Құтарыс десе, Құтарыс!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Біздің қазақ ат тауып қоюда ешкімді алдына салмайды. Осы бір ауыл үстінен әрі-бері өткенде «Құтарыс» деген атауға таңырқай да тамсана қараушы едік. Неге жай ғана арыс емес, құт арыс? Жалпы, бабаларымыз сулы жердің нулы болатынын бағзыдан білген. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген де бар. Әйтсе де, бүгінде ауылды құтты ететін адамдардың ауызбіршілігі мен еңбекқорлығы. Осы екі қасиетті  берік ұстанғандар ешуақытта адаспайды.  Құтарыстықтардың құтты қадамдарын көргенде «ауылдың атын қалай дәл тауып қойған?» деп те сүйсінесіз. Мұнда еңбекке жарайтын адамның қарап отырғанын көрмейсіз. Барлығы да таңертеңнен кешке дейін қыбырлап, шаруамен айналысып жүргені.

 

Міне, қараңыз, Құтарыс ауылдық округінде  6 мыңға жуық тұрғын болса, соның 2446-сы тұрақты жұмыспен қамтылғандар. Яғни экономикалық тұрғыдан белсенділер. Ал, 866 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Демек,  оқушылар, кішкентай балалар  мен зейнеткерлерден өзгелері түгел еңбек етіп жүр деген сөз. Сіз Құтарыс ауылдық округінің тұрғындары бордақылаған малды көрсеңіз ғой! Жылқыларының жон арқалары жылтырап тұрады. Қойлары тайыншадай!  Кімнің үйіне бас сұқсаңыз да бақшалары жайқалып тұрады.

Округ бойынша 4 өндірістік кооператив, 262 шаруа қожалығы, 62 ЖШС бар. Сондай-ақ, округте балық өнімдерін өңдейтін цех жұмыс істеп тұр. 72 тұрғын жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бұдан бөлек, 3 тойхана, 1 дәмхана, 1 сән салоны, 1 жанар-жағармай құю бекеті, 1 тіс емханасы, 2 дәріхана, 14 азық-түлік дүкені, 1 құрылыс заттары дүкені, 1 шаштараз, 3 жекеменшік балабақша бар. Бұлар жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп қана қоймай, ауылдастарын жұмыспен де қамтып отыр.  Құтарыстықтар 770 гектар жерге бидай, 165 гектар жерге арпа, 294 гектарға мақсары, 30 гектарға күнбағыс, 143 гектарға картоп, 429 гектарға көкөніс, 1090 гектарға мал азықтық дақылдар егеді. Былтыр Құтарыс ауылдық округінің диқандары 2100 тонна бидай, 1945 тонна арпа,  1550 тонна мақсары,  240 тонна күнбағыс, 2714 тонна картоп,  6345 тонна көкөніс жинап алды. Мал азығы да жоспардағыдан артық жиналды. «Балапанды күзде сана» деген бар. Биыл да түсім мол болады деп қолдарын ысып отырған шаруалар көп.

Құтарыстың тұрғындары  11830 қой-ешкі, 6141 сиыр, 2000 жылқы, 3211 үй құстарын ұстайды. Өздерін ет, сүт, жұмыртқа, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз еткен ауыл тұрғындары қалаға азық-түлік іздеп көп ағыла бермейді. Ауыл тұрғындарының бүгінгі басты проблемасы жайылым десек, Құтарыс, Қызылжар, Ақарыс және Оймауыт елді мекендерінің шаруалары бұл тығырықтан біртіндеп шығып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жайылымдық жерлерді қайтару бойынша мұнда айтарлықтай жұмыс жүргізіліпті. Айталық, бұрын 350 гектар жер ғана жайылымдық алқап саналып келсе, қазір оның көлемі 938 гектарға ұлғайған.

Құтарыс ауылдық округі бойынша жергілікті бюджет түсімдерінің орындалуы да көңіл көншітеді.  Мысалы, 2022 жылы жалпы өзіндік кіріс 12 миллион теңгені құраса, 2023 жылы ол 17 миллион 261 мың теңгеге жетіпті. Ауыл әкімі Мырзахан Керімбеков биылғы түсім жоғарыдағы екі жылдағы түсімнен кем болмайды деп отыр.

Тоғыз жолдың торабына орналасқан Құтарыс ауылдық округінің 4 елді мекені де көрікті келбетімен әрі-бері өткен жолаушылардың таңдайларын қақтырудан танбай келеді. Көше бойларындағы көрнекі құралдар, жарықшамдар мен біркелкі шарбақтар, спорт алаңшалары, балалардың демалыс аймақтары, дәмханалар, дүкендердің қасбеттері бүгінгі заман талабына сай көркемделген. Елді мекендердің ішкі жолдарына түгелдей дерлік асфальт  төселген. Барлық көшеге  жарықшам орнатылған.  Былтыр ауылдық округ бойынша бірқатар көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстарға  493 миллион теңге қарастырылып, ол толық игерілген. Мұнан бөлек, «Өзен»  қоғамдық қайырымдылық қоры демеушілігімен Құтарыс ауылындағы Абай көшесінің
2 шақырым жеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, көше бойларындағы 86 бағана  жаңартылыпты. Бүгінде Құтарыс, Ақарыс, Қызылжар және Оймауыт елді мекендерінің тұрғындары «көгілдір отынның» рахатын көріп отыр.

Елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитариялық тазалық жұмыстары да ойдағыдай атқарылып келеді екен. Жыл басы – қаңтар айынан ішкі жолдарды қардан тазарту жұмыстары дамылсыз жүргізіліп келсе, көктемде көшелерді күл-қоқыстан тазалау жалғасыпты. Осы мақсатпен 38 рет сенбілік өткізіліп, көшелер тазаланып, жол бойындағы және саябақтағы ағаштар әктеліп, электр бағаналары сырланған. Асар әдісімен көктемде мыңдаған түп ағаш көшет отырғызылыпты. «Құтарыс-тазалық» мекемесі төрт елді мекендегі 1005 отбасымен және округтегі барлық мекемелермен келісімшартқа отырып, олардан шыққан күл-қоқысты тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін полигонға тасымалдап тұрады.

Құтарыста мәдениет пен спортқа да  үлкен  мән беріледі. Мысалы, Ақарыс ауылындағы клубта «Бойжеткен» би  және көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Олар аудан мен ауылда өтетін мәдени іс-шараларға белсене атсалысады.

Былтыр Ақарыс ауылында жастардың ұйымдастыруымен бокстан облыстық турнир өткен. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар берілген. Ал, биыл жеке кәсіпкерлер Ержан және Нұржан Нияз­алиевтер мен «Өзен» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен жаңа спорт кешені пайдалануға берілген. Құны 115 миллион теңгені құрайтын осы спорт кешенінде қазір бокс және күрес үйірмелері жұмыс істейді. Бұдан тыс ауыл мектептерінде спорттың  еркін күрес, бокс, футбол, волейбол, баскетбол түрлері бойынша жаттығулар тұрақты өтіп тұрады.

Міне, осы жұмыстардың барлығының басы-қасында  ауыл әкімі Мырзахан Керімбеков жүреді. Оны ауылдың үлкен-кішісі ардақ тұтады. Жұмысын жауапкершілікпен атқаратын Мырзахан ауылдағы барлық көпшілік ұйымдастыру жұмыстарының көшбасшысы ретінде де ел құрметіне бөленген.

– Біздің ауылдың атауы тауып қойылған. Біз Құтарыс деген ауылда тұратынымызға мақтанамыз. Ауыл іргесінен Ақсу және Арыс өзендері өтеді. Әсіресе, жаз мезгілдерінде суға түсушілер көбейеді емес пе?! Сондайда біздің елді мекендер салқын сая іздеп келгендерге таптырмас жер. Әрине, сырткөз – сыншы. Біз солардың сынына ұшырамас үшін айналамызды тап-тұйнақтай таза ұстауға тырысамыз. Көшедегі көрнекіліктерге, тазалыққа баса мән береміз, – дейді әкім.

Біз ауыл тұрғындарымен үлкен жолдың бойында әңгімелесіп тұрғанда қасымыздан жасы егде тартқан жолаушы өтіп бара жатты. Ол қасындағы жолсерігіне «Құтарыс десе, Құтарыс екен, иә!» деп қояды. Ауыл адамдарының еселі еңбегін көріп біз де сол жолаушының сөзін іштей қайталап келе жаттық.

 

Сайрам ауданы.

Пікір қалдырыңыз