Отандық өнімдерге оң көзқарас керек...
Әтіргүл Тәшімова,
«Оңтүстік Қазақстан».
Облыста 594 гектар жерді алып жатқан он индустриалды аймақ бар. Соның бірі – Түркістан қаласындағы индустриалды аймақ. Біз жақында ондағы өндіріс орнындарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.
Кәсіпорын неге тоқтап қалды?
Түркістан индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі – қоқысты қайта өңдеу арқылы пластик заттар шығаратын «Айбек ЛТД» ЖШС. Аталмыш кәсіпорын өткен жылы құрылыс материалдарымен қатар қоқыстан пластик заттар жасап шығара бастаған еді. Және бұл туралы жергілікті медиада мейлінше мол ақпарат тарады. Қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарату мәселесі журналист һәм ұстаз ретінде бізді де қызықтырған. Өткен жылдың қараша айында ғылыми жұмысына «Түркістан қаласындағы қоршаған орта мен шаһар тазалығы» тақырыбын алған студентіме жетекшілік ету барысында біршама ізденуге тура келді. Қаланың қоқысын азайтуға үлес қосып жатқан өндіріс орнымен танысу үшін арнайы бардық. Шағын зауыт аумағында жарамсыз пластик өнімдері, түрлі желім ыдыстар, тесік шылапшын, шелек, көкөністердің пластик жәшіктері, істен шыққан кіржуғыш мәшиненің корпусы, эмульсиялардың босаған ыдысы тау болып үйіліп жатқанын көргенбіз.
Кәсіпорын директоры Ұлықбек Ходжамов және серіктесі Бабур Жалиловпен сөйлескенімізде, олардың алға қойған жоспарлары көп сияқты еді. Бізбен әңгімесінде кәсіпорынның құрылтайшысы Бабур Жалилов: «Кәсіпорын ашылған 2020 жылы үй жөндеуге қажетті құрылыс заттарын шығара бастадық. Яғни эмульсия, құрылыс және кафель желімі. Шетелден өзіміз әкелген және жан-жақтан жинақталған химикаттар қосындысынан кафель жапсырғыш желім жасап шығарамыз. Кейін шелек, канистра және тағы басқа тұрмысқа қажетті бұйымдар шығара бастадық. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – қалдықтарды өңдеу арқылы тұрмысқа пайдалы бұйымдар шығару. Қазіргі таңда қоқысты қайта өңдеп, түрлі пластик бұйымдар шығару аса үлкен жаңалық емес. Себебі, бірқатар елдерде мұндай технологиялар әлдеқашан жолға қойылған. Түркістанда мұндай зауыт алғаш рет іске қосылды. Зауытымызға арнайы мекемелерден, кейде жеке адамдар тарапынан да ай сайын шамамен 10-15 тонна пластик қоқыстары жеткізіледі. Осылай қажетсіз тұрмыс қалдықтарын кәдеге асырып жатырмыз» деген болатын.
Жақында кәсіпорынға қайта барғанымызда жұмысы тоқтап тұрғанын көрдік. Оны Бабур Жалилов «биыл елдегі пластиктердің бағасы біршама түсті. Оның үстіне техниканы тәп-тәуір меңгерген мамандарымыз кетіп қалды. Амал жоқ, қоқыс қалдығын өңдеуді әзірге тоқтатып тұрмыз. Соңғы уақытта сүт өнімдеріне және құрылыс заттарына басымдық берудеміз» деп түсіндірді.
Қос елдің қолдауымен ашылып еді...
Түркістан индустриалды аймағындағы тағы бір ауқымды жобалардың бірі – «Turkіstan Textile» тігін фабрикасы. Бұл фабрика 2020 жылы қараша айында Қазақстан және Өзбекстан Премьер-министрлерінің қатысуымен ашылған болатын. Өзбекстан оған 95 пайыз көлемінде инвестиция құйған, қалған 5 пайыз біздің елдің үлесінде. Тоқыма фабрикасы «Turkistan» индустриалды аймағында екі гектар аумақта орналасқан. Инвестиция көлемі – 700 млн. теңге.
Жасыратыны жоқ, бізде жаңа жұмыс орны ашылғанда көрсеткіштерді артығырақ көрсетіп, дабырайтып жіберуге бейімбіз. Осы фабрика ашылғанда да «кәсіпорын жыл сайын 15 000 данаға дейін тоқыма өнімдерін өндіруге қауқарлы, 1000 адамға дейін жұмыс істейтін болады» делінген еді. «Осы көрсеткіштер қаншалықты шындыққа жанасады? Расында 1000 адам жұмыс істеп жатыр ма, бір айда 15 000 дана өнім өндірілді ме?» деген сауалымызға фабрика басшысы Әлішер Абултаев: «Иә, біз өнім өндіру бойынша ол межеге жеттік. Жаңа өзіңіз көрген медициналық халаттарды 15 мың емес, күніне 4 мың дана, яғни айына 100 мың данаға жуық етіп шығардық. 2021-2022 жылдары медициналық халаттарға сұраныс жоғары болды, тапсырысқа қарай жұмысымыз жақсы жүрді. Сұранысқа қарай анықталады ғой бәрі де. Шикізаттардың дені Ресейден келеді. Яғни халаттарды, жұмысшыларға арналған киімдер мен комбинезондардың материалдары, фурнитуралары Ресейден әкелінетін. Тапсырыстардың да көпшілігі Ресейден болды. Қазір саяси жағдайға байланысты жұмысымыз тоқтаңқырап тұр» деп әу баста көрсетілген жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жоспары жүзеге аспай қалғанын жасырмады. «Жұмысшылар санына келетін болсақ, алғашқыда 150 адаммен бастағанбыз. Оның көбі үйренуші болды. Бірер жылда оны 500-ге, екі ауысымда жұмыс істесе 1000-ға жеткізу межеленгені рас. Алайда, адамның дегені бола бермейді екен, бүгінде тігіншілер саны азайып кетті. Ірі кәсіпорын болғандықтан 50 дана, 100 дана деген тапсырыстар өзін-өзі ақтамайды. Кем дегенде 2000 дана тапсырыс алуымыз керек. Сол кезде ғана шығын өзін-өзі ақтайды. Ал, нарықтағы жаңа компания үшін ондай тапсырыстар, ірі тендерлерді жеңу оңай емес» деді фабрика басшысы.
Ұялған болса керек, сөз соңында ақталғандай болып, «ауызды қу шөппен сүртпейік. Жоспарларымыз бар. Бұйыртса, ірі тендерлерге құжат тапсырып қойдық, жауабын күтіп отырмыз. Тапсырыстар түссе, жаман болмаймыз» деген фабрика басшысы Әлішер мырзаға сәттілік тілеуден басқа не айтарымызды біз де білмедік...
Басшының айтуынша, жұмыстың жүрмеуіне бірнеше себеп бар. Соның бірі – маман тапшылығы. «Бізде тігінші жетіспейді. Кәсіби тігіншілер жоқ. Еңбек биржасынан 15-20 адам алдық. Былайша айтқанда, өз бетімен үйренген «самоучкаларды» тартамыз, оларды үйретуге 3-4 ай уақыт кетеді. Ең өкініштісі, осылай бейнетпен үйреткен мамандарымыз тұрақтамайды».
Екінші себеп – жалақының аздығы. «Қазір қай жерде көп төлейді, жұмысшылар сол жерге кетеді. Қазақстандағы жалақыны қанағат тұтпай шетел асып жатқандар көп. Ойлап отырсаң, жастарымыз өзге елдің экономикасына қызмет етуде. Сондықтан бұл мені ғана ойландыратын мәселе емес, көптің көкейіндегі мәселе» дейді Әлішер Ералыұлы.
Фабрика бүгінде ілдебайлап болса да жұмыс істеп тұр. Қызметкерлер өзбекстандық «Qojakent Textile» компаниясында (мастерлері, технологтары, механиктері) тағлымдамадан өтіп, шеберліктерін жетілдіріп қайтыпты. Жалпы, жаңа өндіріс орнының бес-алты жылсыз аяққа тұруы қиын. Дегенмен, бұл қиындықты да еңсеруге болады. Бүгінде елімізде тігін өндірісі бір жүйеге келіп қалды. Нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар «Гауһар», «Альянс», «Алтын адам» секілді тігін фабрикалары өте танымал кәсіпорындарға айналған. Олар ірі тапсырыстарды орындап, еліміздің жеңіл өнеркәсіп индустриясын дамытуға үлес қосып келеді. Ал, жаңа фабрикаға біз осындай табысты кәсіпорындардың жолын берсін деп тілейміз. Әйтпесе, бізде алаулатып, жалаулатып ашылған қаншама кәсіпорындар көп уақыт өтпей жабылып қалып жатады. Құдай сондай проблемалардан сақтасын...