897 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданды

Өңірде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек өтінімдері шілденің 15-26 күндері қабылданады. Осыған орай, бірінші лек қатысушыларына 5-7 маусымда 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беруге арналған комиссия отырыстары өтті. 

Биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. 
Ашық форматта өткен комиссия отырысы аудан, қала көлемінде Мансап орталықтарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді. 
Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған. 
Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз