Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз»

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар еліне ресми сапармен барған болатын. «Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді» деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қатарға алғашқы мемлекеттік сапары кезінде қонақжайлық көрсеткені үшін Әмір Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңестің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті. Мемлекет басшысы Қатардың 2021 жылы заң шығарушы органға алғаш сайлау өткізгенін атап өтіп, бұл шешімнің маңызы зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, аталған бастама Қатардың өркендеуіне ықпал етіп, халықаралық беделін нығайтады. 
– Бүгінде Қатар – озық және қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен, сондай-ақ белсенді әрі бейбіт сыртқы саясатымен танымал. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен сіздердің еліңіз үлкен жетістіктерге жетті. Қатар өзінің қуатты экономикасын және өркендеген қоғамын мақтан тұтуына болады. Біз бұл мемлекеттің «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасын жоғары бағалаймыз. Мен қатарлық достарымызға осы игі миссияны жүзеге асыру жолында сәттілік тілеймін. Осыған байланысты Консультативтік Кеңес ауқымды реформаларға аса маңызды заңнамалық қолдау көрсетеді және негізгі ішкі процестерді қадағалап отырады, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігі, заң үстемдігі, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген «Әділетті Қазақстанды» құру жөнінде айтты. 2022 жылы еліміздің саяси жүйесін кең көлемде жаңғырту үдерісі басталды. 
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Қатар берік достық байланыстарға, ортақ құндылықтарға және өзара қолдауға негізделген сенімді серіктестік қатынастарды құптайды. 
– Осы уақытқа дейін біз экономиканың түрлі бағытында, соның ішінде энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларында көптеген бірлескен жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта Қатардың Қазақ­стандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуына мүмкіндік мол. Әмірмен кездесуде біз сауда көлемін ұлғайту жөнінде алдымызға жаңа мақсат қойдық. Мұнай мен газды барлау саласы да өте перспективті бағыт саналады. Біз маңызды геологиялық жаңалықтарға ықпал ететін озық әлемдік тәжірибелерді меңгеру үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы халықаралық мәселелерге де ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстар мен қайшылықтардың, терроризмнің, төтенше климаттық жағдайдың жаһандық күн тәртібінен түспей тұрғанын әрі бұл дүние жүзінің қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіретінін мойындау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық қауіп-қатер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарының бір мезгілде бұзылуынан туындайды. 
Мемлекет басшысы Қатардың бітімгерлік рөліне және әлемдегі көптеген жанжалды, соның ішіндегі Палестинадағы жағдайды реттеуді көздеген мәмілегерлік әрекеттеріне жоғары баға берді. 
Президенттің пікірінше, Орталық Азия қазір өз тарихындағы бетбұрыс кезеңін өткеріп жатыр. Өңірдегі саяси және экономикалық байланыстар едәуір жандана түсті.
– Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз. Ежелгі заманнан бері өркениеттердің дамуында маңызды рөл атқарған бұл өлке қазір де, келешекте де бірегей мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте біз Қатармен кең ауқымды серіктестікті дамытуға ерекше мән береміз. Былтыр Жидда қаласында өткен «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммиті елдеріміздің өңірішілік ынтымақтастықты дамытуға ұмтылатынын көрсетті. Жоғары деңгейдегі осы кездесудің нәтижелері саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі күшейтіп, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты, халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы тұрақты даму талпыныстарын қолдауға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік Кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде серіктестіктерімен және бақылаушыларымен, соның ішінде Қатармен диалог жөніндегі ықпалдастықты жандандыра түсуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Президент климаттың өзгеруі және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелердің орындалу барысына тоқталды. 
– Маусым айында 2-ші Астана халықаралық форумын өткіземіз. Тақырыбы – «Баянды болашақты бірге құрайық». Бұл алаң климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді көптеген өзекті проблеманы шешу үшін күш біріктіруге ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Франция Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында One Water салалық саммитіне тең төраға болмақ. Сонымен қатар Астана 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуге ниетті. Бұл да маңызды. Климат проблемасын осындай ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана шешуге болады, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, жиында Қатар Мемлекеті Консультативтік Кеңесінің төрағасы Хасан бен Абдулла Әл Ганима сөз сөйледі.
Пікір қалдырыңыз