“Таза бейсенбі” сырлы Созақта жалғасты

«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» апталығын өткізуге Түркістан облысындағы партияластар белсенді түрде қатысуда.

Мемлекет басшысы елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп екенін айтты және мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді деп бағамдады. Теңдессіз мұраларымыздың бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажеттігіне назар аударды.


Тарихы шежіре боп қатталған Түркістан өңірі рухани мұраларға бай өлке. Ұлттық дәстүрін сақтап, молайтқан, мәдени мирасын өркендеу бағдары етіп белгілеген, ежелгі ескерткіштерін қасиетті орын деп байыптаған аймақ. Ұлтымыздың байтағына айналған өлкенің қайталанбас мұра-мирасын әлеуеті зор туризм тұрғысында таныту міндеттері «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында қамтылған.


Бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспарымызда облыс тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, ауыл-аймақтарды көрікті мекенге айналдыру, көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысу міндеттері де белгіленген. Туған жерге деген жанашырлықты бұқара санасына сіңіру, оны күнделікті өмір салтына айналдыруда партияның облыстық филиалы, 17 аудан мен қаладағы партия филиалдары, 242 бастауыш партия ұйымдары, өкілді билік тармақтарындағы 280 аманаттық депутаттар, жалпы 82 мыңнан астам партия мүшелері өлкеміздің экожүйесін қорғау, рухани қалқанымыз болған нысандарды қамқорлыққа алу, өзен, көлдерімізді, тау мен даламызды бастапқы қалпында сақтау бастамаларына ұйытқы болып келеді.


«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберіндегі  «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» апталығын өткізуге Түркістан облысындағы партияластар белсенді түрде қатысуда. Биылғы маусым айынан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келе жатқан апталық облысымыздың барлық аймағында өтіп, «AMANAT» бастамашы болған науқанға 16 мыңнан астам адам қатысты, өзен, көлдер жағалауларынан, тау бөктерінен, тарихи және киелі орындардан, көпшіліктің демалыс орындары болып түзілген аймақтардан 272 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Күзгі мезгілде қарқынды жүрген тал егу жұмыстарына аманаттық өкілдер елеулі үлестерін қосты.


Партияның Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» апталығының маңызын арттыруда, экологиялық тазалық жұмыстарын көпшілік қадір тұтатын, киелі жер деп байыптап, қасиетті орынға балайтын аумақтарда өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл нысандар өңіріміздің келбеті болып қана түзіліп отырған жоқ, олар – ұлт тарихының мұрасы, халықтық мәдениетіміздің мирасы болып айшықталған. Баға жетпес құндылықтарымызды көруге, ата-баба рухына тағзым етуге республикамыздың түкпір-түкпірінен, шет елдерден күніге жүздеген адамдар келіп, Дала өркениетінің бүгінге жеткен жауһарларына бас иіп, құрмет көрсетеді. Партияластарымыздың ұйытқы болуымен осы мазмұндағы ізгілікті істеріміз бұған дейін Қожа Ахмет Ясауи, Ақбура әулие, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Кемеқалған, Гауһар ана, Домалақ ана, Мұңлық-Зарлық, Жаныс баба, Түркібасы әулие, тағы басқа көптеген қасиетті орындарда өткен болатын.


Осы дәстүрді жалғастыруда бүгін кезекті «Таза бейсенбі» апталығын 

Ұлық Ұлыстың рухани ұстыны, пірі болған Баба Түкті Шашты Әзіздің бейіті басында өткізілді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева бастап келген аманаттықтар баба рухына тағзым етіп, көне дәуір жәдігері болып табылатын ескерткіш аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. 


«Құт дарыған, қасиет қонған аймақтардың тазалығын қамтуды – перзенттік борышымыз деп білуіміз қажет. Тамырлы тарихын бүгіп жатқан сырлы Созақ, шын мәнінде, қазақ руханиятының төрт құбыласын түйістірген өлке. Қарт Қаратаудың бір етегінде Түркістан тұрса, тағы бір етегінде Әулие атаның құтты қонысы жатыр. Қасиетті таудың тағы бір баурайы сансыз баптар мекені – Сайрамға келіп тірелсе, тағы бір баурайы – Әл-Фарабидің кіндік байлаған жері Отырармен шектеседі. Арайлы өлкенің темірқазығы болған Созақты көрікті мекенге айналдырып, оның шамшырағындай болған әулиелерін қадір тұту – ең ұлық мәртебе», - деп байыптады Қалыйма Жантөреқызы.


Партияның Созақ аудандық филиалына қарасты «Құмкент» бастауыш партия ұйымының төрағасы Айбар Күзембаев, қастерлі мекеннің төрінде өтіп жатқан осы ізгілікті істі ұйымдастыруға ұйытқы болған азаматтардың бірі. Оның айтуынша, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі – Бетпақдаладағы бірегей тарихи кешен. Ежелгі дәуірден қалған сәулеттік ескерткішті қазыналы мұрамыз деп бағалайды. 


«Ұлағатты бабамызға арналған сәулеттік ескерткіштен ежелгі заманның лебі есіп тұр. Тарихымыздың тереңдігін, мәдениетіміздің бірегейлігін білдіреді. Осы аумақта тазалық жүргізу арқылы өткенімізге құрметті, руханиятымызға сыйластықты қалыптастырамыз деген сенімдемін. Біздің бастамамызға қолдау білдіріп, елге жанашыр азаматтардың жанынан табылған облыстық партия филиалының басшылығына, Созақтық партияластарыма және жергілікті әкімдікке ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз», - деді Айбар Күзембаев.


Партияның облыстық филиалы шырайлы өлкеміздің тарихы мен тағлымын ашатын мұндай бастамаларды алдағы уақытта да үздіксіз жалғастырып, туған елге деген жанашырлық қасиетті азаматтық болмысымыз ретінде ілгерілетуге серпінді үлесін қоса беретін болады. 

Пікір қалдырыңыз