Жылына 300 мың түптен аса көшет өсіреді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылда еліміздің орман қорында 2 миллиардтан астам, ал, елді мекендерде 15 миллион түптен астам ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысының жасыл алқабын ұлғайту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде көгалдандыру, тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту жұмыстары атқарылуда. Осы ретте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев Ордабасы ауданындағы «Бадам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне» арнайы барып, тұқымбақ шаруашылығымен және онда өндіріліп жатқан көшет түрлерімен танысты.

Тұқымбақ өңірдің жасыл белдеу көлемін ұлғайтуға, аудан, қала көшелерін, өндірістік нысандарын көгалдандыруға қажетті ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған. Облыстың жыл сайын жасыл белдеуі мен орман қоры аумақтары ұлғайып келеді. Алдағы уақытта да өңірдегі тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда.
«Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің көшеттеріне сұраныстың  көбейгеніне байланысты 4 жерде уақытша тұқымбақ ұйымдастырылып отыр. Атап айтсақ, Шымкент қаласында 1 гектар жер, Шымкент орманшылығының Бөржар учаскесінде 2.5 гектар жер, Темірлан елді мекенінде 5 гектар, Бөген учаскесінде 3 гектар жер қарастырылған. Қазіргі таңда орман тұқымбағында 20-дан астам түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Аталған аймақта қарағаш, терек, шаған, емен, боз арша, туя, роза, спираль, легустра, шынар секілді түрлі көшеттерді егу және себу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Мамандардың айтуынша,  аталған көшеттердің жерсінуі мен өнімділігі жоғары көрінеді. Жыл сайын мекеменің тұқымбағында 300 мың түптен аса көшет өсіріледі. Тұқымбақтың жалпы ауданы 12 гектарды құрайды. Бүгінде ол алқап толық игерілген.
Биылғы жылдың көктем айында «Жасыл Түркістан» мекемесін, Ордабасы, Сайрам, Созақ аудандарын көгалдандыру үшін 42 мың түптен аса көшет тегін үлестірілді. Бүгінде 18 850 түп көшет таратылуға дайын тұр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз