Түркістанда азық-түлік жәрмеңкесі өтті
Кезекті жәрмеңкені 24 желтоқсан күні ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бүгін Түркістанда азық-түлік
тауарларын тұрақтандыру қорының жәрмеңкесі өтті. Онда халық күнделікті
тұтынатын әлеуметтік маңызы бар жиырмаға жуық өнім түрі нарықтағы бағадан 40-50
пайызға төмен сатылды. Игі бастаманы «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорациясы» АҚ ұйымдастырды.
Жәрмеңкеде ет, сүт, ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Мәселен, картоп пен
сәбіз келісі - 100 теңге, пияз – 77 теңгеден бағаланса, күнбағыс майы - 520
теңге, жұмыртқа 40 теңге, І сұрыпты бидай – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220
теңгеден саудаланды. Тұрғындар сиыр етін 2000 теңгеден, ал тауық етін 970
теңгеден сатып алды.
«Түркістан» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура
Жанасбаева мұндай жәрмеңкелер жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп жатқанын айтты.
Облыс орталығындағы кезекті жәрмеңкені 24 желтоқсан күні ұйымдастыру жоспарланып
отыр.