«Жер бетінде махаббатқа қарсы тұрар күш жоқ»

Жанахмет АҒЫБАЕВ, 

«TURKISTAN» телеарнасының директоры:


Жақында облыстық «TURKISTAN» телеарнасының алтын қоры жаңа туындымен толықты. Үш бөлімнен тұратын телесериалдың қысқартылған нұсқасы қазір Түркістан мен Шымкент қалаларындағы кинотеатрларда көрсетілуде. Өн бойынан образдарды ашуға ұмтылу, тың сюжет, жарқын ізденіс байқалған «Кәріс келін» фильмін біз де барып көріп, ізін ала аталмыш телеарна директоры Жанахмет АҒЫБАЕВТЫ әңгімеге тарттық.

– Телеарна қызметкерлерінің кино түсірсек деген идея тастап, ұсыныс айтқанына біршама уақыт болды. Оның ішінде көрерменнің жан дүниесін баурап алатындай туындыны жарыққа шығару туралы ой бізді көп мазалады. 

Кәріс қызы Суджиннің Оңтүстік Кореяда 5 жыл жұмыс істеген сүйіктісі Сәкенді Қазақстанға іздеп келіп, қазақ отбасына келін болып түскені туралы телеарна тілшілері кезінде хабар дайындаған болатын. Осы жаңалық әлеуметтік желіде көп қаралым жинады. Міне, содан кейін көрерменнің таңдауы мен талғамын ескеріп, осы сюжетке тоқтадық. 

Фильмде өздеріңіз көргендей, Түлкібас ауданына келін болып түскен Суджиннің бастан өткерген оқиғалары баяндалады. Ол Сәкенмен Сеул қаласындағы асханалардың бірінде танысады. Кездесіп жүріп бір-біріне ғашық болып, сөз байласады. Алайда, Сәкен аяқ асты депортацияға ұшырап, оған елге кері қайтуға тура келеді. Арада едәуір уақыт өткенде Суджин сүйіктісін іздеп Қазақстанға өзі келеді.  

Жер бетінде махаббатқа қарсы тұрар күш жоқ. Дегенмен, қандай жағдай болмасын қазақ отбасындағы құндылық, ұстаным, салт-дәстүр, адамдардың бір-біріне деген құрметі сақталуы керек. Сонымен қатар, Түркістан қаласының облыс орталығы болғанынан кейінгі келбеті мен өңіріміздің әсем табиғатын да экранға алып шығуды мақсат еттік. Өлкемізде киелі орындар, қасиетті жерлер көп. Олардың бәрін бірдей көрсете алмасымыз анық. Сондықтан фильмді басты кейіпкерлеріміз Сәкен мен Суджин өмір сүріп жатқан Түлкібас ауданында таспалаймыз дегенбіз. Алайда, локацияға (яғни, мұнда көрінісі әсем жерлердің аз болуына) байланысты түсірілім жұмыстары Төлеби ауданында жүргізілді.  

Біз Сәкен мен Суджиннің махаббатын кино тілімен жеткізуге тырыстық. Меніңше, туындыны көрермен жақсы қабылдады. Ең бастысы, олар ғашықтардың жан дүниесін түсінді деп ойлаймын.  

– Басты рөлдерді «Кәріс келін» сериалының шынайы өмірдегі кейіпкерлері сомдады ма?  

– Иә, біз де басты рөлдерді шынайы өмірдегі кейіпкерлеріміз Сәкен мен Суджиннің өзі сомдаса деп ойлағанбыз. Осы жерде айта кетейін, фильмді түсірмес бұрын Сәкеннің ата-әжесіне барып, сол кісілердің рұқсатын алдық. Содан кейін қос ғашықты кастингке шақырдық. Бірақ, бұл жауапкершілігі мол рөл болғандықтан, режиссер Сардор Расуловтың таңдауы жас актерлер – Асылан Қайыпжан мен Жұлдыз Мұратқа түсті. Қалған рөлдерді өңіріміздегі белгілі театр актерлері мен кино жұлдыздары, телеарна қызметкерлері сомдады. Солардың ішінде бұл марқұм Марат Оразметовтің соңғы түскен фильмі болды. Ол Сәкеннің әкесінің рөлін ойнаған болатын.   

Әрине, кез-келген фильм көрерменнің үлкен-кішісіне қарамай талғамынан шығуы тиіс. Осы жағынан келгенде біз режиссердің шешімін дұрыс көрдік. 

– Кино мен телеарна екеуі екі түрлі сала ғой. Қиындықтар болды ма? 

– Болғанда қандай! «Сериал түсіреміз» деп іске кіріскенімізде қуанышымыздан гөрі, уайымымыз басым болды. Өйткені, бұл жұмысты телеарнадағы күндегі қарбалас тірлікпен қатар алып жүру керек еді. Біз режиссер мен операторларды ғана сырттан шақырдық. Қалған шаруаның бәрін телеарна қызметкерлері өздері істеді. Тіпті, сценарийін де өзіміз жазып шықтық. Осы қиындықтың бәрінен сүрінбей өттік деп ойлаймын.

Ең бастысы, бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Кез келген телеарна фильмді таспалай алмайды. Өйткені, оған үлкен дайындық керек. Соңғы уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасы ғана көрермен аудиториясына өздерінің төл туындыларын ұсынып жүр. Осы қатарға қосылу біз үшін үлкен мәртебе. 

Бұйыртса, алдағы уақытта жылына 5-6 фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Расында, кино түсіру телеарнаның міндетіне кірмейді. Оның бағыты басқа. Сондықтан жаңа жобаларға кіріспес бұрын тек кино түсірумен айналысатын арнайы бөлім ашпақпыз. Алғашқы қадамымыз көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Қоғам үшін пайдалы, жастарға үлгі-өнеге көрсететін телесериалдарды көбейтуге әлі де күш салатын боламыз.

– Жаңа сериалды телеарна көрермендері қашан тамашалай алады? 

– Айта кетейін, бұл фильм коммерциялық туынды емес. Дегенмен, сарапшылар тырнақалды туындымызға жақсы баға беріп, оның қысқартылған нұсқасын кинотеатрларда көрсетуге болатынын айтқан-ды. Бұл пікір көңілге қонып, солай шешім қабылдадық. 

Кинотеатрлардағы көрсетілім 31 наурызға дейін жалғасатын болады. Өңіріміздегі аудан, қалалардағы Мәдениет үйлерінің басшыларымен сөйлесіп, ауыл тұрғындарының да назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Ал, сәуір айынан бастап көрермендер сериалды біздің телеарнамыздан тамашалай алады.   

– Ендеше, телеарнаның жауһарына айналар төл туындыларыңыз толастамасын! Бұдан да өзге көңіл тоғайтар тың идеяларды іске асыра берулеріңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан 

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».


Пікір қалдырыңыз