Атың барда ел таны...

Қазір жастардың арманы жоқ десек те болады. Енді ше, ата-апаларымыз, әке-аналарымыз кинодан ғана көретін, суреттен ғана тамашалайтын шетелдік өмірді олар өздері емін-еркін аралап жүр. Осындай жас та болса, көп ел таныған жандардың бірі – Ариза Асқар бүгінге дейін әлемнің 7 мемлекетінде болып, тамашалап қайтқан. Жас саяхатшы кішкентай күнінен әлем елдерін аралауды мақсат еткен екен.

Ариза бірінші сапарында Түркия мемлекетінде болған. Жеткіншек кезінде ата-анасымен барғандықтан, бұл ел туралы естеліктері есінде көп қалмапты. Бірақ, шетелге саяхаттау туралы ой осы кезден басталғанын айтады. Кейінірек 18 жасында Литваның жоғары оқу орнының студенті атанады. Бүгінде сол жақта оқып әрі қосымша жұмыс істейді. «Бұл ел менің сүйікті елдерімнің біріне айналды. Литва да көптеген кеңестік елдер сияқты өзінің ұлттық тағамдарымен танымал. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болғандықтан, көптеген ұғымдар мен өмір сүру деңгейі Қазақ­станға да келіңкірейді. Литваның басты ерекшелігі – Балтық теңізі. Мен теңізден 10 минуттық жерде, Клайпеда қаласында тұрамын. Мұнда күннің батуын тамашалауға болады және еркіндік пен қажыр-қайрат тоғысатын керемет сезімдерді бастан кешіруге таптырмайтын мекен. Менің байқағаным, Литва тұрғындары отбасылық құндылықтарды бәрінен де жоғары қояды және өздерінің шығу тегі мен мәдениетін мақтан тұтады» дейді жас саяхатшы.  

Жиырма жасар саяхатшы қыздың келесі сапары Германия мемлекетінде жалғасты. Ол мұнда аз уақытқа аялдаса да, неміс ұлтының мәдениеті мен өмірімен жақыннан таныса алды. Берлин қаласының тарихи көрікті жерлері адамдарға ерекше шабыт беретінін айтқан Ариза мұнда туристерге қолайлы жағдайлар жасалғандығына тоқталды. Мәселен, туристер көп баратын Холокост құрбандарына арналған мемориалы, Берлин қабырғалары және көптеген көрікті мекендер есте ұзақ сақталып қалады. Әрбір неміс өз елінің тарихын өте жақсы біледі және жоғары бағалайды, адами құндылықтарды қастерлей біледі екен. 

Италия мемлекеті бойжеткеннің есінде ерекше тағамдарымен, сан қырлы өнерімен және қайталанбас сән-салтанатымен қалыпты. «Опера өнері Италияның музыка мәдениетінде үлкен рөл атқарады. Бұл жерге келіп тұрып опера тыңдамай кету күнә сияқты. Макарон, пицца және кофенің әйгілі түрлері осы елдің еншісінде. Тағы бір айтатын нәрсе, бұл елде тұру үшін ағылшын тілін білу қажет емес, итальян тілін білуің шарт» дейді Ариза Асқар. 

Сондай-ақ, жас саяхатшының тізімінде Хорватия, АҚШ, Норвегия елдері де бар. Хорватия – сұлу табиғаты мен қонақжай халқымен ерекшеленсе, Норвегияны былайғы жұрт гендерлік теңдік деңгейі жоғары ел ретінде сипаттайды. Ал, Америка Құрама Штаттарының Аляска, Лос-Анджелес, Невада және Нью-Йорк штаттарына барғанда Ариза адам құқығы мен теңдігінің салтанат құрып тұрғандығын анық аңғаруға болатынына көз жеткізген. АҚШ әртүрлі нәсілдерден және дәстүрлерден тұрады, сөйте тұра олардың баршасы музыка мен спортты жоғары бағалайды. 

Қазіргі кезде Ариза Литвада оқуын жалғастыруда. Оны алда үлкен жобалар мен асқақ армандар күтіп тұр. Ол мүмкіндігінше жыл сайын бірнеше мемлекетті аралап, олардың тарихымен, мәдениетімен жақыннан танысуды көздейді. Сол үшін де көп тіл меңгеруге талпынып жүр.


Адель ӨМІРБЕКОВА, 

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз