Германияға келгендердің бәрі де чемпион болғысы келеді
Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Футболдан Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының алғашқы тур ойындары артта қалды. Голдар да салынды, жұрт күтпеген есептер де тіркелді. Қызыққа толы алғашқы турдың нәтижелерін тағы бір ой елегінен өткізсек...
«А» тобы: Немістердің қарқыны қатты
Чемпионаттың беташар ойынында алаң иелері Германия құрамасы Шотландия құрамасымен кездескен. Нагельсман баптайтын немістер бұл ойында 6 гол салды. Бесеуін қарсыластар қақпасына, біреуін өз қақпасына. Бір қызығы, дубль, хэт-трик секілді нәтижелер тіркелген жоқ. Есесіне, кельттердің қақпасына ерінбеген немістің бәрі гол салды. Алдымен Вирц, сосын Мусиала, бірінші тайм аяқталар тұста Хаверц гол салса, екінші таймда Фулькург пен Джан мергендік танытты. Ал, биыл Мадридтің «Реалы» сапында УЕФА чемпиондар лигасын жеңіп алған Рюдигер өз қақпасына гол енгізіп алды. Бұл ойында бәрі болды: пенальти де, «қызыл қағаз» да, автогол да.
«А» тобының екінші ойынында Венгрия мен Швейцария кездескен. Алайда, біз көп үміт күткен мадиярлар Мұрат Якин баптайтын құраманың алдында дәрменсіздік танытты. Ойынның алғашқы кезеңінде швейцариялықтар жауапсыз екі гол салған. Венгрия ойыншылары екінші таймға ес жиып шыққандай көрінді. Олар есеп айырмасын қысқартқанымен, алаңға тыңнан қосылған Швейцария құрамасының шабуылшысы Эмболо матчтың нүктесін қойды. Якиннің командасы 3:1 есебімен жеңіске жетіп, плей-оффқа жақындай түсті.
«В» тобы: Түбінде сенсацияны албандар жасамасын!
Немістер Шотландияның қалай тас-талқанын шығарса, Испания да Хорватияның солай сау-тамтығын қалдырмады. «Шахмат жейделі» жігіттер «қызыл фурияға» 29 минут қана шыдас берді. Содан кейін айналасы 15 минуттың ішінде бірінен кейін бірі 3 гол жіберді.
Хорватияның орталық шебі мәңгілік қартаймайтын Модрич–Брозович–Ковачичтен құралған. Үшеуінің жасын қоссаңыз бірі кем жүзде екен. Алайда, испандықтар бұл үшеуінен өте алмасын сезіп, қулыққа басты. Допты Даличтің командасына бере салып, өздері қарымта шабуылдаудың сәтін күтіп жатты. Осы тұста бір ғана пасымен Моратаны 29-минутта ұрымтал тұсқа шығарып жіберген Фабиан Руисты атап өтпеске болмайды. Арада үш минут өткенде Руистің өзі де Ливакович қақпасынан саңылау тапты. Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Дани Карвахаль есепті 3:0-ге жеткізді. Айтпақшы, оған дәл пас асырған Ламин Ямаль Еуропа чемпионатында голдық пас берген ең жас ойыншы (16 жас) атанды.
Осы ойыннан бір апта бұрын жолдастық кездесуде Португалияны жеңіп кеткен хорваттар аспаннан жерге түсті, жәй түскен жоқ, омақаса құлады. Златко Даличке тықыр таянды. Енді плей-офф бәсекесіне өту үшін олар бар күшін салу қажет. Ал, Испанияны осы ойыннан кейін де турнирдің фавориттері қатарына қосқысы келмейтіндер қатты қателесетін секілді.
Бұл топтағы екінші ойында сенсация орын ала жаздады. Ойынның небәрі 23-секундында Албания ойыншысы Байрами Италия қақпасынан саңылау тапқан. Бұл – Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жылдам соғылған гол. Алайда, қазіргі Еуропа чемпиондары естерін тез жиды. Алдымен Бастони, кейін Барелла Албания қақпасын дәл көздеп, ойынның 16-минутында Италияны алға шығарған. Одан кейін есеп өзгермеді.
«С» тобы: Сербтер «нервке» тиіп тұр...
Бұл топқа түскен құрамалар алғашқы турда сүреңсіз ойнады. Дания мен Словения 1:1 есебімен тең тарқасты. Бұл – Еуропа чемпионатының алғашқы турындағы жалғыз тең ойын. Ал, екінші ойын бұдан да сүреңсіз болды. Турнирдің басты фавориті саналған Англия сербтерді небәрі 1:0 есебімен әрең жеңді.
Бұл топтағы шоудың көкесін жанкүйерлер көрсетіп жатыр. Гельзинкирхендегі спорт-барларының бірінде лаң салмақшы болған англиялық жанкүйерлер ақырында өздері таяқ жеп тынды. Албаниялық жанкүйерлердің айтуымен сербиялық фанаттар жайғасқан спорт-барға кірген ағылшындардың көздері көгеріп шықты. Сөйтсек, гәп былай екен, әлгі спорт-барда Сербия президенті Александр Вучичтің ұлы Данило Вучич отырған. Ал, оның жанында Сербияның элиталы арнайы жасағынан құралған 20 сарбаз жүрген. Осылайша сербиялық жанкүйерлерді ұруға келген ағылшындар өздері таяқ жеп, енді көрмегеніміз Гельзинкирхен болсын деп отыр.
Сербиялық жанкүйерлердің қызығы мұнымен аяқталған жоқ. Олар Германия көшелеріндегі шеру кезінде «Путин! Путин! Путин!» деп ұрандатқан. Онымен қоймай, өздері отыратын секторға Ресей туын іліп қойған. Фанаттар УЕФА мен ФИФА-ның Ресей құрамасын халықаралық жарыстардан шеттетуіне қарсы наразылықтарын осылай білдірген. УЕФА ресми түрде Украина құрамасының ойыны болатын стадиондарға Ресей туын алып кіруге тыйым салды. Ғайыптан тайып, Сербия мен Украина құрамалары плей-офф кезеңінде жолығып қалса, қызықтың көкесі сонда болайын деп тұр...
«D» тобы: Бас та жарылды, мұрын да сынды, тек жан шыққан жоқ
Австрия құрамасын осы чемпионатта сенсация жасауы мүмкін құрамалардың қатарына қосқанымыз бекер болмапты. Олар азулы француздарға қарсы кәдімгідей қарсылық көрсетті. Тек ойынның орта тұсында өз қақпаларына гол салып алды демесеңіз, қалған уақытта лайықты қарсылық көрсетті. Тіпті, есепті теңестіріп, алға шығып кететін мүмкіндіктері де болды. Рангник шәкірттері ұпай алу үшін өздерін де, қарсыластарын да аяған жоқ. Сондай жан алысып, жан беріскен сәттердің бірінде Антуан Гризманның қабағы жарылып кетсе, Килиан Мбаппе мұрнын сындырып алды. Енді Мбаппе 1/8 финалға дейін алаңға шыға алмайды. Франция Нидерланды мен Польша құрамаларына қарсы ойынды Мбаппесіз өткізеді. Мбаппе 1/8 финалда оралған күннің өзінде, бетперде тағып ойнауы мүмкін.
«Е» тобы: Бельгиядан бел кетті
Бұл топ сенсациялар тобы болып тұр. Румыния құрамасы көпшілік күтпеген нәтижені тіркеді. Олар ел мақтаған Украина құрамасын 3:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Ойын басында қақпашы Андрей Лунин оңбай қателесті. Допты қақпадан аулаққа құртудың орнына румыниялық ойыншының аяғына салып берді. Ол болса мәңгілік қартаймайтын капитан Станчуды паспен жарылқады. Алыстан шірене тартқан Станчудың соққысы қақпа торын бүлк еткізді. Сауатты қорғанған румындар екінші тайм басталар тұста тағы екі гол салып, Украина құрамасын түбегейлі тізерлетті.
Бұл топтағы екінші сенсацияны Словакия құрамасы тіркеді. Олар Бельгия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, плей-оффқа жақындай түсті. Бұл ойын «қызыл сойқандардың» жойқын-жойқын шабуылымен басталған. Қапталдағы вингер Джереми Доку сәт сайын словакиялық қорғаушылардың мазасын алып, шабуылды үдеткен. Ал, ойынның 7-минутында сол Доку өз айып алаңында оңбай қателесіп, допты қарсыластарға беріп қойды. Мұндай мүмкіндікті словакиялықтар мүлт жіберген жоқ. Бүкіл бельгиялықтарды бақытсыз еткен голға қуанған жалғыз бельгиялық болған шығар?! Ол – қақпашы Тибо Куртуа. Биылғы УЕФА чемпиондар лигасының финалында міндетін мінсіз атқарған қақпашыны қалайша Еуропа чемпионатына ертпей, тастап кетуге болады, Тедеско мырза? Бельгия турнирді ерте аяқтайтын болса, Куртуаны жеке бас араздығына бола құрамаға алмаған Тедеско №1 күнәһар болып шығады.
«F» тобы: Роналду жастықтың соңы, кәріліктің басы деп 90 минут тер төкті
Түркия құрамасындағы 19 жасар вундеркинд бір күнде күллі түркі жұртының қаһарманына айналды. Грузия құрамасына қарсы ойынды түріктер жақсы бастаған. Мерт Мөлдүрдің әдемі голынан соң түріктер есепте алға шыққан. Алайда, күржілер есепті жылдам теңестірді. Сосын екінші таймда Гюлер сөз алды. Ол айып алаңының сыртынан Мамардашвили қорғаған қақпаның дәл тоғыздығын көздеген. Осылайша Гюлер дебюттік ойынында гол салған ең жас ойыншы атанды. Бұған дейінгі рекорд Криштиану Роналдуға тиесілі болған. Ол 2004 жылы Грекия құрамасына қарсы кездесуде гол салып, сол кездегі рекордты жаңартқан. Жиырма жыл сақталған рекордтың мұртын енді Арда Гюлер бұзып отыр.
Одан кейін грузиндер есепті теңестіру үшін жанталаса алға ұмтылды. Тіпті, қақпашы Мамардашвилидің өзі төсегін Түркияның айып алаңының ішіне салып алды десек те болады. Осындай сәттердің бірінде Мұхаммед Керем Ақтүрікоғлы допты ала қашып, бос қалған қақпаға домалата салды.
Бұл топтағы екінші ойын да өте қызықты өрбіді. Португалия құрамасы Роналду бастап, Леау қостап қанша шабуылдаса да, Чехия қақпасының кілтін таба алмады. Ал, екінші таймда, тіпті қақпаларына гол жіберіп те алды. Одан кейін тайлы-тұяғымен алға ұмтылған «еуропалық бразилиялықтар» ойынның 70-минутында есепті теңестіре алды. Қас қылғанда чехиялық қорғаушы Гранач өз қақпасына гол салып, сорлап қалды. Одан кейін Жота есепті еселегенімен, төреші голды есептемей тастады. Ойынның соңғы минуттарының бірінде алаңға тыңнан шыққан жас футболшы Консейсау жеңіс голын салып кетті. Қателескен тағы да Гранач. Ол допты айып алаңынан ұзатамын деп Консейсаудың аяғына салып берді.
Бұл кездесуде де бірнеше рекорд тіркелді. Португалия қорғаушысы Пепе Еуропа чемпионатында ойнаған ең егде (41 жас) футболшы атанды. Ал, Роналду өзінің алтыншы Еуро-додасына қатысып отыр.