Әлеуетің қалай, әлеумет?
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әрі баға жетпес құндылық екенін әр қазақ терең сезінуі, шынайы түсінуі, оны қастерлей білуі керек. Тәуелсіздік өз елімізде өз мүддемізге сай дербес саясатымызды жүргізуге, халықаралық қауымдастықтың тең мүшесі ретінде орнымызды айқындауға зор мүмкіндіктер берді. Ал, ел экономикасының дамуында әлеуметтік саланың маңызы зор. Соңғы отыз жылда аталған сала да барынша дамып, өркендеп келеді.
Тәуелсіздік алған 33 жылда Үкімет деңгейінде әлеуметтік қорғау тұжырымдамалары қаралып, былтыр әлеуметтік кодекс қабылданды. Еңбек нарығында қолға алынған барлық кешенді шаралар жұмыссыздар санын азайтуға, халықтың тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталғаны белгілі. Зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек сынды төлемдер де маңызды. Қоғамда табысы аз адамдар, арнайы білімі жоқ азаматтар бар. Оларды кәсіпке бейімдеу мәселесі де ұдайы назарда тұр. Қайта оқыту және еңбек нарығында олардың жұмысқа орналасуына қатысты түрлі шаралар қолға алынып келеді.
Тәуелсіздіктен бергі жылдары Қазақстанда мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің арасындағы жауапкершілік ара-жігі ажыратылды. Халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Құрылған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құқық пен әділеттілік принциптеріне сүйенетін әлеуметтік-еңбек қатынастарына негізделеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында әлеуметтік проблемаларға егжей-тегжейлі тоқталды.
– Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен, қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Жуырда Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерге қатысты мәлімдеме жасады.
«2025 жылдан бастап орта зейнет- ақы 8,5 пайызға, әлеуметтік жәрдем-ақылар мен базалық зейнетақы 6,5 пайызға жыл сайынғы индексте жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнет- ақының көлемі кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдердің 42 түріне 6 трлн. теңгеден астам шығыстар көзделген. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 12,5 пайызды құрайды» деді Премьер-министрдің орынбасары. Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеу үшін 875 млрд. теңге қарастырылады.
Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды республикалық қолдау атаулы әлеуметтік көмек арқылы жалғасады. Биылғы қарашада АӘК-ті 76 мың отбасы немесе 403 мың адам алды. Атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін қайта қарау аясында азаматтар шығыстарын ескере отырып, отбасының цифрлық картасын пайдалана отыра, АӘК төлемін трансформациялап, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен біріктіру жоспарланып отыр. Министр 2025 жылғы қыркүйектен бастап стипендияның да көбейетінін айтты.
«Стипендия бакалавриат бойынша 20 пайызға, магистратура мен докторанттарға 15 пайызға артады. Ғылыми ұйым мен қызметкерлердің лауазымдарына қатысты 18 пайызға ұлғайтылады, 2025 жылдың қаңтарынан бастап тағы да 18 пайызға артады» деді Н.Байбазаров.
Балалары бар 2 миллионға жуық қазақстандық отбасы республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылармен, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдермен қамтылған. 2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5%-ға индекстеледі. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875,1 млрд. теңге қарастырылған.
Ал, аз қамтылған отбасылар бойынша биыл 1 қарашадағы есеп бойынша, атаулы әлеуметтік көмекті 76 мың отбасы немесе 403 мың адам алған. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін қайта қарау аясында азаматтардың шығыстарын ескере отырып, отбасының цифрлық картасын пайдалану арқылы атаулы әлеуметтік көмектің трансформациясы, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен біріктіру шарасы күтіп тұр.
2023 жылғы 14 қарашада ел халқының саны 20 миллион адамға жетті. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың үшеуі ұл, екеуі қыз. Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасындағы халық саны 16,4 млн. болатын. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3%-ға өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7%-ға өсті.
Адамдардың өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлердің жас шамасы 7,7 жылға, әйелдердің жасы 6 жылға ұзарды. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады.
Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың проблемаларын шешу мақсатында Еңбек министрлігі жанында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Оның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасында диалог алаңын құру. Кейін ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Мемлекет басшысы 2023 жылғы
7 маусымда мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы Заңға қол қойды (2023 жылғы 12 тамызда күшіне енді). Факультативтік хаттаманы қабылдау – БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан азаматтарының жеке өтініштерін қарау құзыретін мойындау болып табылады.
Биыл шілдеден бастап ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енді, онда барлық азаматтар үшін әлеуметтік қорғау саласында тең құқықтар мен мүмкіндіктер көзделген. Нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына, денсаулық жағдайына, оның ішінде мүгедектігіне байланысты немесе өзге де мән-жайлар бойынша кез келген шектеу кемсітушілік болып табылады және оған тыйым салынады. Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейді.