Сенімге селкеу түспеуі тиіс
«100 нақты қадамға» негізделген Ұлт жоспарын іске асыру барысында судьялар әдебінің жаңа кодексі әзірленгені белгілі. Соған сай судьялар корпусы сот төрелігін іске асыруда және қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей әдеп нормаларын қатаң сақтауға міндеттелген. Олар өз қызметін атқару барысында жауапкершілікті сезіне отырып, сот істерін бұрмаламауға, тамыр-таныстыққа жол бермеуге міндетті. Судья күнделікті тұрмысқа қатысты кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс. Сондықтан ол тұрмыстық қарым-қатынаста өзінің немесе отбасы мүшелерінің және басқа да адамдардың мүддесі үшін қызметін пайдаланып, артықшылықтар алатын болса, бұл өз кезегінде судьяның тәуелсіздігіне, істі қарау кезіндегі объективтілігіне күмән келтіруге негіз болады.
Судьяның моральдық-этикалық келбеті оның балаларын тәрбиелеуге, оларды және ата-аналарын күтіп-бағуға деген көзқарасына қарай қалыптасады. Судья отбасының құрметті адамы бола білуі керек. Судьяның да, оның отбасы мүшелерінің де материалдық мүдделері ақылға қонымды болуы тиіс. Судья қашанда антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық қатынасқа қатысты кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз көріністерге жол бермеуге, лауазымына лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға міндетті.
Судьялар үнемі көпшілік назарында жүретіндіктен, олардың моральдық келбеттеріне қатаң талаптар қойылады. Сондықтан биліктің үшінші тармағы – сот жүйесіне деген елдің сеніміне селкеу түспеуі тиіс.
Д.БЕЙСЕМБЕКОВА,
Түркістан облыстық мамандандырылған экономикалық
сотының судьясы.