Қатаң жаза проблеманы шеше ме?
Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
Облыс полицейлері жаңа жыл мерекесі қарсаңында есірткі тасымалына қатысты заңсыз әрекетті әшкереледі. Бұл жайтты оларға жолаушыларға қызмет көрсететін такси жүргізушісі хабарлаған. Оның айтуынша, Шымкент қаласынан белгісіз ер адам сәлемдеме салып, оны Түркістаннан бір қыз күтіп алатынын ескерткен. Жүргізуші жолай жолаушыларды түсіріп жатқан кезде әлгі затты абайсызда құлатып алады. Сол сәтте электронды шәйнектің ішінен мұқият оралған 2 дана орама түседі. Бойын күдік билеген жүргізуші бірден полицияға хабарласады.
Полиция қызметкерлері жүргізушінің қоңырау арқылы жеткізген ақпараты бойынша жедел іске кірісіп, «сәлемдемені» күтіп алған қызды қылмыс үстінде құрықтады. Оның алған сәлемдемесі синтетикалық есірткі болып шықты. Тергеу барысында есірткіні өзі тұтыну үшін Шымкент қаласынан алдыртқаны анықталды. Полицейлер қазір «сәлемдеменің» қайдан шыққанын тексеру үстінде.
Арада бір апта өткенде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының Ордабасы ауданының тұсында «Трамадол» дәрісін тасымалдаған тағы бір күдікті құрықталды. Арыс ауданына қарасты медициналық мекемелердің бірінде қарауыл болып жұмыс істейтін азаматтың көлігін тінту кезінде таблетка салынған 4 қорап, кейін тұрғылықты жерінен тағы бір қорап табылған. Жалпы, 5 қораптан 2416 дана таблетка табылған. Тексере келгенде, мекеме күзетшісі дәрігер рецепті негізінде дайындалған таза бланкілерді пайдаланып, трамадол сатып алу үшін Шымкент қаласына барғандығы анықталды. Оның еш жасырынбай, психотроптық тауарды жүк салғышқа салып алып тасығанына қарағанда әбден шектен шыққаны көрініп тұр. Егер полицейлер кездеспесе, ол өзінің «жүгін» аман алып өтер ме еді, кім білсін... Ал, ұсталмағандары қаншама. Қазір бұл факт бойынша анықталған өзге де мән-жайларға сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Әдетте, мұндай жағдайда алушы ғана тұтылып, беруші тарап, яғни есірткі сататындар жазадан сытылып кетіп жататын. Жыл басында қабылданған заңға сәйкес, енді алушымен қатар оны саудалайтындарға да қарастырылатын жаза қатаң болғалы тұр.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған «Әділетті мемлекет.Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына қауіп төндіретінін айтқан еді. «Қазір ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген синтетиканың көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел» деген Президент бұл қылмыспен күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екенін де қатаң ескерткен еді. Президенттің осы ескертуінен кейін биыл есірткіге қарсы қолданылатын заңнама біршама қатаңдатылды. Жаңа заңға сәйкес, есірткі өндіру мен оны өткізуді ұйымдастырушыларға жаза күшейтілетін болды. Есесіне, есірткіні жасырын орналастырушыларға жаза жұмсартылды. Бұрын мұндай қадамға барғандарды 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге жабатын. Енді қылмысты алғаш рет жасап ұсталса, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мұндай қылмысқа көбіне жастар баратындықтан, олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткі сатушылардың қылмыстық тұзағына түсіп қалатыны ескерілген. Жазаның жеңілдеуі олардың шартты түрде мерзімінен ертерек босап шығуына мүмкіндік береді. Бірақ, бәрінің мүлкі тәркіленетінін естен шығармаған абзал. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 297-бабына біршама түзетулер енгізілді. Заңда бұдан өзге қандай жаңалықтар бар? Тағы кімдерді қатаң жаза күтіп тұр?
Заңда есірткі таратқан, есірткі саудасын ұйымдастырған лауазымды тұлғалар, шенеуніктер, әкімқаралар үшін қылмыстық жаза қатайтылды. Мұндай санаттағы қылмыстар ендігіде Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сараланады. Жалпы, заңға енгізілген бұл жаңашылдық есірткі өндіру мен оны өткізу арасындағы қылмыстық жауапкершіліктің аражігін ажыратуды көздейді. Себебі, ел ішінде есірткі бизнесіне «қамқорлық» жасайтын шенділер жайлы аз айтылмайды. Мұндай әңгімелер көбіне құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарата айтылып жатады. Осындай «қамқоршыларының» арқасында есірткі өндірушілер мен оны таратумен шұғылданатындар жазадан сырт қалып жататын. Былайша айтқанда, «айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып» жататын. Бұрын олар осындай қылмысы үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін жаза арқаласа, биылдан бастап мүлкі тәркіленіп қана қоймай, 20 жылға дейін түрмеге қамалатын болды. Тіпті, айыбы ауырлау болса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Заңдағы тағы бір жаңалық, Қылмыстық кодекстің 301-бабын (улы заттардың, сондай-ақ, есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестерді немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың, немесе жабдықтардың заңсыз айналымы) толықтыру арқылы адамға күшті әсер ететін заттардың айналымы мен өндірісі үшін арнайы жаза қарастырылып отыр. Қазір адамға әсер ететін күшті заттар, атап айтқанда, «трамадол», «мефедрон» сияқты дәрі-дәрмектер емін-еркін айналымда жүр. Әсіресе, осындай дәрілерді медициналық ұйымдар кеңінен пайдаланады. Енді олардың қолдану ережелеріне қатысты қылмыстық жауапкершілік белгіленді.
Әрине, кез келген заң орындалса ғана, адамға да, қоғам да пайдалы болмақ. Ал, толық жүзеге аспаса, ондай құжаттың халыққа пайдасы болмайды. Есірткі қылмысының бүгінгі көрсеткіштеріне қарап оның жылдан-жылға белең алып бара жатқаны кім-кімді болса да алаңдатары анық. Қысқасы, адам жанын улап, ақыл-есінен тандыратын мұндай улы заттармен айналысып жүргендермен күрес бір сәтке де тоқтамауы керек.