Кесенелер маңайы ретке келтірілді

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы да аяқталып келеді. Іс-шара аясында «Фараб» кітапханасының ұжымы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру бойынша қала маңындағы «Гауһар ана» кесенесінде тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкерлері «Әлқожа ата» тарихи ескерткішінің аумағын тазартты. Әлқожа ата нысаны – ХІІ-ХІІІ ғасырға жататын тарихи орын. Сонымен қатар, аталған орталық қызметкерлері Арыстан баб кесенесі мен Отырар қалашығының аумағында да тазалық жұмыстарын жүргізді. Оған облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері қатысты. Сондай-ақ, Бәйдібек сәулет көркем музейінде тарихи ескерткіш ауласы шөп-шаламдардан тазартылды.
Жалпы «Киелі мекен» апталығында Түркістан облысында 170 іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде зиярат етушілер мен туристер көп баратын Сауран қалашығы, «Укаша ата» мен «Жүсіп ата». Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі секілді киелі орындардың айналасы ретке келтірілді. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз