Бақылау кассалық машина

Бауыржан Ерман,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазігі таңда ақпараттық және инновациялық технологиялар қарыштап дамып жатыр. Соған сәйкес салық жүйесіндегі бақылау және әкімшілендіруді жетілдіруге байланысты өзгерістер де көп. Осыған орай салық төлеушілерге қойылатын талаптарға байланысты бірқатар жаңалықтар тәжірибеге енгізілуде.

Сондай өзгерістердің бірі – сауда орындарына автоматты түрде мәлімет беретін бақылау-кассалық машинасын орнатудың міндеттелуі. Мамандардың айтуынша, бұл талап салықтан жалтаруға жол бермейтін және салықтық есептілікті дер кезінде жүргізіп отыруға мүмкіндік беретін тиімді тетік. 
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекованың сөзіне сүйенсек, бақылау-кассалық машина аппараттарын қолдану салық жүйесін ретке келтіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға пайдасын тигізеді. 
– Сондықтан сауда орындарында мұндай аппараттарды орнату міндеттелген. Егер де құқық бұзушылық орын алған жағдайда бірінші рет ескерту беріледі. Ал, бір жыл ішінде бұл жағдай тағы қайталанатын болса жеке нотариустарға, сот орындаушыларға, шағын кәсіпкерлік нысандарға – 15 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілерге – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатын болады, – деді басқарма басшысы.
Пікір қалдырыңыз