Мәміле мен сенімнің ұйытқысы

Елорда мерекесі қарсаңында әлем назары қазақтың бас қаласына ауды. Еуропа мен Азия кеңістігіндегі диалог философиясын бедерлейтін Астана өз­ара тиімді әріптестікке, жұмыла атқаратын әрекеттестікке жетелейтін алаң ретінде тағы да назарға ілікті. Астана әлем мойындаған геосаяси мінбер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – түсінген жанға барша қазақстандықтар марқаятын жетістік.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының таяуда Астанада өткен саммиті Қазақстанның сыртқы саясаттағы өзгеше қырын, қазақ дипломатиясының конструктивті беделін ашып көрсетті. Шынын айтқанда, Қазақстан екі алпауыт мемлекетпен шекаралас болғандықтан, өзара ынтымақтастықта өмір сүру өте маңызды. Алып мемлекеттердің мүмкіндіктері де орасан болатынын ескерсек, ортақ геосаяси кеңістікте орналасқан елдердің ортақ мақсат аясына бірігуі, жан-жақты ынтымақтастықты қамтитын қарым-қатынастың нығаюы заман талабы болып шығады.  
Қазақстан мен Қытайдың өзара тату көрші болуының нәтижесінде осынау Еуразия кеңістігінде ежелгі Ұлы Жібек жолының жаңа мазмұнда қайта жаңғырғанын көріп отырмыз. Ғасыр жобасына баланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының игілігін бүгінде бүкіл қазақстандықтар да көріп отыр. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның құс ұшса қанаты талатын жазық даласын кесіп өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі экономикамызға тұтастай оң ықпалын тигізді деп нақты айта аламыз. Заманауи автодәліздің бір бөлігі еліміздің оңтүстік шекарасы саналатын Түркістан облысын да қамтитынын ерекше атап өтуіміз керек.
Қазір көрші елдер технологиялық инвестиция көлемін арттыру, оның ішінде цифрлы кеңістік құру бағыттарында бірлескен кәсіпорындар ашуды қолға алуда. Заманауи өндіріс орындарының желісін түзуде, терең өңдеу өнеркәсібін, машина жасау кәсіпорындарын ашуда, цифрлы технологияларға негізделген «ақылды» өнімдер шығаруда қытайлық инвестицияның үлесі артып келеді. Білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюда көптеген қазақстандық университеттердің базасында Қытайдың іргелі жоғары оқу орындарының филиалдарын құру бастамасы қолға алынды. Көптеген қабілетті жастарымыз Қытайдағы әлемнің үздік рейтингтеріне кіретін университеттерде білім алып, Қазақстанның экономикасына қажетті білікті мамандар шоғырын даярлауда.
 Қоршаған ортаның экожүйесін сақтау, су тапшылығын еңсеру бағыттарында қос мемлекет бірлескен іс-қимылдар жүргізуге бет бұрды. Бұл бағытта экологиялық таза өнімдер шығаруға бағдарланған тамақ өнеркәсібін қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған технологиялар өндірісін жолға қою, оның ішінде су үнемдеу технологияларын көптеп шығару өріс алып келеді. Қысқаша айтқанда, Қытаймен технологиялық тұрғыдағы трансферт жемісті нәтижесін беріп отыр деп бағамдауға болады.
Қазақстанның жан-жақты сыртқы саясатының интеграциялық әлеуетінің жоғары екеніне  жаһандық геосаяси кеңістікте маңызды рөлге ие – Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған ресми сапары дәлел бола алады. Қытай елі көшбасшысының елімізге жасаған жоғары деңгейдегі сапары үш күнге жалғасып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастың, ымырашыл ынтымақтастықтың баяндылығын көрсетті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті ұйымның тарихында жаңа кезеңнің басталғанын айғақтады. Ұйымға мүше елдердің қатары Беларусь Республикасымен толықты. Бұған дейін бақылаушы мәртебесінде болған Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі болып, саяси ұйымның географиялық және саяси- экономикалық ауқымын кеңейте түсті.
Айта кетуіміз керек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы дәл қазіргі уақытта үлкен саяси кеңістікке айналды. Қазақстанның бастамасымен құрылған бұл ұйым әлемдегі беделді саяси қауымдастыққа айналып, ықпалы артты. Дәл қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жауапкершілік аумағы  кеңейді. Қазақстан осы мәртебелі ұйымға төрағалық етуінің басты басымдығы ретінде әлемдік тажалға айналған есірткі бизнесіне тосқауыл қою шараларының күшейтілуін қолға алды. Нәтижесінде шекара талғамайтын, мемлекеттермен және құрлықтармен шектеліп қалмайтын есірткі бизнесімен табанды күрес жүргізудің арнайы стратегиясы қабылданып, оны іске асыруға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер күш біріктірді. Материктің тең жартысын алып жатқан кеңістіктің экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа әдістері мен тың тәсілдерін ұстанудың стратегиясы түзіліп, басшылыққа алынды. Қоршаған ортаны қорғауға, экожүйені сақтауға бағытталған келісімнің қабылдануына қол жеткізілді. Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау басымдықтары белгіленіп, энергетикалық ынтымақтастықты күшейтудің стратегиясы қабылданды. Қазақстанның төрағалығымен осы санаттағы әлемдік маңызға ие өзекті тақырыптар шеңберінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 60-тан астам бірлескен саяси құжаттары қабылданып, түрлі көзқарасы бар мемлекеттер ортақ келісім аясына бірікті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының мінберінен өңірлік кеңістікпен қатар, жаһандық ауқымдағы мәселелерге орнықты көзқарас қалыптастыратын, прагматикалық ұстанымға жетелейтін 4 негізгі бағытты атап өтті. Оның ішінде Қазақстан тарапы ұсынған қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен өзара келісім, әлемде орын алып жатқан бүгінгідей күрделі геосаяси ахуалда, жаһандық және өңірлік деңгейлердегі проблемаларды реттеуге, ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін арттыруға, мүдделерінің қорғалуына жәрдем береді.   
Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту міндеті ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің ішкі әлеуетін ортақ арнаға тоғыстырып, экономиканың түрлі сегменттерінде ынтымақтастықтың жаңа жолдарын түзетін болады. Ұйымға мүше мемлекеттердің транспорттық байланысын нығайту – транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа көлік маршруттарының құрылуына мүмкіндік бермек. Тиімді көлік дәліздері сенімді жеткізу тізбектерінің түзілуін алға шығармақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымын жаңғырту мен реформалау – халық-аралық маңызды мәселелерді стратегиялық тұрғыда бағалай білуге, ұжымдық құрылымның әлемдегі өзекті мәселелерге ортақ көзқарасын қалыптастыруға, оларды шешуде әмбебап тәсілдердің қабылдануына ықпал етеді.
Астанада өткен саммит барысында ұйымға мүше мемлекеттердің саяси партиялары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару мәселесі де қозғалды. Бұл жөнінде ой өрбіткен  ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси партиялары форумын өткізуді ұсынды. Бұл бастама өзара сенімді серіктес болып отырған елдердің ынтымақтастық байланыстарын кеңейтіп, саяси ықпалдастықтың жаңа арналарының ашылуына себепші болмақ. Осы міндет аясында ҚХР көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында «AMANAT» партиясы мен Қытай коммунистік партиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Әлемдік маңызға ие жиын аясында қабылданған бұл құжат «AMANAT» партиясының Қазақстандағы бірден-бір саяси ұйым ретінде халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді деп білемін. Жоғары деңгейде қабылданған бұл құжат,
сондай-ақ, партиямыздың  мемлекетаралық деңгейде стратегиялық партияаралық серіктестікті кеңейтуге, көпвекторлы ұстанымды ілгерілетуге толыққанды дайын екенін және оны іске асыруға мүмкіндіктері мол екенін көрсетеді деген сенімдемін. Партиялық қызметті бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштастыра білетін саяси көшбасшылардың жаңа толқынын қалыптастыруда, олардың іс-тәжірибелерін шыңдауда партияаралық ықпалдастық оң нәтижесін береді деп білеміз.
«AMANAT» партиясының халықаралық беделінің қалыптасуы бұл саяси ұйымның салмағын одан әрі арттыра түсетіні даусыз. Осы ауқымда партиямыз мемлекет пен ұлттың мүддесін қорғаумен қатар, жаһандық және өңірлік  мәселелерде  өзіндік ұстанымын нығайтуға мүмкіндік алады деген сенімдеміз.   
Ежелден көршілес отырған елдердің саяси партиялары арасындағы белсенді ынтымақтастық қазіргі ғаламдық сын-қатерлерге лайықты жауап беруге, ішкі саяси тұрақтылықты қамтумен қатар, өңірлік және ғаламдық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты орнықтыруға себеп болады деген ойдамыз.
   
 Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,        
«AMANAT» партиясы Түркістан
облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы,
Түркістан облыстық мәслихатының  депутаты.

1 пікір

  • Alexa Mika
    Alexa Mika

    Help To Recover Scammed Cryptocurrency // Lost Recovery Masters I never thought I would get scammed of all my assets on this exchange which I was warned by friends to keep off the exchange, they stole all my life saving the total funds of $88k worth of bitcoin. I couldn’t believe bitcoin could ever be recovered, all thanks to a kind hearted team of Lost Recovery Masters they just offered me top notch services and they are capable of offering hacking services of any sort. To that one person or persons out there who really need a true and efficient cryptocurrency recovery expert I would advise you to contact Lost Recovery Masters via Email: Support@lostrecoverymasters.com Whatsapp +44(7537)-105921 Website: https://lostrecoverymasters.com

Пікір қалдырыңыз