Нағыз бақытты адам

«Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» дегендей, мына өмірде өнер адамы ретінде көптеген жақсы адамдардың шапағатын көрдім. Солардың көбісі бұл күнде менің тілекшіме, отбасылық досыма айналып кетті. Олардың арасында Үкімет басқарған премьер де, облыс, қала әкімдері де, Мәжіліс депутаттарымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиктер, ақын-жазушылар, әншілер мен композиторлар да бар.

Солардың ішінде бір анадан тумасақ та туғанымдай болып, тонның ішкі бауындай араласып кеткен, азаматтық болмысымен де, адамдық адал қасиетімен де ерекшеленіп тұратын апайтөс, аяулы, абзал жандардың бірі де бірегейі, дос-ағам – Күмісбек Ахметов.

Уақыт зымырап өтіп барады. «Ауылға барып, әке-шешемнің ескі үйінің орнына үй салсам ба екен?» деген екіұдай күйде жүргенімде үкілі үмітіме сенім ұялатып, үй құрылысын жүргізуге жер телімін берген де Күмекең болатын. Сол бір керемет күндерден кейін де 10 жылдан астам уақыт зымырап өте шығыпты-ау. Қарашаңыраққа зәулім үй салып, отбасыммен ауылға көшіп келіп, бала-шағамды ауылдағы мектепке оқытып, мәңгілік сағынышым, арманым болған әке-шешемнің үйінің түтіні түзу шығуына ие болып, елдің алғысын алып, марқайып жүрсем, осының бәрі де Күмекеңнің қолдауының арқасы. Егер де менің барлық игі бастамаларыма сенім артып, қанат бітірер Күмісбектей аға-досым болмағанда, кіндік кескен жерім Тасқұдық ауылына мүлдем көшіп келмеген де болар едім...

Әңгіменің әлқиссасын ол кісінің еңбек жолынан бастасам деймін. 1960 жылдың 25 қаңтарында Арыс ауданына қарасты Бөген ауылында дүниеге келген Күмісбек Бейісбекұлы ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен соң, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап коммуналдық мекеменің механигі, кеңшар  бөлімшесінде есепші болып жұмыс істеді. Ал, 1990 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын «зооинженер» мамандығы бойынша бітірген соң Қызылжар бөлімшесінің зоотехнигі болып қызмет атқарды. Өзіне жүктелген тапсырмаларды тиянақты атқарып, кәсіби маман ретінде сенімге ие болған Күмісбек Ахметов адал еңбегінің арқасында қызмет баспалдағында сатылап өсе бастады. Алдымен Бәйдібек ауданындағы «Жамбыл» өндірістік кооперативі тексеру комиссиясының төрағасы, сосын «Шапағат» ЖШС-нің директоры қызметіне көтерілді. Кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, бел шешіп, білек сыбана кірісіп кететін іскерлік қасиеті Күмісбек аға-досыма көп пайдасын тигізді. «Шаян» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастығы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Осы жауапты қызметтерді атқара жүріп, Күмісбек Ахметов аудан халқына ұйымдастырушылық қабілетімен, ізденімпаздық қасиетімен, тиянақтылығымен танылып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбек сіңірді.

«Көзіммен көрдім, әйтпесе, жұртқа сенбес ем» деп Фариза ақын жырлағандай, Күмісбек аға-досымның игі істердің бастамашысы екендігіне талай рет көзім жетті. Бірде Күмісбек Ахметов осы Бәйдібек ауданындағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі болып тұрғанда округ аумағынан суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін су қоймасын салу қажеттілігі жөнінде өз ойымен бөлісті. Мүмкіндік туып жатса, ұсынысын облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жеткізуімді өтінді. Істі бастамас бұрын алдымен аудан әкімі Әбдімүтәліп Көбеевпен ақылдасып, ауызша келісімін алдық. Сол сәттен бастап Шаян өзенінің бойынан су қоймасын салу үшін ыңғайлы жерді шарқ ұрып іздегеніміз әлі күнге дейін есімде. Жамбыл ауылының тұсынан өзенді жағалай отырып, Тасқұдық ауылына баратын тасжолға дейін бірнеше жерді зерттеп, зерделедік. Су қоймасына ыңғайлы-ау деген жерді іздеп тапқандай боламыз. Бірақ, ол маңайдан ескі қорымдардың орны шыға келеді. Халық үшін жұмыс істеп жатқанымызды іштей сезсек те, қорымның үстінен тоған орнатуға, мұсылман баласы болғаннан соң, дәтіміз жібермеді. О баста мол су жиналады-ау деген иірімдерді картаға түсіріп, жиналатын су көлемін жобалағандай болдық. Ұсынысымыз облыс әкімі Асқар Мырзахметовке дейін жетті. Шаян өзенінің бойынан су қоймасын салу үшін біз ұсынған үш жер де талапқа сай болып шықты. Бірақ, Асқар Исабекұлы «жалпы шығынның көлемі 1 миллиард теңгеден аспасын» деген  соң, амалсыздан 3 миллион текше метрге ыңғайластырылған қазіргі су қоймасының орнына тоқталдық. Алғашқы жобада су қоймасына бөлінетін қаржы 688 миллион теңгені құраса, Тасарыққа қосымша 266 миллион теңгені құрайтын лоток жобасы да жасалды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын ыждағаттылығы мен ерік-жігеріне сол сәттерде ерекше таң қалдым. Осы жауапты да сауапты жұмыстың уақтылы, белгіленген мерзімде аяқталуы ауыл әкімі Күмісбек Ахметовтің табандылығының арқасында жүзеге асты. «Жамбыл» су қоймасын халық бұл күнде өз игілігіне жаратып келеді.

Күмекең өз саласында аудан, облыс көлемінде көшбасшылық қасиетімен биік белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жете білді. 

47 жылдық еңбек өтілінің 31 жылын мемлекеттік қызметке арнаған Күмісбек Бейісбекұлы 2021 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Ал, 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрметті ардагер» медалімен марапатталды. Күмісбек Ахметов басқарған ұжым соңғы бес жылдықта облыс көлемінде үздік үштіктен көріне білді. Атап айтқанда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша облыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту көрсеткіштерін орындаудан аудандар арасында І орын, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ІІІ орын,  ал, 2022 жылдың қорытындысымен осы көрсеткіштер бойынша ІІ орынды иеленді. Көп жылғы қажырлы еңбегі еленіп, аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығына сіңірген ерекше еңбегі үшін былтыр «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Сонымен қатар, Күмісбек Ахметов ауыл әкімі кезінде ар-ожданы биік, әділетті басшы ретінде танылды. Оның талантты ұйымдастырушылық қабілетін ауылдастары жоғары бағалап, аудан басшылығы сенім артып, Жамбыл ауылдық округінің әкімі қызметін 3 рет абыроймен атқарды. 15 жыл әкімдік қызметте ел сенімін ақтап, іскерлік қабілетін жан-жақты көрсетті. Әкім ретінде мемлекеттік қызметші елдің айнасы екендігін атқарған ісімен де, қиын сәтте халықтың пайдасына ұтымды шешім қабылдай білуімен де дәлелдей алды.

Күмісбек Ахметов өткен жылы Бәйдібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Еңбек кодексіне сәйкес тәжірибелі маман, білікті басшы екенін ескере отырып, аудан, облыс басшылары ақылдаса келіп, атқарып отырған лауазымын тағы бір жылға ұзартуға шешім қабылдады. 

Бір қызығы, Күмісбек Бейісбекұлы 47 жылдық еңбек өтілінде үш ауылда ғана (Жамбыл, Қызылжар, Шаян) қызмет істеген екен. Осыншама мол тәжірибесі бар кәсіби маман, мемлекеттік қызметші, еңбектің қоңырторысы, қоңыр тіршілікпен аудан көлемінде қалып қойғанын әлі күнге дейін түсінбеймін... Бәлкім, басқа да себебі болған шығар, кім білсін…

Күмісбек Ахметов ағамыз бұл – күнде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі отбасы иесі. Гүлнар жеңгемізбен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 8 немере өсіріп отырған, өзгенің қуанышы мен қайғысын, өз қуаныш-қайғысындай қабылдайтын, елге жақсылық жасаудан жалықпайтын, аузын ашса, жүрегі көрінетін – нағыз бақытты адам!

Күмісбек дос-ағам жайлы жазбамды көрнекті ақын Ибрагим Исаның өлеңімен аяқтағым 

келіп отыр.

...Қоңыр өмір, қоңыр түн, 

                     қоңыр бақыт,

Тіршілікті тереңге 

                    тамырлатып.

Жақсылықпен жүрегін 

                     жалындатып,

Тербейтұғын қашан да 

                      жанын уақыт.

Қоңыр жігіт қоңыр ән, 

                     қоңыр күймен,

Дүниені келеді 

                      қоңырлатып...

Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдде жолында халқыңызға қызмет етуден шаршамаңыз, Күмісбек дос-аға! 


Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ,

композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Пікір қалдырыңыз