Ордабасыда «COVORKING» орталығы ашылды
Ордабасы ауданындағы Қ.Бектаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Кітапхана жұмысына заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинар мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін әдіс-тәсілдер арқылы кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, заманауи технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған.
Семинарға облыстық әдістемелік білім беруді дамыту орталығының, Отырар, Бәйдібек аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, кітапханашылар қатысты.
Іс-шара шеңберінде «Заманауи кітапханашының рөлі, жаңа дағдылар мен жасанды интеллект құралдары», «Әлем ертегілері және оның бала қабілетін дамытуға әсері», «Кітапхана саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың тиімді жолдары» және «Заманауи кітапхананың жаңа келбеті – жасанды интеллект қалыптастырудың жаңа форматы» атты тақырыптарда түрлі сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар іс-шара аясында заманауи үлгіде «Covorking» орталығы ашылды.
Заманауи үлгіде ашылған орталықта балалар интернет желісі арқылы керекті материалдарымен жұмыс істеу, бастауыш сынып оқушылары анимациялық фильмдер көру, ертегілер оқу арқылы бос уақыттарын тиімді пайдалана алады. Кітапханада ертегі, классикалық көркем әдеби кітаптар қоры жетерлік.
Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.