Кемшіліктер жойылар емес

Ұлттық сапа орталығы Түркістан облысындағы жол жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін анықтады. Бұл туралы орталықтың облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолдаған мәлімдемесінде айтылған. 

Атап айтар болсақ, өңірімізде жол жөндеу жұмыстарын жүргізген 2 мердігер компания мен 2 техникалық қадағалаушы тұлға заң алдында жауапқа тартылды. Жалпы, 2 компаниядан 
6 млн. теңге көлемінде, техника қадағалаушы азаматтың әрқайсысынан 600 мың теңге есебінде айыппұл өндірілмек.
Ұлттық сапа орталығы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметінің хабарлағанындай, аудандық және калалық маңызы бар жолдарда ақау көп. Былтыр 500 трасса құрылысы тексерістен өтіп, 1222 сынама алынған. Оның 254-і ғана нормаға сай деп танылды. Тексеру кезінде жұмысында олқылықтар анықталған мердігер компаниялар 8 млн. теңгеге қайта өңдеу жұмыстарын жүргізді. Алайда, кемшіліктердің бәрі бірдей түзеліп кеткен жоқ.
Сонымен қатар, Ұлттық сапа орталығы облыстық маңызы бар 27 жолдың құрылысын тексеруден өткізді. Тексеру барысында алынған 943 сынаманың 37 пайызы нормаға сай емес деп танылды. 
Мердігерлер қайта калпына келтіру жұмыстарын өз қаржысы есебінен жүргізді. Жалпы шығын көлемі – 323,2 млн. теңгені құрайды.

Айшабибі КӨШЕМАН,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз