да бермек.

Бүгінгі таңда Т.Рысқұлов есімімен Алматы, Шымкент, Тараз қалалары мен Қазақстанның көптеген елді-мекендерінің ірі даңғылдары мен көшелері, Түркістан облысы Түлкібас ауданының орталығы, Жамбыл облысының бір ауданы аталады. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы №25 мектеп-гимназияға, Түлкібас ауылындағы жалпы орта мектепке, Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық ауылының № 23 орта мектебіне, Талғар ауданындағы мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар № 16 жалпы білім беретін орта мектебіне және № 9 жалпы орта мектебіне, Алматы қаласындағы Басқару академиясына және т.б. Тұрар Рысқұлов есімі берілген.

 Сондай-ақ, Тараз қаласында «Т.Рысқұлов атындағы санаторий» ЖШС және Т. Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы жұмыс істейді. Т. Рысқұловқа Тараз, Шымкент қалаларында және Түлкібас ауданында бірнеше жерге үлкен ескерткіштер қойылған.

Тұрар Рысқұлов ескерткіші – Абай көшесіндегі Абай атындағы мәдениет және демалыс паркінің кіреберісіне орнатылған. 1994 ж. оның туылғанына 100 жыл толу мерекесіне орай қойылды. Мүсінші – Ю.Баймұқашев, архитекторы – Т.Жұмағалиев. Ескерткішті ашу салтанатына Қазақстанның, Қырғызстанның президенттері қатысты. Ескерткіштің композициясы – мінбе түрінде жасалған гранит тұғырға орнатылған қола мүсін. Тұғыр көтеріңкі табанның үстіне қойылып, жылтыр қызыл гранитпен қапталған. Оның беталдына бедерлі етіп «Тұрар Рысқұлов» деп жазылып, айналасы оюлармен көмкерілген. Тұғырдың биіктігі 1,7 м, фигураның биіктігі 4 м.

            Қазақтан шыққан тұңғыш инженер М.Тынышбаев темір жол құрылысын салу кезінде Түлкібас жерінде Т.Рысқұловпен кездескен. Деректерге жүгінсек, Мұхамеджан Тынышбаев 1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Теміржолшы ретінде ол бұл жобаға тәжірибелі инженер және жергілікті жердің ой-шұңқырын, ерекшеліктерін жақсы білетін маман ретінде тартылған.

Қос тұлғаға демеушілер көмегімен ескерткіш орнатылып, құрмет көрсетілді, бүгінгі ұрпақ осылайша өз асылын бағалайтынын білдірді. Алаш перзенті Тұрар Рысқұловтың Түркістан-Сібір темір жолын салдырудағы еңбегі ерен.

 

Тұрар телехикаясы

Тұрар Рысқұловқа арналған «Қызыл жебе» атты тарихи сериал түсірілді. Фильмде                       20-шы ғасырдың басындағы Патшалық ресейден кеткеннен кейінгі қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңі баяндалады.

Сол кезде Түркістан республикасын және Алашорда мемлекетін құру деген мәселелер көтерілді. Тұрар мен алашордалықтар арасындағы келіспеушіліктер де осы фильмде айтылады. Дегенмен негізгі идея Рысқұловты сол кездегі ұлт жанашырларынан бөліп-жару емес, барлығының ойы қазақ елін қалай жеке мемлекет етеміз дегендерін көрсету болды. Алашорда, Түркістан республикасы боламыз дегендердің барлығы қазақтың болашағын, ертеңін ойлады. Жер тұтастығын сақтап қалу болды, міне сол жолдағы қиян-кескі күресін көрсеткіміз келді», дейді ол.

Сонымен қатар ол Тұрар Рысқұлов жайлы бұған дейін айтылмай келген біраз тың дүниелер осы фильмде көрсетілетінін жеткізді. Әсіресе, Түркістан мемлекетін құру жолында Тұрардың Мұхамеджан Тынышбав, Мұстафа Шоқаймен кездескен сәтеттері фильмде көрсетіледі.

Сценарий Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасы желісімен жазылған.

Тұрар Рысқұлов «Түркістандағы РК(б)П Мұсбюросы», «Жетісу мәселелері», «Ленин және Шығыс халықтары», «Революция және Түркістанның жергілікті тұрғындары», «Орта Азия түздіктерінің 1916 жылғы көтерілісі», «Қазақстан», «Қырғызстан», «Түріксіб», «Жаңа кезеңдегі коммуналдық шаруашылық» және т.б. 20-дай кітаптың, 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Тұрартану әлемі

«Тұрар Рысқұлов – шығармаларының толық жинағы» - Т.Рысқұловтың өзі басып шығаруға таңдап алған мақалалар, баяндамалар, баяндамалар мен тезистер жинағы «Төңкеріс және    Түркістанның байырғы халқы» атты көрнекті   саяси-мемлекеттік еңбегінің толық жинақ томы. Кітап Ташкент қаласындағы Өзбекстан мемлекеттік баспасынан 1925 жылы жарық көрді. Томдықта «Жетісу мәселелері», «Қазақстан» және «Киргистан» кітаптары топтастырылып берілді. «Жетісу мәселелерінде» 20 – жылдардың басындағы Жетісу өңірінің жағдайы: көпұлтты халықтың шаруашылығы, жерге ороналастыру саясаты, оқу-ағарту және денсаулық сақтау мәселелері, т.б. кеңінен сөз болады.

 «Қазақстан» және «Киргизстан» кітаптары аталған республикалардың өткен тарихы мен өз тұсындағы хал-ахуалынан танымдық тұрғыда көптеген мағлұматтар береді. Көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өткен ғасырдың басындағы дауылды кезеңді бар бояу – болмысымен бейнеленген кең тынысты шығармалары еліміз тәуелсіздік алған кейін ғана тарих қойнауына аршылып алына бастады. Автордың толық шығармалар жинағының төртінші томында әйгілі Түрксіб темір жолы құрылысының кең байтақ қазақ жері мен еліне тигізген әсерін жан- жақты тарқатқан, жаңа өмір жолына ұмтылыстағы ұлт көшбасшылары көрсеткен көлемді қазақша – орысша мақалалары мен баяндамалары топтастырылған.

«Тұрар Рысқұловтың Орталық Азиядағы экономикалық қызметі» кітабы -  Қазақ халқының біртуар ұлы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов сынды ірі тарихи тұлғаның 1917-1937 жылдардағы сан – салалы экономикалық қызметін бір мезетте зерттеп шығудың мүмкін еместігін ескерек отырып, авторлар аталған жоба аясында басты назарды қайраткердің Орталық Азиядағы экономикалық қызметінің негізгі кезеңдері мен бағыттарын зерттеуге күш салған. Қайраткердің саяси-мемлекеттік қызметіне қатысты тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілгенімен де, оның экономикалық қызметінің ашылмаған тұстары жеткілікті, сондықтан авторлар оқырманға ұсынылып отырған кітапта экономикалық қызметі баяндалған.

  «Тұрар Рысқұлов публицистикасындағы экономикалық көзқарастары» кітапта Т.Рысқұловтың публицистік қызметі, оның публицистикасындағы экономикалық көзқарастарының қалыптасуының бастаулары, экономика тақырыбын қамтыған сүбелі еңбектері жан – жақты зерттеліп, талданған. Ғылыми еңбекте тұңғыш рет Т.Рысқұловтың баспасөз беттерінде жарық көрген қомақты материалдары талданып, жүйеленіп, оның қоғамдық қызметімен қатар сараланды. Т.Рысқұлов өмірбаянының әлі күнге дейін беймәлім тұстары ашылып, публицистік қызметі мен публицистикасындағы экономикалық көзқарастарының даму кезеңдері нақтыланды.

«Коминтерн Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметі» және «Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне қатысты құжаттар» атты моңғол тіліндегі қос монография кітаптарының авторлары – тарих ғылымдарының докторы, Чулуун Дашдава мен Моңғолия Мұрағат басқармасының бастығы, тарих ғылымдарының докторы Ишжамц Саруул. Еңбекте Т.Рысқұловтың қызметі Моңғолия архивіндегі тың деректермен берілген. Сонымен қатар, екінші еңбекте қайраткерге қатысты Моңғолия архивіндегі құжаттар жүйеленіп жарияланып отыр. Кітаптардың алғысөзін жазған Д.Қыдырәлі таныстыру рәсімінде Тұрар Рысқұловтың 1924-1925 жылдары Коминтерн өкілі ретінде жаңадан құрылған жас мемлекет – Моңғолияның тәуелсіздігінің алғашқы жылдары атқарған жауапты қызметтері жөнінде тоқталған. Моңғолияның Конституциясының жазылуына, мемлекеттік алғашқы құрылтайдың өткізілуіне, сондай-ақ, халықаралық сыртқы қарым-қаты-настардың реттелуіне қосқан үлесін тілге тиек етті. Айта кетерлігі, бұл монографиялық еңбектер Моңғолияда әрқайсысы мың дана таралыммен жарық көрді.

Қорытындылай келе, Тұрар Рысқұлов - ірі ғалым, өнегелік мұрасы мол тұлға.  Қазақ халқының ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері.  Халқының қамы үшін өз басын бәйгеге тіккен батырдың ерең еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған. Аманатты арқалаған ұрпақтың мойнында Рысқұловтану ізінің жалғасы бар деп білеміз, әрі кәміл сенеміз.

 

 

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы,

«Ғылыми-зерттеу» бөлімінің меңгерушісі Динара Сазанова, 

бөлім қызметкері Эленора Балтабай

Пікір қалдырыңыз