Төлебилік шәкірттің жаңалығы үлкендердің де назарын аударып отыр
Бүгінде елімізде балаларға қарсы буллинг өте өзекті проблема болып тұр. Еліміз бойынша 11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болатын көрінеді.
Қазіргі таңда буллинг әлем мектептерінде де кеңінен таралып отыр. Осы өзекті мәселеге назар аударып, буллингпен күреске өз үлесін қосуды мақсат еткен Леңгір қаласындағы №5 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Марк Ринк жаңа жобаны қолға алды. Ол 2-7-сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарына арналған «Зерде» конкурсының аудандық және облыстық кезеңдеріне «Stop, bullying» мобильді қосымшасы» атты жобасын қорғап, нәтижесінде бұл өнертабыс жүлделі орын иеленді.
Марктың аталмыш қосымшасы оқушылардың буллинг туралы хабарламаларын анонимді түрде жолдауға мүмкіндік береді. Мұндай хабарламаны алған мектеп психологы, сынып жетекшісі буллингтің алдын алу бойынша шара қолданып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Қазіргі кезде біраз оқушы басқа оқушылармен қарым-қатынас жасау процесінде буллингке ұшырап жатады. Сөйтіп, буллингке тап болғандар жария болып кетуден қорқып, осы жағдай туралы қасындағыларға айта бермейді. Бүгінгі таңда барлық дерлік оқушының қалта телефоны бар. Олар телефондарына жүктелген менің мобильді қосымшам арқылы жасырын түрде ересектердің электронды почтасы мен Telegram-каналына буллинг туралы хабарламаны жолдай алады. Осылайша, үлкендердің назарын буллингке дер кезінде аударып, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады, – дейді Марк.
Жас өнертапқыш «Stop, bullying» мобильді қосымшасын аталған мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі Ольга Александровнаның жетекшілік етуімен жасаған.
Әлия Құралбек,
ҚазҰУ-дің 4-курс студенті.