«Наурыз – ұлттық мәдениетіміздің бар жауһары жарыққа шығатын мереке»

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: 

– Шалатай Мырзахметұлы, ең алдымен, келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын! Біз осы мерекенің мән-мағынасын толық түсініп, қадірін толық ұғынып жүрміз бе?
– Рахмет! Ұлыстың ұлы күні баршамызға құт-береке әкелсін! Наурыз – күн мен түн теңеліп, табиғат пен тіршілік атаулының қайта жанданатын кезі. Оны жаңа жылдың бастауы деп те айтып жүрміз.
Ал, қазіргі заман үшін бұл мерекенің маңызы неде деген сұраққа жауап табу үшін аздап тарихқа шегініс жасауымыз керек: большевиктер Кеңес Одағы құрылған алғашқы жылдардан бастап оның құрамына енген халықтарды тарихи тамырларынан, дінінен, төл мәдениеті мен салт-дәстүрінен ажыратып, ұлтсыздандырудың қамына кірісті. Сонда ең алғашқы қадамдарының бірі 1926 жылы Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салудан басталды (Әрине, ресми шектеу қойылғанымен, халқымыз Наурызды тойлауын тоқтатқан жоқ).
Неге алғашқы соққы Наурыз мерекесіне жасалды? Себебі, Ұлыстың ұлы күнінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің бәрі қайта жаңғырып отырған. Наурызда дәстүрлі ән мен күй, айтыс пен терме секілді ұлттық өнеріміз ортаға салынады. Көкпар тартып, жастар бәйге, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ пен күрес секілді ұлттық спорт түрлері бойынша сайысады. Наурыздың ақ дастарқанына ұлттық дәм-тағамдарымыз қойылады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Наурыз – ұлттық мәдениетіміздің бар жауһары мен інжу-маржаны жарыққа шығатын мереке!
Кеңестік идеологияны қалыптастырған мамандар ұлт руханиятын өн бойына сіңіріп алған мұндай мейрам тұрғанда бұл халықтың ешқашан ұлтсыздануға ұрынбайтынын жақсы түсінген. Сол себепті Наурызды тойлауға ресми түрде шектеу қойылған.
Енді бүгінгі күнге оралсақ, қазіргі жаһандану дәуірінде де біздің ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызға төніп тұрған қатер аз емес. Қазіргі кейбір жастар бір-бірінен «сен қазақысың ба, заманауисың ба?» деп сұрайтын көрінеді. Сонда олар қазақылықты – артта қалушылық, жабайылық деп есептеп, қазақ болуды, ұлттық таным және дәстүрге сай өмір сүруді кемшілік, тіпті, қорлық санап тұр ғой. Негізінде, заманға лайық өмір сүру, мәдениетті болу, терең білім алу, заманауи технологияларды игеру мен табысты адам болу үшін міндетті түрде өз ұлтыңның тілінен, дәстүрі мен салт-санасынан бас тартып, космополит болып кетудің қажеті жоқ. Біздің ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүріміздің арасында қазіргі заманмен үйлеспейтін ештеңе жоқ.
Айтайын дегенім, қазіргі ақпарат тасқыны шарықтап тұрған кезеңде, интернет арқылы келген бізге жат идеологиялар санамызды сарғайтып, өзіндік болмысымыздан ажырап бара жатқан тұста ұлттық құндылықтарымызды қорғап, оны жастардың санасына сіңіруді ойласақ, ұлттық иденттілігімізден айырылып қалғымыз келмесе, Наурызға барынша мән беріп, оны жоғары деңгейде ұйымдастырып, жалпыхалықтық мереке етіп өткізуіміз керек.
– Бірақ, маған қазіргі Наурыз экрандар мен сахналардың ғана мерекесіне айналып кеткен сияқты көрінеді. Көп іс-шаралар формалды түрде ғана ұйымдастырылып, қалың көпшілік мерекелік көңіл-күйді сезіне алмайды. Неге бұлай?
– Осының бәрі айналып келгенде тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ұлттық идеологияның қалыптаспағанының, идеология саласындағы жұмыстардың қажетті деңгейде жүргізілмеуінің салдары деп ойлаймын. Осы жылдарда біз ұлттық болмысымыздан кәдімгідей ажырап, менталитетіміз бен ұлттық санамыз кәдімгідей деградацияланған ба деп қауіптенемін.
Оған бір мысал айтайын: 2011 жылдың наурыз айында Жапонияның Фукусима–1 атом электр стансасында алапат апат болды. Радиацияның таралуынан қауіптенген жақын маңдағы қалалардың тұрғындары үй-жайын, дүние-мүлкі мен дүкендерін, сауда орталықтарын тастай қашқан. Бір қызығы, тұтас қалаларда сол апатты күндері ешқандай ұрлық, тонау болмағаны жөнінде ақпараттар тарады. Міне, бұл халықтың санасының биіктігін, азаматтардың ішкі мәдениетінің жетілгенін көрсетеді.
Әрине, өз халқымды өзгелерден кем етіп көрсетуден аулақпын. Алайда, арамыздағы кейбір адамдардың санасыздығын көргенде қарадай қарның ашады. Қаңтар оқиғасы кезінде интернет арқылы таралған бейнежазбаларды көрдім. Соның бірінде 35-40 жас шамасындағы бірнеше келіншек қараусыз қалған дүкеннен қалағандарынша азық-түлік арқалап алып кетіп барады. Егде жастағы кісінің алдарынан шығып ескерткеніне қараған да жоқ. Айналайын-ау, ол да біреудің маңдай терімен тапқан дүниесі емес пе?! Жастарды айтпағанда, ұрпақ тәрбиесіне жауапты деген аналарымыз сондай тонаушылыққа барып жатса, болашағымыз қандай болмақ? Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келген «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген даналығы қайда қалды?! Айтайын дегенім, біз ұлттық болмысымыздан осылай жырақтап бара жатқандықтан да Наурызға бұрынғыдай қуанып, оны мейрам ретінде сезіне алмай жүрген шығармыз.
– Ел ағасысыз. Енді не істеуге болады деген ойдасыз?
– Қазақылықты бойға сіңіру үшін адамның құлағы қазақы ән мен күй, ғибратты әңгімелер тыңдауы керек, көзі қазақы бір нәрселерді көруі, аузы қазақы дәмді сезуі тиіс қой. Ол үшін артық шығындалып, аста-төк той жасаудың қажеті шамалы.
Ең алдымен, дастарқанға назар аудару керек. Наурызды шын мәніндегі ұлттық мерекемізге айналдырғымыз келсе, ондағы дастарқанды арақ-шараптан арылтуымыз керек. Наурыз тойға жиналған жұрттың арасында алкогольді ішімдіктер ішіп, мас болып жүрген адамдар кездессе, бұл мерекеден жастар қандай тәлім-тәрбие алсын?! Наурыз көже, қымыз-қымыран мен құрт-май, сүттен жасалатын ұлттық дәмдерімізді көбірек әзірлегеніміз дұрыс.
Концерттік бағдарламаларды әзірлегенде дәстүрлі әншілер мен күйшілерге көбірек орын беру керек. Бірнеше жылдан бері «Наурыз айтыс» ұйымдастырылып келеді. Бұл игі дәстүрді жалғастыру керек. Тек киіз үй емес, балалар мен жастарға қызықтырақ болу үшін алтыбақанды да көбірек құруға болады. Сосын қазақ күресінен түрлі жарыстар, турнирлер ұйымдастырылып жатады ғой. Егер мүмкіндік болса, ауа райы жақсы болса, осындай жарыстарды Наурыз күндері адамдар көп жиналатын орындарда, саябақтар мен алаңдарда да ұйымдастыруға болады. Мектеп-мектеп, мекеме-мекеме, аула-аула болып команда жасақтап арқан тартыс, асық ату секілді жарыстар ұйымдастырсақ, жұрттың Наурыз мерекесіне деген қызығушылығы артпай ма?!
Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Наурызды ұйымдастыруға мемлекет, әкімдік қана жауапты деп қарап отыруға болмайды. Өзіміз де бұл іске атсалысқанымыз жөн. Мәселен, қазір жұрт тұсаукесер, шілдехана, тілашар сияқты тойларды жақсы тойлап жүр. Осы ғұрыптарды Наурыз тойына туралап жасасақ керемет емес пе?! Ол үшін тойды тойханаға тығып өткізбей, саябақтар мен алаңдарға киіз үй тігіп, оған тек таныстарын ғана шақырмай, шамасы келгенше жалпақ жұртқа дәм ұсынса көптің батасы мен алғысын алады ғой. Тойханада 200-300 адамға дастарқан жасайтын адамның 2-3 киіз үй тігіп, жұртқа бірсыпыра наурыз көже мен бауырсақ таратуға шамасы келеді. Осының бәрін насихаттап, қолға алу керек деп ойлаймын.
Біздің бала күнімізде Наурыз мерекесі ресми тойланбағанымен, ауыл-ауылдарда наурыз көже пісіріліп, ән айтылып, ағаш отырғызылып, аталып өтетін. Сол кезде ауыл қарияларынан ғибратты әңгімелер тыңдайтын едік. Ол уақытта менің әкем мен оның қатарластары, одан да үлкен ақсақалдар қазіргідей саясат айтпайтын еді, шариғат, салт-дәстүр, тарих пен қисса-дастандардан тарқатып әңгіме айтушы еді. Сол кісілердің әңгімесін тыңдап, көптеген жақсы қасиеттерді бойға сіңірдік. Айтайын дегенім, Наурыз мерекесінің жақсы өтуі белгілі бір дәрежеде ақсақалдарға да байланысты деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ, 
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз