Ұсыныстар дер кезінде шешімін табады

Биліктің бір бұтағы – мәслихатты өз аумағындағы шағын парламент десе болады. Негізінен депутаттар өз сайлаушыларының мәселелерін шешуге көмектесуі тиіс. Және атқарған жұмысы туралы жылына кемінде бір рет тұрғындар алдында есеп беруге, жыл сайын кемінде төрт  сессия өткізуге міндетті. 
Былтыр 19 наурызда елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткені белгілі. Бүгінде жергілікті өкілетті органдардың сегізінші шақырылым депутаттары белсенді жұмыс үстінде. Біз Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қаблан Елеусізовпен жолығып, халық қалаулыларының қазіргі уақытта атқарып жатқан жұмыстары жөнінде тілдескен едік.

– Қаблан Жамалбекұлы, өткен жылғы сайлаудан кейін депутаттар құрамы жаңарды. Жаңа депутаттар тың идеяларымен келеді емес пе? Халық қалаулыларының жұмысы олардың сайлауалды бағдарламасында айтылған және тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сын-ескертпелер негізінде құрылуы тиіс. Жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Кентау қаласындағы  тұрғындар саны –  99 769 адам. Аумағы 128,3 мың гектарды алып жатқан қаланың құрамына 4 ауыл кіреді. Мұнда 13 сайлау округі бар. Мажоритарлық сайлау жүйесі кезінде қалалық мәслихаттың сегізінші шақырылымына әртүрлі саладан  13 депутат сайланды. Әртүрлі сала деп отырғаным, қазіргі халық қалаулыларының құрамында колледж мұғалімі, спорт бапкері, институт директоры, профессор, «Қазмұнайгаз» менеджері, сондай-ақ, жеке кәсіпкер де бар. 11 депутат «AMANAT» партиясынан сайланған, 1-еуі «Байтақ», енді бірі «RESPUBLIKA» партиясының мүшесі.
Негізі  2001 жылғы 23 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында мәслихаттың құзыреттілігі айқындалған. Осы заңға сәйкес, мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында атқарған жұмысы, тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.
Кентау қалалық мәслихатыдепутаттары күні бүгінге дейін 16 сессия өткізді. Оның 11-і кезектен тыс. Жалпы қазіргі таңда 105 мәслихат  шешімі қабылданды.
Коммуналдық салалардағы мәселелер де назарымызда. Сессияларда қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бойынша ТЭЦ–5 мәселесі, газбен қамтамасыз ету, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесі мәселелері, түгел-түгел күн тәртібіне шықты. Бұлардың барлығы көптен шешімін таппай келе жатқан, қала халқының көкейінде жүрген күрделі мәселелер еді. Оларға қатысты тиісті шешімдер қабылданды. 
Нақтырақ айтатын болсам,  жыл басынан бері мәслихат отырыстары мен сессияларда тиісті мекемелерге 123 ұсыныс жолданды. Қазіргі таңда оның 46-сы шешіліп, 85 сауал бақылауда тұр. Бұл мәселелер негізінен қаржы талап ететін ұсыныстардан құралған. Жыл соңына дейін олар да өз шешімін табады деп сенеміз.
Ал, депутаттық сауалдарға келсек, жыл басынан бері депутаттар түрлі мәселелер бойынша  48 сауал жолдады, оның 25-і орындалып, 23-і бақылауда тұр. Мәслихат депутаттары өзі сайланған округ тұрғындарымен тығыз байланыста және мәслихат отырыстарында сол округ проблемаларын депутаттық сауал етіп көтеріп отырады. Халық қалаулылары сайлауалды бағдарламасының орындалуын атқарушы билікпен бірлесе отырып шешуде. 
– Әкімдік пен мәслихат арасындағы қарым-қатынас қалай қалыптасқан? Келіспей қалатын тұстар бола ма?
– Бұл тұрғыда арнайы іс-шара жоспары жасалған. Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, мәслихат қызметінің негізгі нысаны – мәслихат сессиясының жұмысы болып табылады. Сессияларда тиісті шешімдер қабылданып, ол атқарушы билікке жолданады. Әрине, барлық шешімдер қала әкімдігімен бірлесе отырып қабылданады. Ортақ келісімге келе алмай қалатын кездер де болады. Әйтсе де, әкімдік те, біз де халықтың мұң-мұқтажының дер кезінде шешімін табуына күш саламыз.
– Өткізілген сессиялардың күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
– Құзыреттілікке сәйкес, мәслихат сессияларында әртүрлі шешімдер қабылданып, бекітіледі. «Кентау қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті», «Ащысай, Қарнақ, Байылдыр, Хантағы  ауылдарының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттері», қала әкімінің «Кентау қаласының дамуы жоспары» бойынша тиісті бөлімдердің есептері қаралды.
Ал, өткен жылы Қарнақ және Хантағы ауылдарының бас жоспарларын бекіту туралы шешім қабылданды. Биыл наурыз айында «Кентау қаласының әкімшілік аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» қала әкімідігінің №102 бірлескен шешімімен Хантағы ауылының 5588 мың, Шоқтас елді мекенінің 3783,05 мың, Қотырбұлақ елді мекенінің 1300,19 мың гектар жерлері біріктіріліп, осылардың негізінде жалпы аумағы 10671,24 мың гектар жерді құрайтын жаңа Хантағы ауылдық округі құрылды.
– Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Ал, Кентау тұрғындары қалалық мәслихат депутаттарының жұмысын ашық деп есептей ме, қалай ойлайсыз? 
– Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мәслихаттың барлық отырыстары мен сессиялары тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Сайлаушылар айтқан ұсыныстар түгелдей дерлік орындалады. Заңда «Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады» делінген. Осы айқындалған құзыреттілікке сәйкес, халық қалаулылары мәслихат төрағасы бекіткен кесте бойынша тоқсанына бір рет қала және ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстарын атқарушы органға, қала әкімдігіне депутаттық сауал ретінде жолдайды. Мұнымен қоса, мәслихат отырыстары мен сессияларда ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылады.
Сайлаушылар демекші, Бегзат Хабибов деген жеке кәсіпкер екеуміз Қарнақ ауылдық округінен сайландық. Бізді қолдаған тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, елді мекенде бүгінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Мұндағы 18 мыңға жуық тұрғынның өзекті мәселелері назарымыздан түскен емес.
Айта кету керек, Қарнақ ауылдық округі құрамына Қарнақ,  Құшата, Шаштөбе ауылдары кіреді. Қазіргі уақытта Қарнақ елді мекенін туризм және спорт жағынан дамыту үшін Мәдениет үйі салынуда.  Оған  1 млрд. 350 мың теңгенің сметалық жобасы жасалды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә.Сатвалдиевке  Қарнақ ауылының 300 орынды Мәдениет үйінің құрылысына қаржы қарастыру туралы депутаттық сауал жолдаудың арқасында ЖСҚ бойынша 2105,6 мың теңге қарастырылатын болды. Биыл осы жұмыстың басталуына республикалық бюджеттен 107 млн. теңге бөлінді. Бүгінде мердігер анықталып, өз жұмысын бастап кетті.     
Сонымен қатар, Қарнақ және Шаштөбе елді мекендерінің ортасын қосатын ауылдар бар. Оларда тротуарлар болмағандықтан балалардың мектептен қайтқанда жол-көлік апаттарына ұшырауы жиілеп кеткен еді. Тұрғындардың өтініштерін аяқсыз қалдырмай, былтыр қаражат бөлініп, 6 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынды, сондай-ақ, ауыл ішінде көшелер жөнделіп, бағдаршамдар орнатылды. Мұнан бөлек, демеушілердің есебінен ойын алаңшалары салынды. Осындай жұмыстардың арқасында биыл 3 ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Депутаттардың араласуымен осы тәріздес бірталай жұмыстар істеліп жатыр. Қазір Қарнақ елді мекеніндегі жағдай жақсарып келеді. 
– Жалпы, Кентау қаласының ең өзекті мәселесі не, осы туралы айта отырсаңыз?
– Былтыр жыл соңында Кентау қаласын жылумен қамтамасыз ету мәселесінде қиындық туындап, ол елдің наразылығын тудырғанын білесіздер. Стансада апатты жағдай орын алды, оның үстіне ауа райының күрт суытуы да қолайсыздық тудырды. Биыл осы жағдайлар қайталанбас үшін ТЭЦ–5 стансасында күрделі  жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, 4,4 шақырым магистральды жылу желілерін ауыстыру және 4 кері сорғы стансасын қайта құру жұмыстарына 3,8 млрд. теңге бөлінді. Оның бірінші кезеңі – 4,7 шақырым құбырды ауыстыру 2023 жылы атқарылды. Екінші кезеңі бойынша 1,9 шақырым магистральды жылу желілерін  ауыстыру және 4 кері сорғы стансасын қайта құруды осы тамыз айында аяқтау жоспарланған. №5 қазандықты ағымдағы жөндеуге жалпы құны 202 896 72 теңге қаралды. №6 турбоагрегатты ағымдағы жөндеу жұмыстарына 361 918 теңге қаралған, оны келер жылы қаңтар айының соңында аяқтау көзделіп отыр. Ал, №8, №9, №10, №11 қазандықтарды қайта құру жұмыстарына 12,8 млрд. теңге қаралып, биыл оның 2,8 миллиарды бөлінді. Кентаулық депутаттар «AMANAT» партиясымен бірлесе отырып, осы бөлініп жатқан қаржылардың игерілуін және жұмыстардың сапалы, кестеге сәйкес жүргізілуін жіті бақылауда. Осының негізінде халық қалаулылары күзде кентаулықтарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етуге дәнекер болмақшы.  
Сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Кентау қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінің аулаларын абаттандыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бүгінде 33 балалар ойын алаңшасын салуға сметалық құжаттама әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына және облыс әкімдігіне бірқатар ұсыныс берілді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын! 

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз