Әрбір тұрғын жанашырлық танытса...

Сәуір – тазалық пен тәртіптің салтанат құратын айы, ал сенбілік – ұрпақтарды біріктіретін игі дәстүр. Осындай игі шаралардың бірі көктемгі тазалық жұмыстары болып саналады. 

Апталық аясында «Оңтүстікфильм» ұжымы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру бойынша Түркістан қаласы маңындағы «Шахан ата» кесенесіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп қайтты. Қызметкерлер маңайды қоқыстан тазартып, шөп-шаламдарын жинады. Гүлзарларды ретке келтіріп, жарықшамдар мен тақтайшаларды сүртті. Ағаш түптерін әктеп, кесене аумағын сыпырды. Ортақ күш-жігердің арқасында кесене маңы жарқырап шыға келді.
Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ұжымы да театр аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретке келтірді. «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін ұранына айналдырған қызметкерлер айналаны шөп-шаламнан, қоқыстан тазартты. Арық-атыз жағасына көшеттер отырғызып, ағаш түптерін ақтады. Қаланың қақ ортасында орналасқан театр ғимаратының іші-сыртын түгел тазалады. 

***
«Киелі мекен» апталығы аясында Арыс қаласындағы тарихи-мәдени «Жекен Шайық» кесенесінің аумағы ретке келтіріліп, күл-қоқыстан тазартылды. Шараға «Жасыл Арыс» КММ қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты. Сонымен қатар, аудандағы тазалық шараларына мекеме-кәсіп-
орындардан бастап, барлық ұйымдар өз үлестерін қосуда. Ал, аудан тұрғындары дарақтар мен түрлі гүл сорттарын егіп, оларды күтіп-ұстау сынды жұмыстарды атқарды.

***
Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округінің тұрғындары да 19 ғасырдың сәулеттік ескерткішіне жататын Ишанбазар мешітінің айналасында тазалық жұмыстары жүргізілді. Көгалдандыру жұмыстарын аудан орталығындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің қызметкерлері ұйымдастырды. Бүгінде кесене аумағына 500 түп дарақ отырғызылып, әрлеу жұмыстары атқарылды. 

***
Сауран қалашығында арнайы сенбілік ұйымдастырылып, елді мекен қоқыстардан тазартылды. Аудан орталығындағы ардагерлер аллеясының аумағында абаттандыру және тал егу жұмыстары жүргізілді. Оған барлық мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, мәдени орталық өкілдері, аудан тұрғындары, белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Айта кетейік, Сауран қалашығының іргетасы XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде қаланған. Жібек жолының өтінде жатқан қаланың үстінен сауда керуендері шығыстан батысқа, батыстан шығысқа тоқтаусыз өтіп отырған. Тағы бір деректерде XIII ғасырдың орта тұсында Сауран қалашығы Ақ Орданың астанасы болғаны айтылады. XIV ғасырдың аяғында Сауранды Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Сондай-ақ, бұл жер ислам дінінің орталығы ретінде де танымал болған.
***
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Бәйдібек ауданындағы киелі мекендерді абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Аудандағы Бәйдібек ата кесенесі, Аппақ ишан сәулет-көркем мұражайы, Ақмешіт үңгіріне арнайы сенбіліктер ұйымдастырылып, елді мекендердегі ескерткіштер маңы тазаланды.
Бәйдібек ауданының прокуроры Мәди Байтелиев прокуратура қызметкерлерімен, №19 колледж студенттерімен және аудан жастарымен бірге Домалақ ана кесенесінің аумағына көшеттер отырғызды.
Сонымен қатар, Домалақ ана бұлағының аумағына сенбілік ұйымдастырылып, талдардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтап, қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз