Сіз тұтынатын көкөніс құнарлы һәм қауіпсіз болуы тиіс

Жаз айларында тұрғындардың жемістер мен көкөністерге деген сұранысы жыл мезгілдерінің қай кезеңіндегіден де күрт артады. Алайда, аграрлық сектор тұтынушыларға сапалы өнім ұсынып отыр ма? Бұл сауал көпшілікті ойландыратыны рас. Өйткені, көкөніс өсірушілер зиянкестермен күресу үшін химиялық пестицидтерді интенсивті және қалай болса солай қолданып отырғанын бүгінде ешкімнен жасыра алмайсыз.  Жаһандық жылынумен бірге өсімдіктегі зиянкестердің түр-түрі көбейіп, жаңа аурулардың пайда болуы да мүмкін ғой. Қазірдің өзінде жергілікті шаруалар жеміс-жидек дақылдарының бактериялық күйігінен  көп шығынға ұшырауда. Қоңыр мәмәр қандала, тағы басқа зиянкестер жаңа аурудың ошағына айналып кетуі бек мүмкін.
Осыған орай, ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мамандары Түркістан облысының фермерлеріне өсімдік ауруымен күресудің заманауи әдістерін үйретуде. Бұл қауіпті препараттарды қолдануды 60%-ға дейін азайтуға немесе қауіптілігі төмен заттарға ауыстыруға, тіпті кей жағдайларда тыңайтқыштардан толық бас тартуға мүмкіндік береді.
Жақында Сарыағаш қаласында ФАО, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірігіп, ГЭФ-тің «Орталық Азия мен Түркия елдерінде пестицидтердің өмірлік циклін басқару және құрамында ТОЛ бар пестицидтерді жою» жобасы аясында тренинг ұйымдастырды. Айтулы шараға облыс фермерлері, жергілікті атқарушы органдар мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары, сондай-ақ, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
ФАО сарапшылары өсімдіктерді кешенді қорғау (IPM) туралы  мәлімдеме жасады. Бұл қауіпті және карантиндік зиянкестердің таралуын бақылауда ұстауға, экологиялық таза және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және пестицидтерді тұтынуды азайтуға көмектесетін ФАО-ның бірегей құралы – IPM әдістері көптеген елдерде таза топырақты сақтау, биоәртүрлілікті және халықтың денсаулығын қорғау үшін кеңінен қолданылады.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, IPM тиімділігін көрсету үшін ФАО былтыр Қазақстанда алма бақтарында, қызанақ пен қырыққабат плантцияларында тәжірибе өткізді. Тәжірибе көрсеткендей, пестицидтер ескі әдіспен қолданылған өнімдермен салыстырғанда тиімділігін көрсетті.  
«Кәдімгі тәжірибе бір маусымда егістікке 20-дан астам пестицид қолдануды қажет етсе, ал, IPM-де  ол алтаудан аспайды, яғни экономикалық тиімділігі 80%-дан асады. Бұл орайда токсикологиялық бағалау топырақта да, жемістерде де химиялық заттардың іздерінің жоқтығын көрсетті, бұл өсірілген өнімнің тазалығын көрсетеді» дейді олар.
Сонымен қатар, тренингке қатысушылар пестицидтердің бос контейнерлерін пайдалану мәселесіне де тоқталды. Өкінішке қарай, Қазақстанның көптеген өңірлерінде мұндай қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесі әлі жоқ. Салдарынан пестицидтерге арналған контейнерлер полигондарға түсіп, өртеніп кетеді. Пестицидтердің қалдықтары төгіліп, топырақ пен су қоймаларына сіңіп, қоршаған ортаны ластайды. Шаруалар контейнерлерді күнделікті өмірде, әсіресе, азық-түлікті сақтау мақсатында пайдаланса, ол одан да қауіпті деп отыр.
– Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында пестицидтерді қалай болса солай қолданудың күшеюі Қазақ өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын қатты алаңдатып отыр. Көптеген елдер өсімдіктерді қорғаудың экологиялық таза технологияларына белсенді түрде көшіп жатқанда, Қазақстанда өсімдіктерді зиянкестерден қорғау тек жоғары улы пестицидтермен өңдеу керек деген стереотип қалыптасқан. Ал, бұл мүлдем қате әрі зиянды көзқарас. Топырағымыз бен экологиямызды сақтау үшін тыңайтқыштардың мөлшері мен өңдеу мерзімін оңтайландыру қажет. Ерекше қауіпті пестицидтерге балама таңдау жасау да маңызды, бұл қауіптілік класы 3-4-тен аспайтын пестицидтерді, биофунгицидтер мен биоинсектицидтерді қолдануды қажет етеді, – деді Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Жанна Исина.
Іс-шара барысында сарапшы контейнерлерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін үш рет шаю технологиясын қалай қолдану керектігі туралы айтты. Ал, ФАО-ның пестицидтерге арналған контейнерлерді басқару жүйесі бойынша ұлттық кеңесшісі Әсел Шаханова «тәжірибе көрсеткендей, адамдар бос канистрлерді дұрыс жууды білмейді. Көбінесе олар мүлдем жуылмайды және пестицидтердің қалдықтарымен бірге қайта пайдалануға жіберіледі. Ең сорақысы, олар суды немесе тағамды сақтау үшін осы контейнерлерді пайдаланады. Пестицидтердің қалдықтары адамды улануға әкеледі және басқа да зардаптар тудыруы мүмкін. Зерттеуге сәйкес, бірінші жуудан кейін пестицид қалдықтары бастапқы мөлшерден 1,4%-ға, екіншісінен кейін 0,021%-ға, үшіншіден кейін 0,00035%-ға дейін азаяды. Бұл үш рет жуу әдісі қауіпті заттардың мөлшерін айтарлықтай азайтып, контейнерлерді кәдеге жаратуды және қайта өңдеуді қауіпсіз етеді дегенді білдіреді» дейді.
Сондай-ақ, сала мамандары пестицидтерге арналған контейнерлерді жинау жүйесін әзірлеу және енгізу маңыздылығына тоқталды. ФАО сарапшылары пайдаланылған контейнерлерді қауіпсіздендіретін қабылдау пункттерін ұйымдастыру керектігін айтады.  
 «Бүгінгі таңда МИК «Пестицидтердің QR кодтарын және оларға арналған контейнерлерді одан әрі Қазақстан Республикасының аумағында сату үшін алу»  Ережесінің жобасын әзірледі, сондай-ақ ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілген. Елімізге әкелінетін канистрлерді QR код арқылы кодтап, бақылау жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз» деді АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті өсімдіктерді қорғау бөлімінің сарапшысы Дария Әкібекова.
Тренингте фермерлер тиімді және қауіпсіз бүрку әдістерін үйреніп, тағы басқа да қажетті ақпарат алды. ФАО жақын арада Қазақ- станның барлық аймақтарында осындай оқу өткізуді көздеп отыр.

«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.
Пікір қалдырыңыз