Билігі 13 ай сайын ауысатын мемлекет...

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Әлемдегі ең алғашқы университет (Болон университеті, 1088 жылы) пен ең көне банк (Сиена, 1472 жылы ашылған) осы елде. Дүние жүзіндегі ең алғашқы асфальт жолдар да осы елде салынған. Әлемдегі ең маңызды мәдени революция осы елде орын алған. Қазір мұнда шағын әрі әдемі спорттық автокөліктер, брендтегі сәнді киімдер шығарылады. Әлемдегі алғашқы кофейня осы елде ашылған. Сонымен қатар бұл мемлекет пицца мен пастаның отаны саналады. Қазір Италия десе ойымызға бірден брендтегі сәнді киімдер, макарон, театр, футбол мен спорттық автокөліктер келеді. Ең көне өркениеттің отаны саналатын Италия қазір қай жаққа бағыт алды? Италия неліктен әлем көшбасшыларының тізімінен түсіп қалды? Италияны өзгелерден ерекшелеп тұратын не нәрсе еді? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Әлемнің географиялық картасына үңілсеңіз, шекарасы құдды сәнқой бойжеткендердің етігіне ұқсас сызылған Италияны оп-оңай табасыз. Мұнда 58 миллион халық тұрады. Италия халық саны жөнінен Еуроодақ елдері арасында Германия мен Франциядан кейінгі үшінші орында. Халқының 91 пайызы итальяндар. Біз картадан тұтас көретін Италия бір-біріне ұқсамайтын 20 облыстан тұрады. Бұл облыстардағы экономикалық даму да әркелкі. Мәселен, ең бай деген Миландағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (41 935 АҚШ доллары) тұтас Жапонияның осы көрсеткішінен (34 932 АҚШ доллары) жоғары. Ал, мафияның отаны саналатын Цицилия облысының (19 277 доллар) тұрғындарының жағдайы Барбадос елінің тұрғындарымен (20 019 доллар) қарайлас.
Италияның құрылымдық бөлінуі күрделі. Тереңірек үңілсек, олар ішінара тағы 107 провинцияға, ал, провиницялар коммунаға бөлінген. Италияда 8000 ірілі-ұсақты коммуна бар. Олардың ең ірісі Лациода 2,7 миллион адам тұрса, ең кішісі Мартеронниды небәрі 32 адам мекен етеді. Әр коммунаның өзінің мэрі, муниципиальды полициясы бар. Мұның таң қалатын несі бар дейсіз ғой? Италияда «кампанилизмо» деген термин бар. Оның мағынасын ашу үшін мына бір қызық жағдайға үңілгенді жөн санадық.
1989 жылы Темпа Росо аймағынан мұнай табылады. Бірақ, жерасты қазба байлығын игеруге жергілікті билік 2013 жылы ғана қол жеткізеді. Ал, алғашқы мұнай шетелге 2016 жылы экспортталады. Сонда бір мұнайды игеру үшін Италия неге бақандай 27 жылын сарп етті? Білмейтіндер бұған бірден-бір себеп елдегі жемқорлық деп айтуы мүмкін. Алайда, олай емес. Сол кезде мұнай өңдеуші компания әртүрлі деңгейдегі басшылардың, онда тұратын халықтың рұқсатын алу үшін 400-ден астам құжат жинауға мәжбүр болды. Италияда басқарушылық құрылым 4 деңгейлен тұрады. Олар: ұлттық, аймақтық, провинцияльдық, муниципиальдық. Қандай да бір аймақта мемлекеттік деңгейдегі жұмысты бастау үшін осы төртеуінің де рұқсатын алу керек. Бұлардың ең жоғарысында тұрған ұлттық және аймақтық биліктің шешімі түпкілікті шешім емес. Олар рұқсат беріп тұрған күннің өзінде провинцияльдық немесе муниципиальдық билік жұмыс жүргізуге рұқсат етпесе бітті, ол аймақтың түйір тасын жатқан жерінен қозғауға болмайды. Осыған байланысты Италияда «әр ауыл – бір республика» деген қағида қалыптасқан.
Осы тұста тағы бір мысал келтіре кетейік. 2000 жылы Британияның «British gaz» компаниясы Италияның Бриндизи портына жақын жерде сұйытылған газ өңдейтін алып терминал салуды қолға алады. Бұл үшін 250 млн. еуро көлемінде инвестиция да құяды. Алайда, жергілікті билікпен болған «бюрократиялық соғыс» 11 жылға созылып, ақыр соңында британиялықтар Бриндизиді тастап шығады.
Провинцияның не коммунаның мэрінде халықаралық келісімдерді болдырмай тастайтын қандай күш бар дейсіз ғой? Оның жауабын табу үшін Италияның 200 жыл бұрынғы тарихына үңілуге тура келеді. Екі ғасыр бұрын қазіргі біртұтас Италияның жерінде бірнеше мемлекет өмір сүрді. Оңтүстігінде Неаполь мен Сицилия королдігі, батысы мен солтүстігінде Сардиния королдігі, орталығында Тоскан, Ломбардо-Венеция, Парма, Моденна, Папа секілді бөлек-бөлек мемлекеттер болды. Бұлардың бәрі бір тудың астына біріккенімен, оларды біртұтас халық етуге кедергі келтіретін жәйттер көп еді.
«Қаншама ғасырлар бойы,
Біз жәбір көрдік, мазақ болдық.
Біз біртұтас халық емеспіз,
Біз бөлінгенбіз.
Бір ту, бір арман,
Бізді қаншама уақыт бойы армандаған
Бірігуге алып келсін».
Осыдан екі ғасырдай бұрын жазылған бұл әнұран тек 1945 жылы ғана Италия гимніне айналды. Ал, заң жүзінде 2017 жылы бекітілді. Мемлекеттік әнұранда айтылғандай Италия халқы бірігіп, қуатты елге айналғысы келеді. Бірақ...
Мынаған қараңыз, кейінгі 78 жылда Италияда 70 рет билік ауысқан. Яғни, мұнда әр 13 ай сайын билік ауысады деген сөз. Десе де, жеке азаматтардың танымалдылығы бойынша Италияның алдына түсетін ел аз.
Ең бай итальяндық – Джованни Ферреро. «Forbes-тің» тізімінде ол әлемдегі ең бай 30 адамның қатарында тұр. Оның байлығы – 38 млрд. АҚШ долларынан асып жығылады екен. Оған Benetton, Gucci, Armani, Prada, Dolce Gabanna, Furla секілді әлемдік брендке айналған компания иелерінің байлығын қосыңыз. Бұларды аз десеңіз, Леонардо Дель Веккио негізін қалаған «Luxcotika» атты күннен қорғайтын көзілдірік шығаратын компания бар. Әлем халқының жартысынан көбі тағып жүрген Ray Bon, Persol, Oakley көзілдіріктері осы компанияның өнімдері болып табылады.
Осы тұста әлемдегі ең көне кәсіпкерлік, өндірістік нысандардың тізімін қарап шықтық. Бұрыннан істеп келе жатқан ең көне 100 нысанның 15-і Италияға тиесілі екен. Мәселен, «Barovier Toso» компаниясының венециялық шыныдан жарықшамдар жасап келе жатқанына 729 жыл болыпты. Ал, Флоренциядағы «Торини» зергерлік компаниясы 1369 жылдан бері  жұмыс істеп келеді! Көзі қарақты оқырманның есінде болса, осыған дейін Оңтүстік Корея туралы әңгіме қозғағанбыз. Онда ел экономикасының негізгі драйверіне айналған ірі компаниялардың белгілі бір әулеттерге тиесілі екендігін айтқанбыз. Италияда да дәл солай, елдегі бизнестің 85 пайызы – бай әулеттердің иелігінде. Ел экономикасын көтеруге бизнесмендердің үлес қосуы қуантарлық-ақ жағдай. Бірақ, бұл елдегі ғылымның тежелуіне алып келуде. Монополист компаниялар өндіріске жаңа технологиялар ендіруге аса құмбыл емес. Ал, ХХІ ғасырда бұл өте маңызды.
Италияның жағдайында бұл «кеселдің» ең басты екі себебі бар. Біріншісі, жаңа инновациялар – артық шығын, екіншіден, компаниялардың қазіргі иелеріне бұл бизнес әкесінен не ата-бабасынан мұраға қалған. Атадан қалған мұраға сүйіспеншілікпен емес, қазына толы сандық деп қарайтындар көп. Сондықтан да Италияда ғылым кенже қалып келеді. Өндіріске жаңа инновациялар ендіру бойынша Италия Еуропа елдерінің арасында алғашқы ондыққа да кірмейді.
Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан Италия қалай жылдам аяққа тұрды? Енді осы  жәйтке тоқталайық. 1948-1974 жылдар аралығында Италия экономикасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды. Мұндағы экономиканың жылдық өсімі 5,95 пайызға дейін жетті. Бұл жылдары бұдан жоғары көрсеткішке Жапония экономикасы ғана (жылдық өсім 7 пайыз) ие еді. Мұның барлығы АҚШ-тан келген лизингтік несиенің арқасы болатын. АҚШ-тан келген көмектің негізгі бағыты соғыстан кейін қираған жерлерді қайта қалпына келтіру болса, астарында КСРО-ның Еуропаға үстемдігін бәсеңдету миссиясы жатты. Италияда ол кезде социалистер мен коммунистердің күші тең болды.
Жаңа инновациялардың жаһандық индексі бойынша Италия мемлекеті ТОП-30 елдің ішінде ілініп-салынып жүр. Ал «қарт құрлықта» алғашқы ондыққа да кірмейтінін айттық. Алайда, Италия экономика саласы бойынша Еуроодақ елдері арасында Германия мен Франциядан кейінгі үшінші орынды алады. Тауар экспорттау бойынша да Италия Еуропада осы екі мемлекетке ғана жол береді.
Италиялық «FIAT 124» автокөлігі өткен ғасырдың ортасында қатарынан үш рет «жыл автокөлігі» атанады. Еуропаның автокөлік индустриясында Германия, Франция, Италия арасындағы бәсекелестік аса қарқынды өрбиді. Осы тұста бұл салаға КСРО килігеді. Кеңестік республика билігі өз елінде автокөлік шығаратын зауыттар ашу үшін Еуропа елдерімен 642 млн. АҚШ долларына (сол кездегі ең үлкен сомадағы келісім) келісім жасасады. Ол келісімге сәйкес еуропалық автоконцерндер КСРО-дан өз зауыттарын ашуы тиіс еді. Алайда, бұған Италия ғана келіседі. Германия мен Франция АҚШ-тың «идеологиялық дұшпаны» КСРО-мен шарт жасасуға жүрексінеді.
КСРО 250 миллион халықты (1974 жылғы КСРО халқының саны) жаңа автокөліктермен қамтамасыз ету үшін бүтін бір қаланы автоконцерн шаһарына айналдырады. Әңгіменің ауаны Тольятти қаласы жөнінде екенін түсініп отырған боларсыздар. Кеңес билігінің шақыртуымен Италиядағы компартиясының жетекшісі Пальмиро Тольятти Қырымдағы «Артек» демалыс орнына келеді. Тағдырдың жазуы сол болған шығар, италиялық саясаткердің соңғы демі дәл осы демалыс орталығында үзіледі. Бұл оқиғаның КСРО мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа сызат түсіретіні белгілі-тін. Сол келеңсіздікті болдырмас үшін КСРО билігі автокөлік шығаратын қалаға Тольяттидің есімін береді.
Осы тұста айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Италия–КСРО тандемі автобаза саласынан бұрын қалыптасып қалған-ды. Бәрі  1957 жылы Италиядағы «Ени» мұнай компаниясының басына Энрико Маттеидің келуімен басталды. Ол сол кезеңде әлем мұнайының 85-90 пайызына иелік етіп отырған англо-саксондық «жеті апалы-сіңлілі» мұнай компаниясына қарсы «соғыс» ашты. Британиялық компаниялар бұл уақытта Африка мен Таяу Шығыстағы мұнайлы елдердің қазба байлығын «сорып» жатқан-тын. Мұнайдан түскен қаржы теңдей бөлінетін. Содан басқа табыс көзі жоқ мемлекеттер бұған амалсыз көнді. Ал, Энрико Маттеи Египет, Ливия, Судан, Марокко, Иран, Нигерия елдерінің басшыларына жаңа келісім ұсынды. Оған сәйкес пайданың 75 пайызы сол елде қалса, мұнай өңдеуші компания табыстың 25 пайызын алып кететін еді.
1960 жылдың қазан айы Италия мен КСРО қарым-қатынасы үшін тағдыршешті кезеңдердің бірі болды. Дәл осы уақытта Италия мен КСРО үкіметі екіжақты төрт жылдық келісімге отырды. Сол кілісімге сәйкес КСРО Италияға 12 млн. тонна мұнай мен жанар-жағармай беруі тиіс болса, оның орнына италиялықтар синтектикалық каучук пен 240 тонна темір-труба жеткізуі қажет еді. Кеңес үкіметі бұл темір-трубаларды мұнай экспорттау ісіне пайдаланды. Италия батыс елдері арасында АҚШ-тың «идеологиялық дұшпанына» стратегиялық маңызды тауар жеткізген алғашқы ел атанды. Бұл әрине «Ақ үйге» ұнаған жоқ.
1962 жылы Энрико Маттеи Миланға ұшып бара жатқан жерінде апатқа ұшырап, қайтыс болады. Оқиғаны бірінші көрген куәгер ұшақ құламай тұрып аспанда жарылыс болғанын айтады. Бірақ, кейіннен ол куәгер бұл сөзінен бас тартады. Ал, осы істі зерттеуді қолға алған тәуелсіз журналист Мауро де Мауро жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді. Батыс басылымдары Маттеи мінген ұшақ кездейсоқ апатқа ұшырағанын жазады.
1965 жылы Энрико Маттеидің мәйітіне эксгумация жасалынады. Тәуелсіз сарапшылар Маттеидің денесіне ұшақтың сынған бөліктері кіргенін дәлелдейді. Ол сынған бөліктер жарылыстың салдарынан болғаны айтылады. Осылайша ұшақ сол кездегі басылымдар жазғандай ауа райының қолайсыздығынан емес, жарылыстың салдарынан апатқа ұшырағаны дәлелденеді.
Италияда қазір бәрі бар. Тауар экспорты бойынша дамыған экономика, сәнді киімдер бренді, мықты спортшылар, түрлі кландарға бөлінген мафиялық ұйымдар, ұйымдасқан қылмыстың түр-түрі, демографиялық мүшкіл ахуал, жұмыссыздық, өзге де әлеуметтік проблемалар жетіп артылады. 
Италияның тарихына үңілгенде ұққанымыз, жеке тұлғаның ғана талантына, дарынына, қабілетіне сенген мемлекеттің ұзаққа баруы екіталай екен. Аргентина туралы жазғанымызда да осыны айтқанбыз. Марадона мен Мессиге сенген Аргентина халқы ұлттық құраманың әрбір сәтсіздігі үшін осы футболшыларды кінәлап, жазғырып келді. Мемлекеттік саясат саласында да көңілінен шықпаған президентті алты қырдан ары асырып тастап отырады. Яғни, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуы үшін жекелеген тұлғалардың қарым-қабілеті аздық етеді. Ол үшін ұжымдық жүйенің тұрақтылығы маңыздырақ. Футболдан Италия құрамасы әлем чемпионатында соңғы рет 2006 жылы топ жарды. Олар финалда Зиданның талантына сенім артқан Франция құрамасын сол біз айтқан ұжымдық жүйенің тұрақтылығының арқасында жеңіп кетті. Ал, итальяндықтар қандай да бір футболшының жеке талантына сенім артқан жоқ. «Тоқтай тұрыңыз, сол жылы «Алтын доп» иеленген Фабио Каннаваро ше?» деуіңіз мүмкін. Иә, Каннаваро сөзсіз талант еді. Бірақ, сол Италия құрамасын Каннаваро жалғыз сүйреді десеңіз қателесесіз. Сол құрамада қақпасына ұшқан әрбір допқа тас кенеше жабысатын Буффон, тасқамал қорғаушы Неста, пасты қолмен қойғандай дәл беретін Пирло бар еді.
Келтірген мысалымыз сенімсіздеу шықса, тағы біреуін айта аламыз. Футболдан 1994 жылғы әлем чемпионатының финалына Италия құрамасын Роберто Баджо бір өзі сүйреп шығады. Ақтық сында да бүкіл «скуада-адзурра» сол Баджоның аяғына қарап отырған. Алайда, дәл сол Баджоңыз шешуші сәтте пенальти сала алмай, алтын кубок Бразилияның қанжығасында кетеді.
Бұрынғы Италия жайлы әңгіме қозғағанда, «ұлы мемлекет», «бай мемлекет» деген тіркестер қолданылатын. Ал, бүгінгі Италияға келгенде... Қазіргі Италияның бұрынғы Италияға жетуі үшін тағы қанша уақыт керек екені бізге белгісіз.

2 пікір

  • vanvical
    vanvical

    Несиені қалай алуға болатындығы туралы мәлімдемені оқыңыз. Сізге, Карен Линч, жалған несие берушіге бірнеше рет алданғаннан кейін бизнесіңізде несие алуға көмектескеніңіз үшін рахмет. Менің атым Алексдре Асылым. Мен бір күні досым мені сенімді несие компаниясымен таныстырды. Ол алдымен компаниядан несие алды, мен оған күмәндандым, бірақ мен көп ойланғаннан кейін мен тырыстым және көрдім, мен 75 000 еуро несиемді 24 сағат ішінде және өтініш бергеннен кейін алдым және мен сізге жақсы қызмет көрсету үшін келдім. сенімді несие компаниясы маған берді. Егер сіз жылдам және сенімді несиелік компанияны іздесеңіз, қосымша ақпарат алу үшін сенімді несие компаниясына хабарласыңыз: trustedloanfirm0@gmail.com. Рақмет сізге.

  • Sarah Sliverman
    Sarah Sliverman

    FINALLY I GOT MY LOST BITCOIN BACK ALL THANKS TO LOST RECOVERY-MASTERS Hello people, I am Sarah Silverman an Actress from Independent films in the USA. I highly recommend the service of Lost Recovery Masters to everyone who wishes to recover lost money either bitcoin or other cryptocurrencies from these online scammers, wallet hackers, or if you ever sent bitcoins to the wrong wallet address. I was able to recover my lost bitcoins from online swindlers in less than 24 hours after contacting them. They are the best professional hackers out there and I’m truly thankful for their help in recovering all I lost. If you need their service too, here is their contact information. Email: Support@lostrecoverymasters.com Website https://lostrecoverymasters.com/

Пікір қалдырыңыз