Қазақстанға келген әр туристен қанша ақша түседі?

KAZINFORM. Туризм және спорт министрлігі Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист орта есеппен қанша ақша қалдыратынын айтты.
Министрліктің мәліметі бойынша, былтыр Қазақстанға ең көп турист Өзбекстаннан келген – 3,6 млн. адам.
Одан кейінгі орындарда Ресей (2 млн. адам), Қырғызстан
(1,6 млн. адам), Тәжікстан (0,7 млн. адам) елдері тұр.
«Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристер санының өсуі келесі елдерден байқалады. Мысалы, Қытайдан келген шетелдік азаматтардың ағыны 20 еседен астам өсті (2022 жылы 17,7 мың адамнан 2023 жылы 367,4 мың адамға дейін). Үндістаннан келетін туристер 3 есе (2022 жылы 28,3 мың адамнан 2023 жылы 78 мың адамға дейін), Оңтүстік Кореядан келетін туристер 2,5 есе (2022 жылы 15,8 мың адамнан 2023 жылы 36,6 мың адамға дейін), Германиядан – 50%-ға (2022 жылы 57 мың адамнан 2023 жылы 85 мың адамға дейін), БАӘ-ден 50%-ға (2022 жылы 6,5 мың адамнан 2023 жылы 10,5 мың адамға дейін) өскенін байқаймыз» деп жазылған министрліктің Kazinform сауалына берген жауабында.
Бұл туристің әрқайсысы Қазақстанға орта есеппен 1500 доллар қалдырған.
«Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, алыс шетелдерден келген туристердің орта шығыны – шамамен 1500 АҚШ доллары» деп жазады министрліктегілер.
Былтыр келген шетелдік туристердің 84,4%-ы – жеке көлігімен және автобуспен, 10,6%-ы – әуе көлігімен, 5%-ға таяу бөлігі теміржол арқылы жеткен.
Пікір қалдырыңыз