Ащы судың ауыр зардабы

Алкоголизмнен туындайтын қылмыстың санын естігенде, еріксіз жағаңды ұстайсың. Бұл дерт соңғы жылдары әсіресе, Еуропа мен Орта Азия елдерінде қатты белең алып барады. Еліміз де бұдан құралақан емес. Қазақстан ішімдікке тәуелді елдердің алғашқы ондығына кіреді. 

Ресми мәліметтерге сенсек, елімізде алкогольге тәуелділігі бар 90 608 адам тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын ішімдіктің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы ер адамдар. Зерттеу қорытындысы бойынша ер адамдардың алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді құраса, әйелдер тұтынатын ішімдіктің көлемі 9 литрдің айналасында. Өкінішке қарай, осы көрсеткіштің өзі Қазақстанның алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары екендігін көрсетеді. Көп жағдайда жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан туындайтын өлім, улану, суға бату және тағы басқа да сыртқы себептерден болатын өлім-жітімдерге алкогольді ішімдіктер себеп болып жатады. 
Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдері қоғам өзегіне түскен осы дертпен барынша күресіп келеді. Қазақстанда да ішімдікке қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі. Былтыр құқық қорғау органдарының қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында дүкендер мен сауда нүктелеріне тексерулер жүргізді. Соның нәтижесінде заңсыз шығарылған ішімдіктер тәркіленіп, көлеңкелі бизнеспен айналысып жүргендердің жолы кесілді.
Маскүнемдікке салынғандарды туыстарының өтінішімен немесе соттың арнайы шешімімен құзырлы органдар еріксіз емделуге жіберіп жатады. Ондағы емнің бәрі тегін жүргізілетінін ескерсек, мұның өзі мемлекет қоржынына қаншалықты салмақ салып жатқанын аңғару қиын емес. Өкінішке қарай, бірнеше рет айлық емдеу курсынан өтетіндердің бәрі бірдей ащы судан біржолата бас тартып кетпейді. Ауруханадан шыға сала қайтадан үйреншікті әдетіне басатындар көп. Санасына сіңіп қалған ішімдікке деген тәуелділік емделіп шыққаннан кейін де оларды еріксіз маскүнемдікке қайта түсіріп жатады. Арақтың аса бір ауыр залалы – адамдарды қылмыс жасауға итермелейтіндігі. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың дені ащы судың кесірінен жасалады. Ішімдікке сылқия тойып алған адамның көлікке отыруының соңы апатқа ұшыратады. Құлқыны үшін ұрлыққа баратындар да аз емес. Мәселен, өткен жылдың соңында Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті бір тұрғын аккумулятор ұрлығы бойынша арызданады. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу күндізгі уақытта оның «AUDI 100» маркалы көлігінен аккумуляторын жымқырып кеткен. Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, күдіктіні бір тәулік ішінде анықтады. Ол жәбірленушінің 26 жастағы жұмыссыз көршісі болып шыққан. Анықтау барысында  белгілі болғанындай, күдікті ер адам бөтеннің мүлкін араққа айырбастап жіберген. Бүгінде тәртіп сақшылары қолды болған аккумуляторды тәркілеп, оны иесіне қайтарып, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 
Әрине, маскүнем ата-ананың жүгенсіздігінен үйдегі баласы зардап шегеді. Ондай мысалдар айналамызда жетіп артылады. Араққұмар әке-шешеден әрдайым сау бала туа бермейді. Тіпті, отбасының әлеуметтік жағдайы мен материалдық құндылықтары да баланың алкоголизмнен алшақ болуына кепіл бола алмайды. Жақсы тұрмысқа қарамастан, олар маскүнем құрдастарының ықпалымен ішімдіктің кез келген түрін қолдана алады. Бала дамуының осы кезеңінде достары ата-ана ықпалынан да көбірек әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде ата-ана баланы ұдайы бақылауда ұстап, сыртқы факторлардан қорғауы тиіс.
Ата-аналардың өздері де балаларына үлкен мысал бола алады. Егер ата-анасы ішімдіктен бас тарта алмаса, шулы отырыстарды жақсы көрсе, балада «нағыз демалыс осы екен» деген тұрақты стереотип қалыптасады. Есейген кезде ол осы әдіспен демала бастайды. Ал, ата-аналарға баласына мұның дұрыс емес екенін түсіндіру қиын. Сондай-ақ, біздің жағдайымызда «бала үшін бәрін жасау» деген ұғым көбінесе материалдық мәселелерді шешуде ғана қолданылады. Ал, оның психологиялық, эмоциялық жай-күйі ешкімді алаңдатпайды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің азаймай тұрғанына да осы факторлар себеп.
Сарапшылар 18 жасқа дейінгі жастар алкоголь ішпеуі керек деп санайды. Себебі, адам өз өмірінде алкоголь дәмін неғұрлым кеш татса, соғұрлым өзіне жақсы. Ғылыми зерттеулер спирттік ішімдікпен ерте әуестенген баланың келешекте алкоголизм ауруына душар болатынын әлдеқашан дәлелдеген.  
Жағымды жаңалықтар да жоқ емес, бүгінде өңірімізде ішімдіктен, шылымнан бас тартқан ауылдар көбейіп келеді. Салауатты өмір салтын ұстанатын елді мекендерде денсаулыққа зиянды өнімдер мүлде сатылмайды. Бұл ауыл ақсақалдарының бастамасы. Айталық, Төлеби ауданы, Қоғалы ауылында соңғы уақытта бірде-бір қылмыс дерегі тіркелмеген. Ажырасатындар да некен-саяқ. Былтыр аймақтық байқауда бұл ауыл «Үлгілі  елді мекен» атанды. Облыста кейінгі алты жылда темекі мен алкоголь тұтынбайтын ауыл саны 12-ге жеткен. Келген қонақтардың өзі ауылдың жазылмаған заңына бағынады. Өйткені, жергілікті дүкендерде, спирттік ішімдіктер мен темекіге сұраныс жоқ. Қоғалы ауылы тұрғындарының айтуынша, олар табиғат аясында тұрғаннан кейін денсаулықтарын зиянды заттармен улағылары келмейді екен. Үлкендердің шешімі бойынша дүкендерде тек тұрмысқа қажетті заттар, азық-түліктер ғана сатылады. Алкогольді ішімдіктер және темекі мүлдем сатылмайды. 
Әрине, осындай ауылдардың көбеюі бәрімізді қуантады. Әрбір азамат зайырлы қоғамның белді бір мүшесіне айналу үшін алдымен ішімдік пен жаман әдеттерден түбегейлі бас тартқаны абзал.

Тоғжан ЗЕБЕРХАНОВА.
Пікір қалдырыңыз