Басты мақсат — ұжымдық қауіпсіздікті нығайту

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы заң шығару органдардың спикерлеріне ілтипат білдіре отырып, Ресейдің ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Президент басқа елдердің делегацияларын осы бастаманы қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалог мемлекетаралық байланыстарды нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл мәселеде Қазақстан өз ұстанымынан ешқашан айнымайтынын тағы да растады. Оның айтуынша, ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі – «қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құру. Сонымен қатар Президент палестиналықтардың Ұйымға мүше болу құқығын мойындау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының биыл 10 мамырда қабылдаған қарарын құптады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңір­аралық байланыстарға белсенді тарту.

Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру қажет екенін ескере отырып, ҰҚШҰ күш-жігерін ұйым жарғысына сәйкес мүше-мемлекеттер үшін барынша өзекті әрі тиісті жұмыс бағыттарына жұмылдыруды ұсынды. Қазақстан аталған міндеттерді Ұйымға төрағалық ету кезеңінде басым бағыт ретінде белгіледі.

Атап айтқанда, Президент террорлық қауіп-қатермен күресу және ҰҚШҰ-ға мүше елдер азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет деп санайды.

ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс. Мемлекет басшысы мұны тағы бір маңызды басымдық деп атады.

Сонымен қатар Президент төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою жөніндегі ынтымақтастықты Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде басымдық берілетін бағыт ретінде атап өтті.

– Өңіріміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай табиғат апатының қаупі қаншалықты зор екенін көрсетті. Қазақстанға оның салдары оңай тимеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі су тасқыны кезінде тілеулестік білдіріп, көмек көрсеткені үшін мемлекеттеріңізге ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз – деді Президент.

Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ықпалдастықты нығайтуға ниетті.

– БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның салалық құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды деп санаймыз. Биыл қаңтар айында ҰҚШҰ Хатшылығы мен ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біз мұны құптаймыз, – деді Президент.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысы Ұйымға мүше әр елдің мүддесін ескере отырып, мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ілгерілетуге және өзара үйлестіруге елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, Кеңес қабылдайтын құжаттар ҰҚШҰ-ны одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Пікір қалдырыңыз