Су – тіршілік көзі

Бүгінгі таңда су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттің негізгі міндеттерінің біріне айналуда. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін технологиялар, инфрақұрылым және түрлі жабдықтар уақыт талабына сай болып, сала  білікті және тәжірибелі мамандармен қамтылуы керек. Өңіріміз сумен үздіксіз және сапалы жабдықталуы тиіс. Бұл мәселелерді барынша тиімді  шешудің бір жолы – мамандарды оқыту. 

Жақында Шымкенттегі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-де арнайы тренинг өтті. Оған Түркістан облысының 17 ауданы әкімінің орынбасарлары мен су арналарының өкілдері қатысты.                                 

– Қазіргі уақытта бізде ауылдық елді мекендердің 97,3 %-ы ауыз сумен қамтылып отыр. Осы жылдың аяғына дейін оны 98 %-ға, ал, 2025 жылы 100%-ға жеткізуіміз керек. Алайда, әлі де бізде шешімін күтіп тұрған бірқатар мәселе бар. Геологиялық барлау кезіндегі жұмыстар нәтижесінде қай елді мекенге суды қай елді мекеннен тартамыз деген жұмыстар аяқталу сатысында, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.

Айта кету керек, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-де жаңа цифрлық технологияларды, озық жабдықтарды қолдануда, биллингтік және геоақпараттық жүйелерді қолдануда үлкен тәжірибе жинақталды. Инновациялардың арқасында көптеген көрсеткіштер бойынша энергетикалық және еңбек шығындары төмендеді, нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізілді. Кәсіп-орын мамандары осы жөнінде біраз мәлімет берді.

– Халықты сапалы және үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін біз ережелер жинағын, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі регламенттерді пайдаланамыз, сумен жабдықтау және су бұру саласы реттелетін нормативтік-құқықтық құжаттарды қатаң сақтаймыз. Бұл біздің қызметіміздің негізі, – деп түсіндірді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.

Дегенмен, облыс аудандарындағы сумен жабдықтау және су бұру жағдайы әрдайым қолайлы бола бермейді. Инфрақұрылым тозған және жаңартуды қажет етеді. Өндірісте озық технологиялар қолданылмайды, заманауи үнемді, энергияны қажет етпейтін жабдықтар пайдаланылмайды. Осының салдарынан аймақтар үлкен проблемаларға тап болуда.  

Тренинг соңында қонақтар кәріз-тазарту құрылыстары кешенінің жұмысымен танысты. Оларға Еуропалық қайта құру және даму банкінің кредиттері, поляк әріптестері тарапынан бас бақылау, биогаз орнату және биотехнологияларды енгізу арқасында жүргізілген шайынды суды тазарту стансасы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Қонақтар тазартылған ағынды судың иісі мен тазалығына көз жеткізе алды. Айтпақшы, қонақтарға барлық маңызды бағыттар бойынша оқытуға болатын «Smart маман» оқу орталығы таныстырылды.

«Су ресурстары- Маркетинг» ЖШС-інің қоғаммен байланыс бөлімі.

Пікір қалдырыңыз