«Ұлттық идеологияны қалыптастырмай, ұшпаққа шыға алмаймыз»

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Адамның ақыл-ойы қоғам дамуының қозғаушы күші болып саналады. Ақыл-ойы бүтін, сана-сезімі жоғары адамдар өркениетке өздері үшін ұмтылады. Сол себепті шығар, заң үстемдік ететін зайырлы мемлекеттерде күрмеуі қиын күрделі мәселелер көп бола бермейді. Адамдардың өзара қарым-қатынасы да, атқарған жұмысына қарай берілетін еңбекақысы да тиісті тәртіппен реттеліп, ара-тұра кездесетін кейбір келеңсіздіктер заң шеңберінде шешімін тауып жатады.

Көзайым хабар жүректерге жол табар
Иә, қанша жерден құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жүрміз десек те, бүгінде ел арасында әділетсіздікті бастан кешіп жатқандар да, алаяқтарға алданып, қарызға белшеден батып жатқандар да аз емес. Қоғамдағы әлжуаз топқа тізесін батырып, жалғанды жалпағынан басып жүрген байшыкештер мен үрерге иті, сығарға биті болмай ілдебайлап күн кешіп жүрген кедейлердің бұл жалғандағы тоқайласатын бір тұсы болса, ол – сот төрелігі алдындағы әділет таразысы. Алайда, бұл жерден де әділдік таппай, тауы шағылып жүргендер жоқ емес. Қара қылды қақ жаруы тиіс соттың шешімінде шалағайлық болса, оның екі себебі бар: бірі – судьяның сауатсыздығы, екіншісі, әу баста конституциялық нұсқаулық дұрыс жазылмаған. Қазы ардан аттап, бір жағына қарай бұра тартып жатса, оны заң аясында тәртіпке келтіруге болады. Ал, сот-судьялар арқа сүйейтін нұсқаулық қате жазылса, оны түзету ұзақ уақытты керек етеді. Міне, осыдан-ақ заң шығарушы орган – қос палаталы Парламенттің, ондағы халық қалаулыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі қаншалықты ауыр екенін бағамдай беріңіз.
Бүгінде халық қалаулылары ел аралап, сайлаушыларына есеп беріп жүр. Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса да Төлеби ауданындағы Түркістан көпсалалы техникалық колледжінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өткізді. Мәжілісмен Қазыбек Иса сегізінші шақырылымда атқарған жұмыстарына есеп бере келе, осы кезеңде азаматтық алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру туралы Заңның қабылданғанын, оны қабылдату үшін партия төрағасы Азат Перуашев екі рет, өзі үш рет Парламент мінберінде мәселе көтергенін жеткізді. Осылайша сүйінші хабармен басталған жиналыс одан әрі еркін форматта ашық-жарқын әңгімелесумен жалғасын тапты. «Біз Азаматтық алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын заң жобасын 2021 жылы ұсындық. Үш жыл дегенде әрең қабылданды. Енді Мемлекеттік қызметке тұру үшін енді кез келген үміткер міндетті түрде мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек. Мемлекеттік тілді түсінбейтін, мемлекеттік тұрғыдан ойлана алмайтын шенеуніктердің кесірінен ұлт ретінде біздің ұтылған жеріміз аз емес. Соны түзету үшін, олқылықтардың орнын толтыру үшін осындай заңды қабылдатудың маңызы зор» деді депутат.

Ен байлықтан елге бұйырғаны екі-ақ пайыз...
Иә, кейде ел арасында айтылып, кейіннен биік мінберлерден көтерілген мәселелер араға жылдар салып барып қабылданып жатады. Демек, оны уақыт талабы деуге болады. Сол сияқты, бүгінгідей басқосуларда, аядай ауылдарда, шалғай елді мекендерде айтылған мәселелер әбден таразыланып, пісіп-жетіліп барып, уақыты келгенде үлкен мінбелерден айтылып жататыны жасырын емес. Сондай мәселелердің бірі – еліміздегі ірі шенеуніктер мен елді тонап байыған байшыкештердің «офшорға» апарып жасырған көл-көсір қаржысы да ең алдымен ел ішінде қауесет ретінде айтылды. Кейіннен алқалы басқосуларда әңгіме арқауына айналып, ұлттың ұпайын түгендеуші текті ұлдардың арқасында шетел асырылған ақшаның іздеушілері пайда болып, із кесіп жүріп, қайда жасырылғаны анықталып, бүгінде ол байлықтың алды елге қайтарыла бастады.
Депутаттың айтуынша, елдің жер асты байлығын игеруде көптеген келеңсіздіктерге жол берілген. Еліміздегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі «Қашаған» болса, одан түсетін байлықтың 98 пайызы өндіруші компаниялардың қанжығасында кетіп, тек екі-ақ пайызы ғана ұлан-ғайыр жерді көздің қарашығындай қорғаған елдің үлесіне тиеді екен. Бұған дейінгі қабылданып кеткен заңдар мен түрлі келісімшарттардың шикілігі де су бетіне қалқып шыға бастады.
Сол күнгі кездесуде ауыл-аймақ үшін маңызы зор біраз мәселе айтылды. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан еңбек ардагері Керімбек Мейірбеков Сайрам су өзенінің жағалауын жекеменшікке бермей, жалпыхалықтық демалыс аймағына айналдыруды ұсынса, Көксәйек ауылының тұрғыны Байрам Сайлау әйел-аналарды сыйлауда сөзіміз әйдік болғанымен, іс-әрекетіміз сөзімізбен қабыспай жататынын ашына жеткізді. «Біз аналарды құрметтеу керек дейміз. Бірақ, жасы алпыстан асып, әбден әл-дәрмені құрығанша жұмысқа жегеміз. Көптеген адамдар өмір бақи қара жұмыс істеп, зейнеткерлікке жетпей бақилық болып жатыр. Ең болмағанда ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көруге үлгермейді. Жерінің асты-үсті тұнған байлық бола тұра, ер азаматтарды айтпағанда, әйел-аналарымыздың өзіне сол байлықтың рахатын көруге жағдай жасай алмай отырмыз. Таяққа сүйеніп, тәлтіректеп қалғанша жұмыс істетсек, біз ардақты аналарымызды қай кезде құрметтеп, қай уақытта сыйлаймыз?!» деген ол ауылды жерлердің халқы жыл өткен сайын қартайып бара жатқанын тілге тиек етті. «Қазір ауылда жастар қалмаған, көбісі мектеп бітірген соң-ақ қалаға кетіп, содан қайтып оралмайды. Ауылдың сәнін келтіріп жүрген қариялар қашанғы жүрер дейсіз, олар кеткен соң ауылдың ахуалы не болмақ?! Менің ойымша, жастардың ауылда тұрақтап қалмауына, бірінші, жұмыссыздық себеп болса, екінші, олардың осында үйлі-жайлы болып кетулеріне ешқандай жағдай жасалмаған. Мәселен, ауыл іргесінен жер алып үй салғысы келсе, ұзақ жылдар бойы кезекке тұрады. Кезегі келгенше оншақты жыл өтеді. Бұрын жер алу мұншалықты қиын емес еді, қазір алдымен коммуналдық жүйесін тартамыз, кейін жер береміз дейді. Бұл дұрыс емес, миллиондаған қаржы шығындап салып берген жолы да, жеткізіп берген суы мен жарығы да үй салынып біткенше тозып бітеді. Алдымен үй салып, одан кейін керек-жарағын жеткізуге әрекет ететін бұрынғы жүйе дұрыс еді. Бұл жоба жастарды жылы орнынан қозғап, қалаға қаңғыртудан басқа ешқандай нәтиже бермеді. Сол үшін ауылды жерлерге жастар көбірек келсін, елге егелік етсін десек жер телімін беруді барынша жылдамдату керек» деді ел жанашыры.

Бабалардың сара жолынан адаспайық!
Одан кейін сөзге шыққандардың көтерген мәселелері де өзектілігі жағынан алдыңғыларынан бір де кем түспей жатты. Жастар атынан сөз алған Серғали Мұқанғали апатты жағдайға байланысты ауылдағы жүз елу түтін бір аптадан бері газсыз отырғанын айтса, аудандық жастар орталығының жетекшісі Ерлан Айтбаев мектеп жасындағы балаларды интернет иірімдерінен барынша сақтау керек екенін, оның орнына кітапқұмарлықты насихаттау жобасын қолға алуды ұсынды. Ал, әжелер алқасының мүшесі Шолпан Дүйсебаева қабылданып жатқан кейбір заңдар мен қаулы-қарарлардың біздің қазақи көзқарасымызға қайшы келетінін айтты. «Соңғы кезде баланы ұруға, әйелді ұрсуға болмайды, мұны тыңдамағандардың орны – түрме деп даурығып жүргендер көп. Сонда «қатынды – бастан, баланы - жастан» деп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген ата-бабаларымыз қате түсінікпен өмір сүрген болып шығады да, қит етсе заңмен қорқытатын қазіргілердікі дұрыс болғаны ма? Біз ұрып-соғуды қолдап отырған жоқпыз. Айтпағымыз, бір мәселені қолға аларда ата-бабалар салып кеткен сара жолдан ауытқымай, жеті өлшеп, бір кескен дұрыс шығар. Тәртіп болмаса елдің іші бүлінеді. Бала өз орнын, әйел өз жөнін білуі керек» деді көкейіндегісін көппен бөліскен
кейуана.
Еңбек лайықты бағалануы керек дегенді кейінгі кезде жиі айтып жүрміз. Бірақ, ауызша айтылғанда торы аттай түрленетін мәселе іске келгенде аяғына жем түскен тұлпардай кібіртіктеп қалатыны бар. Бұл мәселе сол күнгі басқосуда да айтылды. «Мен Түркістан көпсалалы техникалық колледжінде кадр бөлімінің қызметкерімін, – деді өзін Қарлығаш Сартаева деп таныстырған маман. – Ауылдық жерде тұратындар 25 пайыз үстеме ақша алады. Бірақ, бұл төлем техникалық қызметкерлерге төленбейді. Тек педагогтар мен медицина қызметкерлеріне қарастырылған. Олардың айлық жалақылары жаман емес, керісінше, техникалық қызметкерлер төмен жалақы алатындар санатына жатады. Яғни жалақысы жоғары қызметкерлер одан бөлек түрлі жеңілдіктер алады да, айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым жұмысшыларға мұның біреуі де төленбейді. Бұл қалай?».

Бірлік болса алынбайтын қамал жоқ
Тұрғындар тарапынан айтылған осындай қадау-қадау мәселелерді қағазға түртіп алып отырған мәжілісмен орайы келгенде бұл проблемаларды Парламент мінберінен көтеруге, мүмкіндігінше оңтайлы шешілуіне ықпал етуге уәде берді. «Мен бүгінгі басқосуға келген көпшілікке ризашылығымды білдіремін. Осылайша өзекті мәселелерді ортаға салып отыру арқылы түйінді проблемаларды шешіп, қоғамды алға жылжытуға болады. Ең бастысы, елдің белсенділігі арта бастағаны байқалады. Бұл – қуантатын жағдай. Бейғамдық, марғаулық бізді ұшпаққа шығармайды. Елдің жағдайын жақсарту үшін ұлтжандылықты, ұлттық идеологияны қалыптастыру қажет. Әрбір азамат белсенді болса, өзінің елі үшін, жері үшін жанашырлық танытса, ондай елдің ертеңі жарқын болатыны анық» деді Қазыбек Иса өз сөзінде.
Иә, айтса айтқандай, сол күнгі алқалы басқосуда елдің белсенділігі мен мәселені қабырғасынан қоятын өткірлігі, өзекті мәселелерді майдан қыл суырғандай етіп орынды жеткізе білгендігі ерекше байқалды. Қалай болғанда да елдің бірлігі мен ынтымағы бекем болса, алынбайтын қамал  болушы ма еді?!

1 пікір

  • Шырынбекова Шарбат
    Шырынбекова Шарбат

    Өте дұрыс ????????????????????????????

Пікір қалдырыңыз