Ел тілегі ескерілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында сот саласын заман талабына сай дамытуға ерекше назар аударып келеді. Осыған орай қабылданған құқықтық құжаттар салаға серпін беретін жаңашылдықтарға жол ашты. Соның бірі ретінде Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық соттың құрылатынын айтуға болады.
Кассациялық сот құрудың артықшылығы неде? Ең бастысы, бұл кассация өндірісіне түскен кез келген істің егжей-тегжейлі қаралуына ықпалын тигізеді. Өйткені, бұған дейін кейбір істердің бір судьяның ғана пайымдауымен алқа қарауына жіберілмеуі азаматтар мен кәсіпкерлердің ренішін туындатқан болатын. Жаңа өзгеріс сот төрелігінің сапасын және азаматтардың соттарға деген сенімін арттыруға ықпал етпек. Екіншіден, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашылады.
Осыған орай кассациялық істерді қарайтын судьяларға да қатаң талап қойылып отыр. Кассациялық сот судьяларының заңгерлік өтілі кемінде 18 жыл болуы керек. Ал, судьялық тәжірибесі кемінде 8 жыл болуы міндетті. Сондай- ақ, төрағаның кемінде 10 жыл сот алаңында төрелік етуі, оның ішінде облыстық соттың судьясы лауазымындағы жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Мұндай талап кассациялық сотқа неғұрлым тәжірибелі, кәсіби шеберлігі шыңдалған мамандардың таңдалатынын көрсетеді. Кассациялық сот Астана қаласында болғанымен, ол республикалық деңгейде жұмыс істейді. Төменгі сот шешімімен келіспегендер бірден осында жүгіне алады.
Серік СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.