Мақсат – халықты кедейшіліктен құтқару

1. Бұл жоба не жөнінде?

«Қарызсыз қоғам» жобасы – «AMANAT» партиясының Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған бастамасы. Бұл жобаға еліміздің 18 жастан асқан барлық азаматтары қатыса алады. Іріктеу кезінде қатысушылардың әлеуметтік мәртебесі ескерілмейді.
«Қарызсыз қоғам» жобасы несие бойынша берешегі бар, борышкерлер тізімінде тұрған, несиесін уақытында төлей алмаған азаматтарды қолдауға бағытталған. Тренинг қаржылық сауаттылық деңгейін көтергісі келетіндерге, өз қаражатын ұтымды пайдаланғысы келетіндерге, сондай-ақ, өз ісін немесе бизнесін ашқысы келетіндерге және қаржы туралы білімге мұқтаж адамдарға пайдалы болмақ.
Жобаны жүзеге асыруға еліміздегі Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Breke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK ұйымдары қаржылай қолдау көрсетеді. 
2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін бүкіл халық көруі керектігін айтты. Мемлекет басшысы бұл бағдарлама қысқа мерзімде өз тиімділігін көрсеткенін де атап өтті. Сондықтан Президент Үкіметке саяси партиямен бірлесіп, жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. 
Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасын барлық өңірлерді қамти отырып, кең ауқымда іске асырып, 200 мыңға жуық тұрғынды, 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаржылық сауаттылық негіздеріне оқыту жоспарлануда. Бұл туралы толығырақ qogamfin.kz арқылы білуге болады. 

2. Бағдарламаның өзектілігі неде?

ҚР Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтардың несие бойынша қарыздары 18 триллион теңгеге жетті. Соңғы үш жылда тұтынушылық несие сегментінде өсу үрдісі байқалады.
Халықтың 84%-ының, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екені анықталды. Соңғы бір жарым жылда бұл көрсеткіш 27%-ға өскен. 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген қарыз сомасы шамамен 1,4 триллион теңге болған. Яғни 1,7 миллион адам қарызын уақтылы төлей алмай отыр.
Сайып келгенде, дамыған FinTech және қаржылық сауатсыздық үлкен әлеуметтік проблемалар туғызуда. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайызы және ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі жыл сайын қазақстандықтардың қарызының өсуіне әкеліп соғуда. 

3. Қандай санаттарға арналған? 

Жобаға қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізгісі келетін, кредиттік міндеттемелерсіз болашақты құрғысы келетін, өзіне, отбасына және жақындарына қаржылық сауаттылықты арттыруға көмектескісі келетін, несиелік тәуелділіктен және коллекторлардың тұрақты бақылауынан құтылғысы келетін барлық азаматтар қатыса алады. Бизнес-жоба ашқысы келетін, жеңілдетілген несиелер секілді мемлекеттен қаржылық қолдау алғысы келетін және бизнесті дамыту бағдарламаларына қатысқысы келетін азаматтар үшін де пайдалы.

4. Оқыту қалай өтеді? 

Қатысушылар 30-50 адамнан тұратын топта офлайн форматта бес күн оқиды. Бір ай ішінде сабақтар үш топта жүргізіледі. Әр дүйсенбіде білім алушылардың жаңа легі жасалады. Сабақтар таңғы 9-дан 17:00-ге дейін өтеді. Оқуға шамамен 40 сағат беріледі. Әдетте, түске дейін қатысушыларға теориялар үйретіледі, ал, түскі астан кейін жеке консультациялар жүргізіліп, әр қатысушы үшін практикалық сабақтар өтеді. Тренингтерге жазылу үшін qogamfin.kz сайтында өтініш қалдыру керек немесе жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) немесе AMANAT партиясының өңірлік кеңсесіне жүгіну қажет.
Сонымен қатар, білім алушылар алаяқтық схемалар мен қаржы пирамидаларын, жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қарастырады. Қатысушыларға кірістерді арттыру жолдары, сондай-ақ ШОБ-ты мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау шаралары, тиімді банк құралдары, бизнес-жоспар құру әдістемелері түсіндіріледі, конкурстарға қатысуда қолдау көрсетіледі. 
Қатысушылардың өтініштері мен тілектері бойынша әртүрлі заңгерлік кеңестер беріледі. Тренингтер аяқталған соң қатысушыларға сертификат және әрі қарай өз бетінше жұмыс істеу үшін жұмыс дәптері беріледі. Мұнда берілген сертификат қаржы сарапшысының жыл сайынғы тегін қолдауына және заңгерлік кеңестерін алуға құқық береді.

5. Тренинг қандай нәтиже береді? 

Бүгінге дейін еліміздің 8 өңірінде 65 мың адам қаржылық сауаттылық негіздерін үйреніп, 48 941 адам «Қарызсыз қоғам» жобасында білім алып, тұрмыстық жағдайларын жақсартты.

7. Қандай жұмыстар атқарылды? 

Биыл ақпан айынан бастап еліміздің барлық өңірлері мен қалаларында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқытудың екінші толқыны іске қосылып, бір жыл бойы жұмыс істейтін 150 қаржы сарапшысы арнайы дайындықтан өтуде. Білікті мамандар тұрғындарға өзекті қаржылық проблемаларын шешуге көмектесуде. 
Сонымен қатар, биылдан бастап оқушылар ағынын тиімді басқару үшін qogamfin.kz онлайн платформасы іске қосылды. Сайтта ыңғайлы онлайн оқытуға өтініш берген 2024 жылдың 1 наурызында несиесі бар әйелдердің бірінші республикалық форумы өтті. Оған өңірлерден қатысушы әйелдер мен кәсіпкер әйелдер шақырылып, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бизнесте қалай табысқа қол жеткізуге болатындығын және қайтсе қаржы тұрақты болатынын үйретті. Әр өңірде кәсіпкер тәлімгерлер әйелдерге кәсіпкерлік дағдыларды үйретеді және бизнесті жүргізу процесінде қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, құжаттар топтамасын қалыптастыруға, жеңілдетілген кредиттеуге және мемлекеттік гранттарға бизнес-жоспарлар жазуға көмек көрсетілді.
«AMANAT» партиясы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Halyk Bank» және «Банк Центр Кредит» банктерімен «Қамқоршы AMANAT» қорын құру туралы меморандумға қол қойды. Осылайша партия аграрлық кооперативтер арқылы «Қарызсыз қоғам» түлектерінің табысын арттыра түскісі келеді.

8. Алда не күтіп тұр?

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде, колледждерінде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықты оқыту бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқулық жазатын әдіснамалық топ құрылды. Бұл топ Финляндия мен Эстония тәжірибелерін үйренуге арнайы барып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы оқу жылының соңына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, жазғы кезеңде педагогтарды оқыту жоспарлануда. 

«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.
Пікір қалдырыңыз