Футбол тойы: кімнің бағы, кімнің бабы шабады?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Футболсүйер қауым қазір әр минутты санап отыр. Тура бір жетіден кейін Германияда нағыз футбол тойы басталмақ. Нақтырақ айтқанда, биыл Еуропаның 17-ші чемпионаты неміс жерінде өтеді. Бұл футбол додасы несімен ерекшеленбек? Басты фавориттер кімдер? Жанкүйерлерді қай құрамалар таң қалдыруы мүмкін? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек...


Германиядағы алғашқы Еуропа чемпионаты

Германия «қарт» құрлықтың белді, беделді мемлекеттерінің бірі болса да, Еуропа чемпионатын алғаш рет қабылдағалы тұр. Чемпионат 1988 жылы бір кездерде екіге бөлінген елдің батыс жағында өткен. Одан бері екі Германия бірігіп, бір мемлекетке айналды. Бірақ біріккен Германия Euro додасын қабылдамаған. Иә, 2006 жылы әлем чемпионатын өткізгенін білеміз. 

Алдағы футбол аламанында Мюнхен қаласы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізгелі тұр. Мәселе мынада: Euro-2020 додасы Еуропаның бірнеше қаласында өткен болатын. Оның ішінде Мюнхен де бар. Осылайша Мюнхен қатарынан екі рет Еуропа чемпионатының матчтарын қабылдайтын алғашқы қала атанбақ.

Тағы бір айта кететін жәйт, жарыс қожайындары күміс түстес кубокты төбелеріне екі мәрте көтерген. 1972 және 1980 жылғы Еуропа чемпионаттарында неміс құрамасына тең келер команда табылмаған-ды. 2008 жылы сол ерлікті Германия құрамасының жейдесін киген футболшылар қайталауға жақын-ақ  қалған еді. Тек Австрия мен Швейцария жерінде өткен турнирде финалда Испания құрамасына жол беріп алып, күміс жүлдені қанағат тұтқан-ды.

«А» тобы: Ұпай тарататын ешкім жоқ

Бұл додада Германия «А» тобында. Жарыс иелерінен өзге онда Шотландия, Венгрия, Швейцария құрамалары бар. «Бундестим» бұл чемпионатта басты фаворит саналады. Дегенмен, өзге құрамалар да сенсация жасайтындардың қатарында. Сондықтан бұл топта «мінекиіңіз» деп 3 ұпайды оңай бере салатын команда көріп тұрған жоқпыз.

Германия кейінгі екі әлем чемпионатында топтық турнирден әрі аса алмай, масқара болды. Әйткенмен, ұйымдастырушы ел ретінде биылғы доданың іріктеу турнирінен босатылған. Құрама осы уақыттың бәрін жолдастық кездесулерге арнады. Оның барлығы да немістер үшін сәтсіз болды. Тіпті, Жапония құрамасы Германияны өз алаңында, неміс жанкүйерлерінің көз алдында тас-талқанын (4:1) шығарады. Осы ойыннан кейін бас бапкер Ханс-Дитер Флик орнынан босатылып, орнына көп ұзамай Юлиан Нагельсман тағайындалған-ды. Ол «Бундестимге» өткен жылдың қыркүйегінде келді. Бұған дейін бірнеше клубты жаттықтырған 36 жастағы бапкер «бундестимнің» бойына қан жүгіртті. Австрия мен Түркиядан ұтылды демесеңіз, «неміс машинасы» азулы Франция мен Нидерланд құрамаларын жеңіп кетті. 

Германия бапкерінің қазіргі уайымы «алаңға кімді шығарамын?» емес, «алаңға кімді шығармаймын?» болып тұр. Ұлттық құрамады екі бірдей супер қақпашы Нойер мен Тер Штеген бар. Нагельсманның да уайымы осы жерден басталады. Әбжіл қимылды қос қақпашының қайсысын алаңға шығарсам дұрыс болады деген ой оның жүйкесін жұқартып-ақ бітті. Нагельсманның онсыз да жұқарған жүйкесіне ине сұқпай қоя тұралық десек, Вирц, Мусиала, Сане секілді «мегажұлдыздарға» бір алаңнан орын тауып беру мәселесі бізді де мазалайды. Неміс құрамасының ең осал тұсы – орталық шабуылшының жоқтығы. Нагельсман Фулькургке қарағанда Кай Хаверцке көбірек сенеді. Бірақ, Хаверц таза шабуылшы емес, топырлатып гол сала бермейді. Допқа иелік ету, матчтың статистикасы бойынша немістерге тең келер қарсылас бұл чемпионатта сирек. Ал, шабуылды голға айналдыру, нәтижелілік жағынан келгенде «бундесмашинадан» ақау шығуы мүмкін.

Есесіне Шотландия құрамасының бас бапкері Стив Кларкте мұндай проблема жоқ. Шабуылшылары гол сала алмай жатса, көмекке жартылай қорғаушылар келе салады. Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі барысында осындай жартылай қорғаушылардың бірі Скот Мактоминей ең көп гол салып, құраманың сұрмергені атанды. «Гол саламын десең, хабарлас» дейтін пас берудің нағыз шеберлері Шотландия құрамасында. Солардың бірі «Астон Вилланың» жартылай қорғаушысы Джон Макгинн. Кларк қорғаныста «Ливерпульдің» қорғаушысы Эндрю Робертсонға сенім артады. Шотландия құрамасы әлем және Еуропа чемпионаттарына осыған дейін 11 рет қатысқан екен. Алайда, олардың бірде-біреуінде топтық турнирден әрі аса алмаған. Осы жолы оларға керемет мүмкіндік туып тұр. Тек...

Меніңше, Шотландия командасының жолына көлденеңдеп Венгрия құрамасы жатып алуы мүмкін. Егер сіз Венгрия құрамасындағы Атилла Шалаи мен Ролланд Салаиды ажырата алсаңыз, онда бұл құраманы бір кісідей танисыз деген сөз. Шалаи мен Салаидың жасы да, өнер көрсететін клубы да («Фрайбург» Германия) бірдей, түр-тұлғалары да ұқсас. Бұлардан бөлек, мадиярлардың құрамындағы қақпашы Петр Гулачи, қорғаушы Вилли Орбан, жартылай қорғаушы Доминик Собослаи – таныстыруды қажет етпейтін есімдер. АПЛ-дегі «Борнмуттың» сол қапталдағы қорғаушысы, 20 жасар Милош Керкечтің де ойынына назар аударуға кеңес берер едік. Азулы клубтар осы чемпионаттан кейін Керкечті өз қатарына қосуға кезекке тұруы әбден мүмкін. Венгрия құрамасы соңғы рет 2022 жылы жеңіліс тапқан екен. Одан бергі екі жылда Марко Росси баптайтын құрама жеңілістің не екенін білмей келеді. 

Өткен Еуропа чемпионатының ең басты сенсациясы деп танылған Швейцария құрамасы да осы квартетке түскен. Мұрат Якин баптайтын команда алдыңғы Еуропа чемпионатының 1/8 финалында сол кездегі әлем чемпионы Франция құрамасын үйіне қайтарып жібергенін білесіздер. Одан кейін ширек финалда Испаниямен тең дәрежеде ойнады. Тек матч соңындағы пенальти сериясында есе жіберіп алды. Құрамында Ян Зоммер, Мануэль Аканжи, Джака, Шакири, Эмболо секілді футболшылары бар команда осы жолы да плей-офф бәсекесінде ұзағырақ ойнасақ дейді. Соған ұмтылады.

«В» тобы: Албания Коста-Рика бола ала ма?

2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионаты Англияның да, Италияның да есінен шыға қойған жоқ. Сол мундиальде ағылшындар мен итальяндар бір топқа түскен. Оларға топтық кезеңде Уругвай мен Коста-Рика құрамалары серік болған-ды. Көпшілік 1/8 финалда Италия мен Англия кездеседі деп күтті. Оларға бір қарсылық танытса, Уругвай танытады деп топшылағандар да болды. Алайда, коста-рикалық футболшылар айды аспаннан бір-ақ шығарды. Алдымен Уругвайды, одан кейін Италияны тізерлетіп, соңғы турда Англиямен тең ойнады. Сөйтіп, «өлім тобы» саналған квартетте бірінші орын алып, плей-оффтың есігін теуіп ашты.

Дәл сондай «өлім тобына» биыл Албания құрамасы тап болып отыр. Албандардан бөлек бұл квартетте топтық турнирдің ғана емес, жалпы чемпионаттың басты фавориттері бар. Олар: Италия, Испания, Хорватия. Албаниялықтарға соңғы өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері (Италия, Испания) мен кейінгі екі әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегеріне (Хорватия) қарсы ойнауға тура келеді. Десек те, доп – домалақ, кімнің бағы мен бабы қатар шабарын уақыт көрсетеді. 

Түсінікті бір жайт бар: Модрич өзінің ұлттық құрама сапындағы соңғы ірі турнирін ерте аяқтауды ұят санайды. Италия чемпиондық атағын қорғауға келсе, Испания құрамасының қазіргі футболшылары «он жыл бұрынғы Испания құрамасы қандай мықты еді?!» деген әңгімені ұмыттыру үшін барын салады.

...Біз бүгін Еуропа чемпионатында өнер көрсететін «А» және «В» топтарына бір көз жүгіртіп алдық. Газетіміздің алдағы нөмірлерінде өзге топтарға да тоқталып, кімнің шамасы қай деңгейде екенінортаға салатын боламыз.

1 пікір

  • Sarah Sliverman
    Sarah Sliverman

    FINALLY I GOT MY LOST BITCOIN BACK ALL THANKS TO LOST RECOVERY-MASTERS Hello people, I am Sarah Silverman an Actress from Independent films in the USA. I highly recommend the service of Lost Recovery Masters to everyone who wishes to recover lost money either bitcoin or other cryptocurrencies from these online scammers, wallet hackers, or if you ever sent bitcoins to the wrong wallet address. I was able to recover my lost bitcoins from online swindlers in less than 24 hours after contacting them. They are the best professional hackers out there and I’m truly thankful for their help in recovering all I lost. If you need their service too, here is their contact information. Email: Support@lostrecoverymasters.com Website https://lostrecoverymasters.com/

Пікір қалдырыңыз