Әрбір істің берекесі болады

Кәсібің - нәсібің

 

       Бәйдібек ауданы, Жыланды ауылында Ерғат Сағымбаев деген кәсіпкер бар. Ауылдастарын техникамен әрі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жұрт оның игі істерге әрдайым ұйытқы болып жүретінін айтады. Мәселен, 2021 жылы Ерғат ағамыздың бастауымен, халықтың қоштауымен жас отбасыға үй салынып беріліпті. Тек кәсіппен, өз шаруасымен тоқтап қалмай, осындай қайырымды істің де басы-қасында жүретін Ерғат ағамызды әңгімеге тартқан едік.

        — 2000 жылы мал бақтым. Кейіннен совхоз тараған соң, 2008 жылдан бастап егін шаруашылығымен айналысуды қолға алдым. Сонымен қатар, шаруа қожалығымызда 2015 жылдан бері ірі қара мал бағылады. Мұнан бөлек  егін шаруашылығына қажетті техниканың санын да көбейттік. Әрине, әр нәрсенің өз қиындығы болады. Дегенмен бұлардың барлығын бір өзім атқармаймын, оған үлгермейтін де едім. Біздегі әр саланың өз мамандары бар, солардың көмегін пайдаланамын. Мәселен, малды малшылар бақса, егін шаруашылығымен осыған әбден төселген диқандар айналысады. Соның арқасында бейнетіміздің пайдасын да көріп келеміз, – деді Ерғат аға.

        Кәсіпкердің 2022 жылы ауылда қойма салдырғанынан хабардар едік. Бұл жөнінде сұрағанымызда, кәсіпкер аға: «Ол ауылға нағыз керек дүние болып шықты. Арнайы құрылғымен бидай тазалаған соң, оны сол қоймада сақтаймыз» деді.

       Алдағы уақытта кәсіпкер үйреншікті істерін әрі қарай дамытып қана қоймай, жаңа кәсіп түрі – жылыжаймен айналысуды жоспарлап отыр екен.

       Біз Ерғат ағадан жас кәсіпкерлерге қандай кеңес айтатынын сұрадық.

      —Бастаған істі аяғына дейін жеткізу керек! Қолға алған әрбір істің берекесі болады. Сол үшін жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс істеу керек. Жауапкершілікті сезінбеген адам жетістікке жетпесі анық, –деді ол кісі.

       Міне, ауылды ілгері дамытып, тыныс-тіршілігін өрге сүйрейтін, тұрғындардың тұрмыстық ахуалын көтеретін осындай Ерғат аға сияқты жандар барда ертеңгі күнге еркін тыныстап баруға болады. Өзім солай деп ойладым. Ауыл тұрғындарының алғысын арқалаған жан ел келешегі – біз сияқты жастарға үлкен үлгі-өнеге болары анық.

 

    Диана БАРАТОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің 2-курс студенті.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз