Балық өсіруге басымдық беріледі

Облыста соңғы жылдары балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан  бұл салаға кең қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітіліп, 10 жыл ішінде өңірде тауарлық балық өсіру көлемін арттыру көзделген. 

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі елді мекендерде балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта балық шаруашылығын облыстағы жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр. Балық өсіруді үйрететін мектепке өңір кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары. Мәселен, жақында саурандық кәсіпкерлер Шардараға барып, балық шаруашылығын дамыту жолдарын үйреніп қайтты. Олар Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік  кооперативіне арнайы барып, 5 күн бойы балықты өсіру, қолдан ұрықтандыру әдістерін үйренді. 
Өткен жылы облыста балық шаруашылығын дамыту, жас кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында  «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форум ұйымдастырылды. Форумда балық шаруашылығы ассоциациясын құру бойынша қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жаңадан құрылған қауымдастық облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетпек. Алдағы уақытта балық шаруашылығы өңірдегі жүздеген отбасының күнкөріс көзіне айналмақ. 

А.ЖАХИЯ.
Пікір қалдырыңыз