Туды қорлағаның – ұлтты қорлағаның...

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бұл оқиға сәуірдің 14-і күні Сауран ауданында болған. Ибата ауылының тұрғыны сол күні көлігімен ауыл орталығындағы көшелердің бірінде келе жатып, ілініп тұрған туды телефон камерасына түсіріп алады. Түсіріп қана қоймай, видеоға «жоғарыға иліп қойыптығо таеульсздик тряпкасн» («жоғарыға іліп қойыпты ғой тәуелсіздік тряпкасын») деген сөздер жазып, оны «ТікТок» әлеуметтік желісіне жүктейді. Сол-ақ екен, оған қарсы ашу-ызаға толы пікірлер желіде қарша борайды. Автор осыдан кейін видеоны өшіріп тастаған. Бірақ, кейбір желі қолданушылары аккаунт иесінің бұл әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп, полиция мен прокуратураға арыз түсіреді.

Кейін жігіттің жеке басы анықталып, үстінен ҚР ҚК-нің 372-бабы (мемлекеттік рәміздерді қорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Роликтің мазмұнына психологиялық-филологиялық сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша видео авторының мемлекеттік туды қорлағандығы анықталды. 
Сотта жас жігіт кінәсін мойындап, көпшіліктен кешірім сұрағанымен, Түркістан қалалық соты оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындап, жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жөнінде үкім шығарды.   
Мемлекеттік туды қорлау әрекеті бір бұл емес, туды қоқыс салатын дорба ету, оны қорадағы лас істерге пайдалану, тіпті, жыртылғанша қараусыз тұра беретін оқиғалар әредік-әредік кездесіп қалады. Жоғарыдағы саурандық азаматтың әрекеті тәуелсіздіктің идеологиялық мәнін жастардың санасына әлі де жөндеп сіңіре алмай жүргенімізді көрсетеді. 
Былтыр рәміздер күні қарсаңында белгілі әнші көк туымызды сахнада умаждап ұстап, көпшіліктің сынына ұшыраған болатын. Мұның дақпырты Президентке дейін жеткенін білеміз. Мемлекет басшысы туды қорлағандарға қатысты пікірінде:
«...Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – Туын әрқашан биік ұстаған елміз» деп тиісті органдарға рәміздерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырған болатын. Президент тапсырмасынан кейін «Мемлекеттік рәміздерді қорлау туралы» 372-бапқа бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сол әнші бар болғаны көпшіліктен кешірім сұрап, болмашы ғана айыппұл төледі. Өйткені, заң талабы солай. Заңда осындай желіккен жастардың туды  мазақ ету әрекеті Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, яғни «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша сараланады. Бұрын бұл бап бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыпұл салынса, жаңа өзгерістерден кейін ол сома 3 мың АЕК-ке, яғни 10 миллион теңгеге дейін артты. Ал, қоғамдық жұмысқа тартудың мерзімі 600 сағаттан 900 сағатқа дейін көбейді. Саурандық азамат сияқты шектен шыққандар 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Өкінішке қарай, көк туды қорлап, одан қалса жалаңаш тәніне жауып алып ойына келгенді істейтіндерді жай ғана жазалап, айыппұл салумен ғана шектелеміз. 
Қолданыстағы заңдағы жазаның жеңілдігін заңгерлер де мойындап отыр. Белгілі заңгер Қанат Жұмабай рәміздерді қорлағандарға қатысты жаза өте қатаң болуы керек деп есептейді. 
– Мен, мысалы біреулердің туды аяқасты етуін Қазақстанның 20 миллион халқын құрметтемеу деп бағалаймын. Мұндай оқиғалар еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатады. Бірақ, оның бәрі қоғам тарапынан қатаң айыпталып, кінәлілер лайықты жазасын алып жатқан жоқ. Сол үшін қылмыстық жауапкершілікке материалдық жауапкершілікті қосу керек. Рәміздерге құрметсіздік танытқан адам бас бостандығынан айырылып қана қоймай, мемлекетке сол үшін қомақты айыппұл төлейтінін сезінуі тиіс. Заңнамалардағы қазіргі айыппұл көлемі соншалықты көп емес. Жазаны айыппұлмен өтеу өте жеңіл. Олар өз ісінің ағаттығын көп өтпей, ұмытып та кетеді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге тіл тигізгендерге немесе қорлау әрекетін жасағандарға өмірбақи айыппұл төлейтін жауапкершілік енгізу қажет. Біреудің қатаң жазаланғанын көрсе, өзгелер мұндай әрекет жасарда ойланатын болады, – дейді Қанат Жұмабай. 
Әрине, заңды күшейту арқылы желіккен жастарды сабасына түсіруге болады. Бірақ, одан патриотизмнің нығайып кетпесі анық. Біздіңше, заңды қатайтудан бұрын ту, елтаңба сынды ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ санасына тереңірек сіңіруді ойластырған абзалырақ дер едік. Рәміздерді тек жылына бір рет қана еске алып қана қоймай, былайғы күндері де оған құрметпен қарау дағдысын үйрету қажет. Осыны кішкентайынан жас ұрпақтың санасына сіңіре білсек, тәуелсіздігіміз де баянды болмақ.
Пікір қалдырыңыз