Черногориядан алтынмен оралды
Черногорияда бокстан жастар арасында 22 мемлекеттің қатысуымен әлем кубогі бәсекесі өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған түркістандық жас былғары қолғап шеберлері олжалы оралды. Атап айтсақ, 67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан мен 75 келідегі Шұғыла Нәлібай елге алтын жүлдемен оралды.
Қос жеңімпаз да Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. Аталған спорт мектебінен әлем кубогіне 3 спортшы қатысып, екеуі алтын жүлдемен оралды. Тартысты жекпе-жектер нәтижесінде Төрехан Сабырхан турнирдің «Ең үздік боксшысы» номинациясына ие болды.
Сонымен қатар, таяуда Таразда бокстан жасөспірімдер арасында ҚР аймақтық біріншілігі аяқталды. Біріншілікке Түркістан облысының №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен 9 спортшы қатысып, олар елге 4 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен оралды. Атап айтсақ, 35 келіде Аян Жандосұлы топ жарса, 37 келіде Аңсар Үсенхан, 40 келіде Жұмағали Нұрмахан, 70 келіден ауыр салмақта Жәдігер Мүсірәлі жеңімпаз атанды. Қуаныш Қалымбет пен Әділет Ералы күміс, ал, Ескендір Молдаш қола медальға ие болды.